Қоғам • 29 Қаңтар, 2023

Бір жылда 100 кітап оқыған

710 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кітапты және оқуды насихаттау, қоғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыру мақса­тында өңірде игі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл орайда заман ағымына сай кітапхана қызметін пайдаланушылардың интеллектуалды деңгейі мен сұраныстарын ескерген, менеджер, бағдарламашы, психолог сынды бірнеше саланы меңгерген кітапханашылардың еңбегі ерен.

Бір жылда 100 кітап оқыған

Мысалы, жуырда Түркістан облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық мәде­ниет басқармасының ұйымдастыруымен «Кітап Travel-­2023» акциясы басталды. Өңірлік кітапханалардың қ­ыз­мет көрсету бағытында озық идеяларды анықтау мақ­сатындағы акция шымылдығын Түркістан қала­лық орта­лықтандырылған кітапхана жүйесі ашты. «Шежірелі өлкеден – рухани темірқазыққа» атты шарада «Көркем мінез көркем әдебиеттен» тақырыбы­мен өңірлік кітапханалардың инсталляциялық кітап көрмесі өткізілді. Жыл соңына дейін жоспарланған акция екі бөлімнен тұрады. «Тарихтан жеткен аманат» тақырыбында аудандық кітапханалар электронды цифрлы сирек қорды ұлғайту бойынша «Farab» кітапханасына қор жинақтайды. Цифрлы форматтағы және түпнұсқа қолжазбалар түріндегі сирек қорын көбейтуге қолдау көрсету үшін белгіленген кестеге сай облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында бас қосады. Акцияның басталуына орай өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев аталған іс-шара арқылы кітапхана қорын 20 мыңға жеткізу жос­парланып отырғанын жеткізді. Ауыл кітапханаларына көңіл бөлінбек. «Өңірге танымал қаламгерлерді арнайы шақырып, үйлеріндегі том-том кітаптарды кітапхана қорына сыйға тарту мәселесін қарастырған жөн. Сақ­таулы тұрған кітаптардың игілігін халыққа арнауымыз керек», деген Б.Тәжібаев кітапхана қорына 100 кітап сыйға тартты. Ал ғалым, дінтанушы Досай Кенже­тайұлы жақында ғана жарық көрген «Ясауи анто­ло­гиясы» атты 9 томдық кітабы мен өз кітапхана қорын­дағы 80 кітапты сыйлады. Акция жыл көлемінде жал­ғасады, яғни кітап жанашырларының аталған акцияға қатысуларына толық мүмкіндік бар. Мақсат етілген 20 мың кітапты жинап, 17 аудан, қалаға өз деңгейінде көпшіліктің оқуы үшін бөліп беру жоспарланып отыр.

Кітапты насихаттау, оқырманды көбейту мақ­сатында облыстық «Farab» кітапханасы өткен жылы «Әдеби финал» семинарын өткізген болатын. Жыл бойы өткізілген іс-шара жуырда қорытындылан­ды. Аудандық, өңірлік кітапхана басшылары мен қыз­меткерлері қатысқан іс-шара барысында кітапхана үздіктері мен «Алтын формуляр» иегері, оқырмандар арасынан үздіктер анықталып, түрлі аталым бойынша марапат тапсырылды. Атап айтсақ, «Әдеби финал» семинарының қорытындысы бойынша бір жыл ішінде 100 кітап оқып, көптің ішінен оза шыққан Өтеген Ысқақұлы қария «Алтын формуляр» иегері атанды. Сонымен қатар «Үздік оқырман отбасы» аталымына – 2-сынып оқушысы Бекнұр Нұржанұлы, «Кітапхана­ның тұрақты үздік оқырманы» аталымына – Шерхан Саматұлы, «Ерекше мүмкіндікке ие оқырман» аталымына Қымбат Советханқызы лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға статуэтка және қаржылай сыйлық табыс етілді.

Кітап оқуға қызығушылығы мектеп қабырғасынан қалыптасып, содан бері кітапханаға жиі баратын тағы бір оқырман жайлы айта кетелік. Келес ауданында­ғы «Көркем» балабақшасының күзетшісі Қыдырбай Асылбеков тәулігіне екі кітап оқып, дүниетаны­мын кеңейтіп отырады. Көбіне тарихи кітаптарды оқуға қызығады екен. «Кітап оқуға бала кезімнен қызыға­мын. Кітап оқысам, миым тынығып, сергіп қаламын. Тәулігіне 2 кітап, көңіл күйім жақсы кезде 5 кітапқа дейін оқып бітіремін. Ауылдағы шағын кітапханадағы кітаптарды түгелдей оқып тауыстым. Енді орталық кітапханадағы кітаптарды оқудамын», дейді жасы алпысты алқымдаған ел ағасы. Айта кетейік, жалпы Келес ауданында 27 кітапхана бар. Ондағы қор – 262 714 кітап.

 

Түркістан облысы