Аймақтар • 29 Қаңтар, 2023

Екібастұздың жағдайы оңалар емес

195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екібастұздағы жылудың жыры аяқталар емес. Орталық жылу жүйесінде төтенше жағдай болғанына екі айдай уақыт өтсе де, әлі күнге апат салдарын жою, қала тұрғындарын қыстан тоңдырмай алып шығу қарекеті жалғасып жатыр. Жылу орталығы қаңтар айында тұрғын үйлердегі жылу қайта-қайта тоқтатыла бергенін ескере отырып, аталған кезең үшін коммуналдық төлемақы қайта есептелетінін мәлімдеді.

Екібастұздың жағдайы  оңалар емес

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директорының мін­де­тін атқа­ру­шы Дмитрий Захаров жылу желілеріндегі төтен­ше жағдайдан кейін стансада қазан­дық агрегаттарының тұрақ­ты жұмысын қамтамасыз ету және параметрлерді тұрақ­тан­дыру үшін жабдықтарды жөндеу, ал­дын алу шаралары күн са­йын жүр­гізіліп жатқанын айтады. Осы­­­­ған байланысты жылу көз­де­рінен босатылған жылу тасы­мал­да­ғыш­тар жоспарланған мөл­шер­ден төмен болып отыр.

– Стансада барлық қажетті ресурстар, техникалық жаб­дық­­­тар, жөндеу бригадалары бар. Алайда қазіргі жағдай әзірше тұр­ғын үйлердегі температуралық пара­метрлерді құрылыс нормалары мен ережелеріне сәй­кес теңес­ті­руге мүмкіндік бер­мей отыр. Қаланы жылумен қамтудың температуралық кестесінің сақ­талмауына, темпе­ра­туралық пара­метр­лерді қалпы­на келтіру бойынша реттеу жұ­мыс­­тарын жүргізуге байланыс­ты станса басшылығы биылғы қаңтар айы үшін жылу энергиясы бойынша төлемді қайта есептейтін болып ұйғарды. 2023 жылғы қаңтардағы жылу энергиясымен қамту жөніндегі қызметтердің құнын қайта есептеу алгоритмі 10 ақпанға дейін, тұтынушылар төлемін есептеу жүргізілгеннен кейін ұсынылады, – дейді кә­сіпорын басшысы.

Жергілікті халық әлеуметтік желілерде пәтерлерінің суық еке­­­ніне әлі күнге шағымданып жатыр. Қала тұрғындарының көбі үйінде жаурап, қосымша жы­лыт­қыш құралдар іздеп жатыр. Амалы қалмаған кейбір азаматтар пәтерлерінің қабырғасы мен терезелеріне жылытқыш мате­риалдар жапсырып, бөлме­дегі температураны көтеруге әре­­кеттенуде. Алайда қанжылым ба­та­­­реялар қыстың суығын сырт­қа айдап шығуға қауқарсыз.

Жұрттың шағымына облыс басшылығы тұрақты түрде назар аударып отырғанын айтып өтейік. Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзға апта са­йын барып, ондағы жөндеу-қал­пы­на келтіру жұмыстарының бары­сын бақылауда. Соңғы рет әкім №7 орта мектебінде болып, жылу желілерін жөндеу жұ­мыс­тарының барысын тексерді және жедел штабтың отырысын өткізді. Апат аймағында қалған мектеп қазір жылынып, бөлмелер температурасы 18-23 градусқа көтерілді. Бірнеше көшеде құбырларды жаңарту аяқталған.

А.Байханов жөндеу жұмыс­та­рының қарқынын бәсеңдет­пеуді және әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударуды тапсырды. Қаңтар айының соңына дейін қала тұрғындарының қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ете отырып, жөнделген учаскелердің 80 па­йызын ыстық сумен қайта толтыруды міндеттеді. Бұл талаптар орындалмаса, коммуналдық қызмет мекемелерінің жауапты тұлғаларына қатысты әкім­шілік шаралар қабыл­да­на­ты­нын ескертті.

Облыс әкімі баспасөз қызме­тінің мәліметінше, бүгінгі таңда Екібастұздағы жылумен жаб­дық­тау желілеріндегі 130-дан аса зақым жойылған. Өзге ақау­лар­ды жою шаралары тәулік бойы жалғасып жатыр. Кеншілер қала­сы­ның коммуналдық қызмет­терінен бөлек апат орындарында облыс орталығынан келген авариялық бригадалар бар.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы