Тарих • 29 Қаңтар, 2023

Әннің түпнұсқа аты – «Қаракөз»

448 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мен Зеберше туралы жазылған естеліктер мен эсселерді түрлі басылым беттерінен көріп қаламын. Мысалы, 2002 жылы Оңтүстік өңіріндегі аудандық «Мақтаарал» газетінде жарияланған Ө.Еркебайұлының «Сүйгенім менің қалада», 2014 жылы шілде айындағы «Жас Алаш» газетінде белгілі журналист Кемелбек Шаматайдың «Ән авторының есімі – Зеберше», басылымдағы Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Жомарт Игіманның «Зеберше Оспанованың өзі жоқ болса да, көзі бар» атты мақаласы әлі есімде.

Әннің түпнұсқа аты – «Қаракөз»

Осы жуырда ғана белгілі сатирик, журналист Сабыр­бек Олжабайдың: облыстық «Оң­түстік Қазақстан» газетінде жа­рық көрген «Селдей сезім немесе «Қаракөз» әнінің авторы туралы үзік сыр» деп аталатын ма­қаласын оқып, көңілім тағы да бір тояттап қалды. Мақала Зебер­шенің өнер әлеміндегі өмірі туралы жан-жақты әрі ұғынықты жазылған. Сондықтан да болар, бұл мақаланы тәптіштеп оқыған, әсіресе жергілікті оқырмандар маған: «Көрдіңіз бе аға, оқыдыңыз ба, жерлесіміз Зеберше апай туралы жақсы жазыпты», деп телефон соғып, тіпті сол мақала шыққан газетті әкеліп көрсетушілердің де қатары көп болды.

Байқаймын, осы хабарлас­қан­дардың сөз астарынан мен: «Сіз неге үндемейсіз, ал сырттағылар болса жарыса жазып жатыр. Жоқ, әлде өз жерлесіңіз Зеберше жайында ешнәрсе білмейтін бе едіңіз?» деген сияқты сыр ұққандай болдым.

Зеберше Оспанова қазіргі Бәй­дібек ауданның Тасқұдық елді мекенінде 1940 жылы дүние­ге келіп, балалық шағының ал­ғаш­қы мөп-мөлдір кезеңін сол жер­де өткізді. Менің мұны айтып отыруым­ның себебі, қайбір жылы осы «Оңтүстік Қазақстан» газе­тінде бір журналистің «Зебер­ше Же­тісайдың тумасы» деген­ге келтіріп мақала жазғаны бар. Біз оны аяқсыз қалдырған жоқ­пыз, өз сөзімізді айтып, әлгі қа­лам­герді райынан қайтарып ал­ғанбыз. Өйткені біз Зебершені жас кезімізден жақ­сы білеміз. Оның үстіне Зебер­шенің ағасы Сапарәліні мен ке­ңестік дәуір кезінде жер-жерде құ­рылып, тамырын кеңінен жая баста­ған қой өсіруші комсомол жас­тар бригадасының жетекшісі ре­тінде жете танитын болсам, ал Зебершенің інісі Оразәлімен аудан­дық комсомол комитетінде бірге қызмет еттік. Марқұм, екеуі де бір сыдырғы, еңбекшіл, ақкөңіл ашық мінезді, жақсы жігіттер еді.

Айта кету керек, тасқұдық­тық Оспан Мәкеевтің ұл-қыздары ше­тінен өнерпаз еді. Әлгі Сапарәлі мен Оразәлінің баянда еркін ойнап, шырқай салған әнін естіген жұрттың көңілі бір серпіліп қа­латын. Марқұм Оразәлінің жұ­ба­йы, қарындасымыз Жақуда екеуі өмі­рінің соңына дейін қосылып ән шырқап, той-томалақтың сәнін келтіріп жүрді.

Тасқұдық жеті жылдық мек­тебінен соң оқуды аудан орта­лығындағы Шаян орта мектебінде жалғастырып, 1957 жылы орта білім алып шыққан Зеберше Оспа­нова өзі туып-өскен Тасқұдық ауылына келіп кітапхана мең­геру­шісі болды. Мектеп қабырға­сын­да әбден ән шырқап, өнер­ге бірша­ма төселіп қалған Зебер­ше енді ауылдағы өнерлі жастар­дың басын біріктіріп, көр­кем­өнер­паздар үйірмесін құрды да, өзі оған жетекшілік жасады. Ауылдағы бір ғана орыс ұлты отбасындағы өз қатарлы құрбы қызы Любадан бірінші гитара тартуды, одан соң ол Совет, Әлма­хан, Тоқтасын, Сайрамбай, Күміс­бек пен Жанат сияқты өнерлі ағаларынан домбыра, баян тартуды үйренеді. Осындай жан-жақты өнерлі қыздың даңқын ес­тіген аудандық мәдениет бөлімі Зеберше Оспанованы шақырып алып, автоклуб меңгерушісі етіп қабылдады. Бұл 1959 жылы еді. Сонда істеп жүрген Зеберше Шаян халық театрының іргетасын қа­лыптастыруға да өзінің сүбелі үлесін қосты. Осындай үлкен, өнер­лі ұжымының ортасында жү­ріп 1960 жылы өзінің халық сүйіп орындайтын, «Сүйгенім менің қалада» деп аталып жүр­ген «Қаракөз» әнін шығарып, кө­рермен қауымға кеңінен танылды.

Мәдениет бөлімінен соң, яғни 1965 жылдан бастап Зеберше Ос­панова біраз жыл аудан орта­лығындағы балабақшада мең­геруші болып істеді. Ол осы меке­меде істеп жүріп бұған дейін аудан­дық мәдениет бөлімінде бір­ге қыз­меттес болған Киров ауда­нының Есімхан Қысабеков деген азаматына тұрмысқа шығады.

– Есімхан мен Зебершенің осы өзіміздің аудандық мәдениет бөлімінде істеп жүріп танысқанын мен жақсы білемін. Есімхан жан-жақты, өнерлі, тік мінезді азамат болатын, – дейді қазіргі зейнет­кер, бұрынғы мәдениет қызметкері, Мәскеу сахнасында ән шырқа­ған жезтаңдай әнші Мейрамкүл Ормаханова. Оның айтуына қара­ғанда, Есімхан бұл ауданда 3-4 жыл автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істеген көрінеді.

Жарайды, сонымен «Қаракөз» – Зебершенің әні. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ал ендігі басты мәселе, сол әннің сөзін жазған кім? Ән туралы сан рет айтылып, қанша жазылып жатса да оның сөзі кімдікі екендігі туралы ешкімде жақ ашып, ешнәрсе демейді. Неге? Олай болса мен өз естігенімді айтайын.

Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном болып істейтін Жарасқан Бөдеев деген ағамен біз Шаянда 1972 жыл­дан бастап біраз жыл көрші тұр­дық. Көрші болғанда да өте жақ­сы, жақын сыйластықта бол­дық. Менен біраз жас үлкен бол­ғанымен өзі бір өте кішіпейіл, ақ­көңіл жан еді. Мені өзіне жақын тар­тып жүретін. Мәдениетті кісі бо­латын. Домбыра тартып, ән айтатын, өнері бар-тын.

Бір күні екеуара әңгімелесіп отырып:

– Серікжан, сен осы Зебершенің «Сүйгенім менің қалада» деген әнін білесің бе? – деді.

– Иә, – деп жауап бердім.

– Ал сөзін кім жазғанын ше?

– Жоқ, білмеймін. Бұл әнді сахнадан қаншама рет тыңдап жүрсем де, хабарлаушы әннің сөзі кімдікі екенін айтқанын шын мәнінде есітпеппін, – дедім.

– Онда былай, сен журналиссің ғой, біле жүргенін жақсы... Біз бір топ жас аудандық мәдениет үйі жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатынбыз. Бір күні жұмыстан соң әдеттегідей үйірмеге барып, одан енді қайт­қалы жатқанымда Зеберше алдымнан шығып: «Әңгіме бар еді, сәл кідіре тұрасыз ба аға?» деді. Сөйтті де мені дайындық бөлмесіне қарай бастап келіп, қолына үстел үстінде тұрған баянын алды да, әдемі бір әуенді асқақтата жөнелді. Әнді орындап жатқанда оның онсыз да сұлу бейнесі одан сайын ажарлана түсіп, керемет нұрға бөленіп шыға келді.

– Қалай, ұнады ма? – деді әнді орындап шыққан Зеберше маған барлай қарап.

– Ұнағаны сол, өте тамаша ән екен Зебер. Бұл әнді қайдан тауып алдың? – дегенім сол, ол орын­дыққа жайғаса беріп, ағынан жарылды. Шынын айтты, шынымен қоса сырын да айтты. Зеберше осылай отырып, ағыл-тегіл күй кешті. Баяғы Зеберше емес, ол тіпті жан-тәнімен өзгеріп кетті. Өз жүрегін соншама баурап алған жігіттің кім екенін және оның қазіргі кезде Алматыда оқуда жүр­геніне дейін айтып берді. Сөйт­ті де, Зеберше енді осындай жағдайда жүргенінен шыққан әнге жүрекке жетерліктей сөз керек екенін және ол сөзді менің жазып беруім керек екенін өтінді. Әсем әуен санамнан кетер емес. Ойланып қалдым. Бірлі-жарым құрбы қыздарға әзіл аралас өлең жазып жүргенім болмаса, былайша бір кеңінен қа­лам сілтеп көрген емес едім. Сол күні түнімен көзім ұйқы ілмеді. Зеберше орындаған ән көкейімнен кетпей қойды. Тұла бойымды ерекше сезім билеп алған. Әр нәрсені бір шимайлап, парақтан-парақ қоймадым. Жұмыста отырсам да сол әуен. Ерекше жалынға толы махаббат. Бейне бір өзім біреуге ғашық болып қалғандаймын. Осылай толғана жүріп арада үш-төрт күн өткеннен соң қолымдағы шимайды Зебершеге көрсетіп едім, ол жазылған өлең жолдарына қайта-қайта көз жүгіртіп, көп отырады. Сөйтті де «Рахмет аға!» деп құшақтай кетті. Біз әнге жазылған өлең сөздерін талқылап, біраз отырдық. Бірде баян, бірде домбырамен екеуіміз «Қаракөз» әнін қосыла шырқадық. Жасыратыны жоқ, Зеберше өлеңнің мен жазған бір-екі жолын өзгертуімді өтініп, өзінің ойын қосты. Сөйтті де:

«Елжіреп сүйер жүрегім,

Бақытым сенсің білемін.

Сағынтпа мені, жан сәулем,

Өзіңсің тілегім», –

дегендегі алғашқы екі жолды Зе­берше «осылай болсыншы аға!» деп өтініш айтты да, өз қолы­мен өзгертіп шықты. Бұл 1960 жылы болатын, – деп сөзін аяқ­тады Жарасқан аға. Сөйтті де, төрде ілулі тұрған домбырасын қо­лына алып «Қаракөз», әнін шыр­қай жөнелді. Бұған дейін есітіп жүр­генімдей емес, Жарасқан ағам­ның орындауында бұл ән тіптен ерекше, сондай бір әсерлі шықты.

Міне, менің «Қаракөз» әні­нің сөзін жазған кім екенін біле­тінімнің мәнісі осы. Демек бұдан былай «Қаракөз» әнін жазған – Зеберше Оспанова, сөзі – Жарас­қан Бөдеевтікті» деп сахнада то­лық хабарланып жатса, нұр үстіне нұр.

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Қазақстанның құрметті журналисі

Түркістан облысы