2014 жылғы 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру туралы келісімге қол қойылды, ол 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастайтын болады.
ЕАЭО-ға мүше елдер тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің еркін қозғалуына кепілдік береді, сондай-ақ, экономиканың басты салаларында саясатты бірлесіп жүргізуге міндеттемелер алады.
Ең алдымен тұтас алғанда интеграциялық үдерістердің, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері интеграциялық үдерістерінің қисыны мен бағыттарын түсіну үшін бұрын интеграциялық бірлестіктердің тарихи аспектілерін және әлемдік сауда қатынастарының трендтерін білу маңызды болмақ.
XX ғасырдың басында барлық елдер түгелдей дерлік өз нарығын қорғай отырып, протекционистік сауда саясатын жүргізді. Әлемдік экономиканың эксклюзивті сауда блоктарына бөлінуі (кейбір елдер жоғары баж белгілеп, саудаға қатыссыз кедергілер жасаумен жабық сауда саясатын жүргізетін) ХХ ғасырдың бірінші жартысында Еуропаны экономикалық күйзеліс пен соғысқа әкеп соқтырудың бір себебі болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін халықаралық саяси және экономикалық ортада біршама ашық сауда саясатын жүргізу қажеттігі туралы консенсусқа қол жеткізілді. Өзара пайдалы, ешқандай шектеусіз еларалық сауда қатынастары мемлекеттердің экономикалық өсуі мен дамуына көбірек пайда әкелетіні айқындала түсті. Табыс деңгейі жоғары елдерде сауда саясаты тарифтерді азайту және тауарлардың, еңбек пен капиталдың қозғалысы үшін шектеуді алып тастау қағидаттарына негізделе бастады.
Осыдан келіп, 1947 жылы халықаралық сауда саласындағы негізгі құжат – Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) негізі болған Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісім (ТСЖБК) қабылданды.
Ашық сауда саясатын жүргізудің маңызын түсіне отырып, ХХ ғасырдың ортасынан бастап түрлі өңірлік сауда бірлестіктері қалыптаса бастады. 1957 жылы Еуропалық экономикалық қауымдастық, ал 1968 жылы Кеден одағы қалыптасты, ол біршама жетістікке жетіп, қазіргі Еуропалық одақтың негізін қалады.
АҚШ-та сауда кедергілері мен тарифтерін азайтып, Солтүстікамерикалық еркін сауда аймағын құрды.
Австралия мен Жаңа Зеландия да 1983 жылы табысты интеграциялық бірлестіктің бірі болып табылатын өзара сауда-саттық туралы келісімге қол қойды.
Соңғы 15 жылда өңірлер арасында интеграциялық бірлестіктер нығая бастады. Азия-Тынық мұхиты аймағы және Қытай ортақ интеграцияны күшейте түсуде.
Бұл өңірлік бірлестіктердің негізгі мәні – өз тауарлары үшін өткізу нарығын кеңейту. Бұл орайда интеграцияның кейіннен әлемдік нарыққа бірігу мүмкіндігі пайда болады.
Өңірлік интеграциялардың табысты тәжірибесі олардың әлемдік экономикаға интеграциялану қажеттігін көрсетіп отыр.
Тарих жетістікке жеткен, дамыған мемлекет болу үшін өңірлік интеграциялық бірлестіктердің бөлшегі ретінде ашық сауда саясатын жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр. Олай болмаған жағдайда экономика тоқырауға ұшырайды.
Бүгінгі күні Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингіне сәйкес дамыған мемлекеттердің 30-дығына қарасақ, олардың барлығы түрлі экономикалық одақтарға, еркін сауда туралы келісімдерге, интеграцияның басқа да формаларына қатысады. Бұлар АҚШ, Канада, Еуропалық одақ елдері, Жапония, Корея, Австралия, Жаңа Зеландия, Сингапур және т.б. Бұл елдердің барлығы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып табылады және ДСҰ-ның әлемде мойындалған қағидаларына сәйкес ашық сауда саясатын жүргізеді.
Ғаламдық нарықта Қазақстан оқшау дами алмайды. Егер еліміз 30 дамыған елдің қатарына кіруге ұмтылатын болса, онда интеграция алдағы экономикалық өсу мен дамудың ажырамас шарты болып қарастырылуы тиіс.
Сондай-ақ, интеграция транзиттік әлеуеттің дамуына септігін тигізеді. Қазақстан теңізге шығатын жолы жоқ ел болғандықтан тауарларды, қызметтер мен жұмыс күшін тасымалдау үшін көршілерімен өзара іс-қимылда болуы керек. Ортақ инфрақұрылым, техникалық реттеудің бірыңғай аясы, кедендік бақылаудың болмауы және бірыңғай тарифтер бизнесті жүргізуді жеңілдетеді, интеграциялық одақ ішінде ғана емес, сондай-ақ, одан сыртқары да шығындарды азайтады. Осы орайда құрылып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ аясында логистиканы дамыту Қазақстан басымдықтарының бірі болмақ.
Егер, Қазақстанның экономикалық интеграциясының нұсқаларын (кіммен интеграциялану) қарастырсақ, онда Ресеймен және Беларусьпен бүгінгі интеграциялық үдерістер ел арасындағы өзара сауданы тереңдетуге мүмкіндік беретін тарихи қалыптасқан ортақ инфрақұрылым, мәдени орта, бизнесті жүргізудің ұқсас жағдайлары, өзара байланысқан еңбек нарығы сөзсіз қолайлы жағдай болып табылады.
Еуразиялық экономикалық одақ тек қана экономикалық қатынасты тереңдетуге және біртұтас нарықты құруға бағытталған. Бүгін Кеден одағы елдерінің жалпы нарығының көлемі 2,5 трлн. АҚШ долларын құрайды, нарық көлемі – 170 млн. адам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды, себебі, ортақ нарық отандық бизнеске осы нарықта орын алу үшін біршама мүмкіндіктер береді.
Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен бірлестігі ешқандай саяси алғышарттар жүктемейді және саяси одақтың элементтерінен ада. Бұл мәселеде Елбасымыздың қағидаты пайдаланылады: «Алдымен экономика, содан кейін саясат». Уағдаластықтар тек экономикалық мәселелерге ғана қатысты және одаққа мүше мемлекеттер арасында тауарлардың, қызмет көрсетулердің, капиталдар мен жұмыс күшінің еркін қозғалуына бағытталған.
Дегенмен, интеграция жаңа мүмкіндіктер ашатын, сондай-ақ, бәсекелестікті арттыратын қиын да, сан-қырлы үдеріс екенін ұмытпау керек. Мұндай жағдай үйлестірілген іс-қимылды және мемлекеттің де, бизнестің де белсенді қатысуын талап етеді.
Біздің кәсіпкерлер жосықсыз бәсекенің және әріптес елдерде бизнес құрылымдарды мемлекеттік органдардың заңсыз қолдауының қандай да бір белгілері айқын болған жағдайда, жедел түрде әрекет етуі қажет.
Қазақстандық мемлекеттік органдар болса, қол жеткізген келісімдердің орындалмауына жол бермеу үшін бизнестің шағымдары бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақты құру кезінде біз әлемдік тәжірибені, халықаралық экономикалық трендтерді және өзіміздің сындарлы экономикалық мүдделерімізді басшылыққа алдық.
Біз басты қағиданы– жаһандық экономикаға және басқа бірлестіктерге «ашықтық» қағидасын сақтауымыз қажет. Сондықтан, біз Еуразиялық экономикалық одақтың басқа да мемлекеттерге ашықтығын әрдайым атап көрсетеміз.
Қазақстан үшін өңірлік бірлестіктерге қатысу одан әрі тұрақты дамудың негізі болып табылады, себебі, бізге сауда және жаңа мүмкіндіктер ашылу үшін өткізу нарығы мен кеңістіктің кеңеюі қажет.
Бүгінгі уақытта бұл халықаралық сауданың аксиомасы болып табылады.
Ербол ОРЫНБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.