Шоқан рөлінде біртуар актер Нұрмұхан Жантөрин ойнады. Мұнда Абылай ханның асыл текті ұрпағының өмір жолы барынша қамтылды. Әсіресе кинода ғалымның қамшының сабындай қысқа ғұмырында ерекше із қалдырған Қашқария сапары айшықты көрініс тапқан. Бұған дейін ешбір саяхатшы аяқ баспаған мекенге Шоқан басын қатерге тігіп барып, Қашқар халқының тарихы мен этнографиясын, мәдениетін зерттеп, үлкен еңбек жазды. Осы еңбегі сол кездегі қоғамда үлкен сілкініс туғызды. Біздің айтпағымыз – атақты актер, режиссер Асанәлі Әшімов түсірген «Шоқан Уәлиханов» фильмі. Онда да басты рөлді ойнаған Сағи Әшімов туралы. Бұл туынды көрерменге 1985 жылы жол тартқан.
Кинотанушылар екі фильмнің сюжеттік желісі бір-біріне ұқсағанымен образдарында айырмашылық барын айтады. Мәселен, Сағи сомдаған Шоқан бейнесі шығыс ғалымдарын еске түсіріп, әсіресе оның үстіне киген түрлі костюмдері Ресей офицерінің емес, шығыс ұлыларын көз алдымызға әкелді десе, Жантөрин ойнаған Шоқанның болмысында ұлттық нақыштың басым екенін сөз етеді.
Жалпы, фильмге актерлер лайықты таңдалған. Шоқанның әкесі Шыңғыс сұлтанды Асанәлі Әшімовтің өзі ойнады. Алайда басты рөлді сомдайтын актерді табу біраз қиынға соғады. Осы ретте фильм режиссері Асанәлі ағамыз өз естелігінде: «Шоқанның рөліне кастинг жариялағанбыз. Үміткерлердің бірде-бірі ойдан шықпай біраз уақыт жүріп қалдық. Өзім сыйлайтын Сәбира Майқанованың «Алыстан іздеме. Сағи тұр ғой», деген сөзіне мән берген жоқпын. Өсек сөзден, елдің күбір-сыбырынан қорықтым. Бірде операторлар менің жоқтығымды пайдаланып, Сағиды дайындапты. Аңдап қарасам, мұрты қиылып, Шоқанның өзінен аумай қалыпты. Содан өзім араласқандай болмайын деп, көркемдік кеңестің қарауына жіберіп, Шоқанның рөліне Сағиды бекітті. Түсіру жұмыстарын бірден бастап кеттік», деп жазыпты.
Бұл фильмге Сағи 22 жасында түссе де, оның бойынан көрермендер Шоқанға тән қайсарлық, алғырлық, зеректік, ең ақыры, ақсүйектік қасиетті көре білді. Сөйлегенде екі көзі шоқтай жанып, жарқырап тұрады. Жұртшылық Шоқанды көрмесе де оның бейнесін Сағи арқылы көре білді. Қысқасы, екі тұлғаның табиғатында бір жақындық бар секілді. Айтпақшы, туындының табысты түсірілуіне көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың да ықпалы тиген.
«Фильм Хиуа, Ош, Қытай сапарын сәтті түсіріп, Ленинградқа жол тарттық. Бізге Шоқан заманындағы қала керек. Ленинградтың троллейбус линиялары түсіру жұмысына кедергі келтіретін болды. Романов деген басшы Дінмұхамед Қонаевты таниды екен, Димекеңе сәлемін айтып жүріп Ленинградтың кейбір көшелеріндегі троллейбустың линияларын да өзгертіп берді. Үш сериялы кино дайын болған соң, оны Димекеңнің қарауына ұсындық. Үшінші серия Шоқанның сайлаудан өтпей қалған жерін еститін, даладағы көрінісімен аяқталатын. Кино Димекеңе қатты ұнапты. Алайда Шоқанның Алматы өңіріне келген кезі, Тезек төренің ауылындағы кезеңі суреттелмей қалыпты. Ақыры бастаған соң, біржолата жақсы дүние етіп жасаған жөн ғой деген пікірін білдіріпті. Содан 1985 жылы, Шоқанның туғанына 150 жыл толу мерейтойына орайластырып, фильмнің төртінші сериясын жасауды қолға алдық. Сөйтіп, 1983 жылы тапсыруға тиіс фильмді 1985 жылы ұсындық», дейді режиссер естелігінде. Фильмге атақты ғалым, Шоқан туралы іргелі еңбек жазған Әлкей Марғұлан кеңесші болды.
Асанәлі Әшімов бір сұхбатында осы киноны түсіру туралы ұсыныс жасағанда келісімін бірден бермей, біраз ойланғанын айтыпты. «Өйткені Шоқан жайлы әуелде Мәжит Бегалин түсіріп, Нұрмұхан Жантөрин сомдаған Шоқанның бейнесі қандай?! Кейіннен ойланып қарасам, Шоқан тұлғасы уақыт өте жаңғырып отырады екен. Уақыт өте халқы оны жаңа қырынан тани түседі екен. Бәлкім, алдағы болашақта жастар шығып, біздің Шоқан мынау деп, тағы бір фильм түсірер, ал менің түсіргенім, менің Шоқаным еді…».
Фильмде айшықты детальдар мен елең еткізер сюжеттер жетерлік. Әсіресе Шоқанның аға сұлтандыққа түсіп, сайлаудан өтпей қалған кезінде әкесі Шыңғыспен далада ат үстінде кездесуі – жүректі шым еткізеді. Осы бір қас-қағым көрініске қазақтың бар болмысы сыйып тұр.
Қорыта айтқанда, отыз жас ғұмыр кешсе де өмірде өнегелі із қалдырған Шоқан Уәлихановтың аты ғасырдан-ғасырға жалғасып, мәңгілікпен ұштасып кетті. Оны фильмде көркем сомдаған Сағи Әшімовтің бейнесіне әлі талай сан ұрпақ таңырқап қарайтыны анық.