Эндоурологиялық операцияларды он жылдан бері жасап келе жатқан дәрігерлер бұған дейін үгіту арқылы қуық пен несепағардағы тастарды ғана алып тастай алатын. Қажетті эндоскопиялық құрылғы болмағандықтан бүйрек астауындағы үлкен тастарды алу мүмкін болмай келген.
Күрделі операцияны жасап шыққан хирург-уролог Жасұлан Әміржановтың айтуынша, енді бүйрекке байланған тасты алу үшін бүйірді бұрынғыдай 20 сантиметр кесіп операция жасау қажет емес. Оны көлемі 8 мм болатын шағын тесік арқылы да алып шығуға мүмкіндік бар.
– Ашық операция жасаған науқас бір айдан кейін, кейде бірнеше айдан кейін ғана оңала бастайды. Кейде кескен жерінің жарасы асқынып кетуі де мүмкін. Ал жаңа тәсілмен жасалған операциядан кейін мұндай тәуекел болмайды. Біз тесікке арнайы эндоскопиялық құрал сұғып, тасты лазермен үгітеміз. Одан кейін дренаждық түтікше орнатып, 2-3 күн өткен соң алып тастаймыз. Операцияны бас-аяғы 40 минуттың ішінде жасап шығамыз. Науқас есін біліп жатады. Бірақ жұлынына аннестезия саламыз, сондықтан біз операция жасап жатқанда ештеңе сезбей қалады, – дейді Жасұлан Әміржанов.
Бұрын мұндай операция жасату үшін науқастар Астанаға немесе Ресейге баратын. Облыстық аурухана дәрігерлері диаметрі 5 мм болатын тағы бір нефроскоптың келуін күтіп отыр. Бұл құрал науқастың операциядан кейінгі оңалу кезеңінде жараның асқынып кету мүмкіндігін азайта түседі.
Урология бөлімінің меңгерушісі Сергей Белоусовтың айтуынша, өңірде жылына 700-ден аса адам урологиялық патологиядан өтеді екен. Олардың 35-40 пайызы – несеп-тас ауруларымен ауыратын науқастар.
Қостанай облысы