Жетісу жайлы әңгіме бастай қалсақ, әуелі тұмса табиғатын, көз тартар көрікті жерлерін тілге тиек етеміз. Ендеше, елдегі экологиялық туризмді тұрақты дамыту үшін жер жәннатының сұлу жерлерін көркейтуіміз шарт. Бұл ретте өңірде өрісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның үстіне Жетісудың табиғи-климаттық жағдайы туризмнің сан түрін өркендетуге қолайлы. Мәселен, рекреациялық, мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорттық, эко және агротуризмді өркендетуге еш кедергі жоқ. Осы орайда облыстық туризм басқармасы қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстарын алдағы жылы да жалғастырмақ ниетте.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алакөл және Рай көлдері жағалауларында, Тамшыбұлақта, «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында және басқа да танымал туристік орындарда шағын сәулеттік формалар, орындықтар, бағыттағыш белгілер қою, абаттандыру бағытындағы басқа да жұмыстар атқарылады. Одан өзге «Сиверс алмасының гүлдеуі», «Алакөл қанаты», «Koksu Water Fest» сияқты танымал фестивальдер түрінде оқиғалы туризмді дамытуға ден қойылмақ.
Бүгінде «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту бағытындағы инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Қазіргі кезде онда шолу алаңы, самалжай, кемпингтер, ақпараттық қалқандар, навигациялық бағыттағыш белгілер, құрғақ әжетхана орнатылған. Визит-орталық салына бастады, ол 2023 жылдың ақпан айында аяқталуға тиіс. Жұмыс аяқталғанда салынған инвестиция көлемі 2 млрд теңге болады деп күтілуде. Жобаның инвесторы мен іске асырушысы – «QazaqGeography» РҚБ мен «Assemtal» ЖШС заңды тұлғалар консорциумы.
Сол сияқты Сарыбұлақ ауылынан «Алтынемелге» дейінгі қиыршық-тас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл ретте 2022 жылдан Шеңгелді-Қапшағай автожолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бүгінде автожолдың 5 шақырымы жөнделді. Осы жылдың наурыз айынан жөндеу жұмыстары қайта жанданады. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркіне көлікпен баруға қолайлы жағдай жасау үшін ұзындығы 20 шақырым болатын «Тополевка-Жалаңаш» автокөлік жолына жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 281 млн теңге. Аяқталу мерзімі – 2023 жылдың қазан айы.
Жоғарыда атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде өңірде Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға бюджеттік тапсырыс дайындалуда. Сонымен бірге Ескелді ауданы мен Текелі қаласы аумақтарындағы «Tekesu Outdoor Сenter» тау шаңғысы курортының іргесін кеңейту жобасын іске асыруға жағдай жасау үшін тау шаңғысы курортына алдағы уақытта шаңғы-биатлон кешенін салуға қажетті инфрақұрылымның құрылысы жөнінде Жол картасы әзірленді.
Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Жетісу облысының туристік әлеуетін ілгерілету үшін қазақстандық және халықаралық туристік көрмелерге, роуд-шоуларға қатысу, отандық және шетелдік туристік компаниялар өкілдеріне арналған В2В форматында воркшоп ұйымдастыру, облыстағы туризм саласы өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-кластар, семинарлар өткізу, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Ескелді аудандарындағы, Текелі қаласындағы туристік локацияларда, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында ақпараттық турлар ұйымдастыру, сол сияқты балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдау, туристік саланы цифрландыру, брендтелген жарнамалық өнімдер дайындау мен шығару жұмыстары жоспарланған.
Жетісу облысы