ЕЛ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ
Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?! Міне, еліміз тәуелсіздігін жариялағалы бергі уақытта туған Отанымды қайтсем өсіріп-өркендетемін, халықтың әл-ауқатын қайтсем жақсартамын, туған елімді қайтсем өркениет көшіне ілестіремін, қайтсем халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшелерінің біріне айналдырамын деп аттан түспей жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттардағы атқарған, атқарып келе жатқан жұмыстары қай жағынан алып қарасаңыз да риза пейіл білдіруге әбден лайық. Айқарма бетте жарияланып отырған шағын-шағын жүрекжарды мақалаларда еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын отандастарымыздың – түрлі мамандық иелерінің жазғандары Елбасына деген ризашылыққа толы мөлтек сыр ретінде көрініс тапқан. Бұл елім дейтін еріне лайықты жауап беретін елі бар екенінің айқын айғағы болса керек. Нұрсұлтан ӘБІЛДАЕВ, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекші маманы: 1986 жылдың тамыз айы екен. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңсесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр бойына арнайы сапармен келіпті. Социалистік Еңбек Ері, менің әжем Балдырған Мұстафаеваның күріш алқабын аралайды. Дәл сол сәтте мен дүние есігін ашыппын. Елбасымен күріш алқабын аралап келе жатқан әжем Нұрсұлтан Әбішұлына немерелі болғанын, оған сол кісінің атын бергісі келетінін айтып, рұқсат сұрайды. Солайша, менің атым Нұрсұлтан қойылады. Арада бес жыл өткенде Елбасы Қызылорда облысына тағы да сапарлатып келді. Әжемнің етегіне оралып мен де алдарынан шықтым. Бала болсам да, бәрі есімде қалыпты. Елбасы маған ойыншық ұшақ сыйлады. Сол кездегі қуанышымды көрсеңіз. Ұшақпен бірге аспанда ұшып жүргендей күй кештім. Уақыт өте берді. Мен 9-сыныпта оқып жүрген едім. «Нұрсұлтан Әбішұлы Қызылордаға келеді. Менімен бірге барасың», деді әжем. Осы кездесуде Елбасының шын қамқорлығын көрдім. Әжем мен туралы айтып жатқан. Президент барлығы есінде екенін, ұмытпағанын айтып, маған өзінің қолы қойылған сағат сыйлады. Сосын «Қайда оқығың келеді?» деп сұрады. Мен «Астанада, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде», деп жауап бердім. Оқу бітіргесін хабар беруді тапсырды. Сөйтіп жүріп, мектепті де бітірдім. Астанаға оқуға барамын деп отырғанда, әжем бұл шешімімді қолдамай қойды. «Елбасын майда-шүйде мәселемен мазалай берме. Елдің жүгін арқалап жүрген азаматтың басқа шаруасы да жетеді». Кесімді сөзі осы болды. Қайта бағым бар екен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Оны да абыроймен бітіріп шықтым. Бірақ заңгер деген мамандық алып шыққаныммен, жұмыс таба алмай төрт жыл сандалып жүрдім. Талай шаруаның басын шалдым. Құрылысқа да жегілген күндер болды. Содан бір күні Елбасының атына хат жаздым. Осыған дейінгі оқиғаның барлығын тілім жеткенше баян еттім. Арада бір апта өткенде облыс әкімінің көмекшісі хабарласты. Менің хатым Елбасының қолына тиіпті. Аймақ басшысына Астанадан тапсырма беріліпті. Солайша, облыс әкімінің аппаратына қызметке алындым. Міне, осыдан-ақ менің өмірімде Елбасының орны ерекше екенін білуге болады. Дүние есігін ашқаннан бастап, бүгінге дейін Нұрсұлтан Әбішұлымен тағдырым етене байланысып кеткен. Бұл – менің бақытым деп білемін. ҚЫЗЫЛОРДА.Елбасы мен елорда егіз ұғым»
Амангелді ҒҰМАРОВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы:« Халқымыз айтатын «Елу жылда – ел жаңа» деген тіркестің айна-қатесіз растығына, тіпті, осы алып құбылыстың бас-аяғы 15-20 жылда-ақ жылдамдықпен өзгеріске түсіп, қуаттылықпен қалыптаса алатынына куә болып отырмыз. Ата-бабаларымызға бірнеше ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік қазаққа қонғалы 20 жылдан асып барады, шексіз уақыт өлшемімен қарағанда аз ғана уақытта орасан өзгерістерді бастан кештік. Тарихы терең, мәдениеті қалыптасқан, жауынгер бабаларынан мұраға қалған кең-байтақ жердің иесі – қазақ деген ел барын әлем таныды. Тәуелсіздік алғалы бергі тағдырымызға қарап отырып, ауыз толтырып айтатын жаңалықтарымыздың көп екендігін мойындаймыз, сол жаңалықтардың бірі – Қазақстанның еңселі елордасы – Астана қаласының заманауи үлгіде жаңадан бой көтеруі. Өткен жылы барша Қазақ елі жаңа елордамыз Астананың 15 жылдық мерейтойын думандатып салтанатпен атап өткен болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елорданы ауыстыру туралы идеясын жария еткеніне биыл тура 20 жыл болыпты. Төрт жылдан соң Қазақстан халқы жан-жақты қолдап, орталық мемлекеттік органдарды Алматыдан ұйымдасқан түрде көшіру жүзеге асырылды. Тәуелсіз еліміз тарихындағы Астананың ұлы дәуірі басталған сол дүбірлі оқиғадан бері енді, міне, 16 жыл өтті. Бұл – біздің айбынды да айшықты Астанамыз кәмелеттік жасқа толды деген сөз. Осы жылдардың ішінде елордамыз көркейіп кемелдене түсті, сонымен бірге еліміздің экономикасы да қарыштап дамып, нығаюда. Астана мен Қазақстанды бүкіл дүниежүзі танып, мойындап отыр. Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана егіз ұғым десек, артық айтпағанымыз. Өйткені, Астана – Елбасымыздың ерен ерлігі, қолтаңбасы. Ендеше, Президент пен Астананың туған күндері бірге аталуы да заңды құбылыс дер едік. «Біздің елордамыздың аты қазірдің өзінде Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті өткізілген жер ретінде жаһандық тарихқа енді», деген болатын Н.Назарбаев өткен жылы Астананың 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде. Астананың асқақтаған сол даңқы жыл сайын дүбірлі тарихи оқиғалармен одан сайын шарықтап келеді. Бейбітшілікті, достықты, ымыраласып-ықпалдасып тірлік кешуді көксеген түрлі деңгейдегі ауқымды жиындардың ордасына айналды. Басқасын айтпағанда, күні кеше ғана елордамызда 170 млн. халықты құрайтын үш елдің мемлекет басшылары Еуразиялық экономиқалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды. Бұл біздің Елбасымыздың осыдан 20 жыл бұрын ұсынған идеясы болатын. Қазақстан ардагерлері мен ақсақалдары қашанда тыныштықты, еліміздің дамып, бүгінгі де, келер де ұрпақтың бақытты болғанын қалайды. Елбасы жүргізіп отырған саясат біздің халқымызды осы бақытқа жеткізеді деп сенеміз. Сондықтан, ардагерлер қауымы әрқашан Елбасымен бірге. Біз айбынды Астанамыздың туған күнін жыл сайын қуана қарсы аламыз. Елде жүрсе қуана қарап, білім, өнер қуып шетелдерге шыққан перзенттеріміздің мақтанышына, арқасүйер қорғанына айналған Астанамыз асқақтай берсін! Қазақты Мәңгілік Елге жеткіземін деген Елбасы мұраты бар, ендеше, қазақ та, оның астанасы да мәңгілік қалаға айналғай!«Арқаландырған қолдау»
Ақтау. Қобыланды ТҰРДЫБЕКОВ, химия ғылымдарының докторы: Бүгінде отандық фармацевтика өнеркәсібінің көшбасшысына айналып отырған біздің «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің жемісті іс-қызметі ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ұдайы көмек-қолдауы арқасында екенін ұжым мүшелері мерей тұтады. Бұған дәлел жеткілікті. Сонау өтпелі қиын кезеңде бұл бағыттағы ізденістерді жаңа бастағанымызда кедергілерді жеңуге жігерлендіріп, жұмысты жетілдіруге тапсырма беріп, тікелей өз қарауына алған 1995 жылдан бері Елбасы жергілікті табиғи шөптерден дәрі-дәрмектерді жасау, өндіру ісін назардан тыс қалдырған емес. Аймаққа жұмыс сапарларында бірнеше рет ғалымдар мен мамандарымызбен әңгімелесіп, жағдайға көзбе-көз қанықса, мекеме басшысын қабылдау арқылы да барлық мәселелерді шешуге көмектесіп отырды. Ел мүддесіне, халық мұқтажына деген нақты қамқорлық өндіріс әлеуетін көтеруге, атап айтқанда, фармацевтикалық зауыт 3 кезегінің бірінен соң бірі іске қосылуына зор әсерін тигізді. Мемлекет басшысының көмек-қолдауына орай ұжым мүшелерінің де өз міндеттеріне жауапкершілігі жоғары. Қатерлі ісік ауруына қарсы қолданылатын «Арглабин» препараты жасалды. Ол көптеген елдерде тіркеліп, патентке ие болды. Қазір ішкі және сыртқы рынокта өтімді дәрілердің 43 түрі шығарылады. Таяу жылдарда отандық препараттар өндіруде үлес салмақты 50 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік бар. Мұндай жетістіктерге Елбасының қамқорлығы арқасында жетіп отырмыз. Сондықтан Мемлекет басшысына деген ризалығымыз шексіз. Сенімге лайық болу – мақсатымыз. ҚАРАҒАНДЫ.«Ел көші іркілмей, алға қарай жүре бермек»
Біз Алматы облысының орталығынан тым шалғайда, Балқаш көлінің бойындағы Қараой ауылында тұрамыз. Көгілдір экран арқылы ел жаңалығын жіті қарап отырғандықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?» деген сұрағы әрбір ұстазға жүктелген жауапты міндет екенін түйсінеміз. Әрбір жеке тұлғаның болашағы мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі алдымызда отырған шәкірттеріміз. Сондықтан, әр оқушының сапалы білім алып, ұлттық менталитетімізге сай тәрбиеленуіне уақыт талабына сай ұстаз біліктілігін арттыру қажеттілігі туындап отырғаны рас. Осы орайда, мұғалімдердің біліктілігін арттыруда «Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы білім беру сапасын көтеру секілді игі шаралар соның айғағы. Шыны керек, елімізде мемлекеттік саясатқа сай біз секілді алыстағы ауылдар да Елбасы назарынан тыс қалмауда. Олай дейтінім, Елбасының айтқан сөзі мен біздің ауылымызда атқарылып жатқан оң істер қабысып, халық мүддесі үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың игілігін ел көруде. Оны мен осынау игіліктердің нақты куәгері әрі ұстаз ретінде ашық айта аламын. Әлемдік жаңа технологиялар енгізіле отырып, болашағымыздың жарқын болуына жол ашылды. Елбасымыз Қазақстанның басты байлығы – адам капиталы, оның денсаулығы, білімі кезек күттірмейтін негізгі мәселе екендігіне де үлкен мән берді. Бүгінгі көпұлтты мемлекетімізді бейбіт жолмен басқарған сұңғыла саясаткер Елбасымыз барда елдің көші іркілмей, алға қарай жүре бермек. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қараой ауылы.«Газ Елбасы шапағатының арқасында келді»
Орынғали ЕРМЕКҚАЛИЕВ, Қаратөбе аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: Орал өңірінің шалғай аудандарына көгілдір отын жеткізу жобасы өзге өңірлермен салыстырғанда ертерек басталғанымен, 2005 жылдары Жайықтың сол жағалауындағы тұрғындар бұл игілікті көре алмады.Тіпті, Қарашығанақ кеніші орналасқан Бөрлі ауданының бірқатар елді мекендерінде, осы ендіктегі Теректі ауданында тұрғындардың қи, көмір жағып отыруы мүлдем келіспейтін қисынсыз жағдай еді. Бұл кереғарлықты осыдан тоғыз жыл бұрын Ақжайыққа келген сапарында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірден аңғарып, байқап қалған екен. Сол кезде Елбасы Үкімет пен жоғары мемлекеттік органдарға бұл мәселені кешеуілдетпей шұғыл шешу қажеттігі жөнінде тапсырма бергені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жұртшылыққа мәлім болды. Содан кейін көп кешікпей маған сол кездегі Қаратөбе ауданының әкімі, бүгінгі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов хабарласып: «Ореке, ертең Ақсайға жүріп кетуіміз керек. Жолға жинала беріңіз. Елбасы тапсырмасына байланысты онда шұғыл кеңес өткізіледі.Соған қатысуымыз керек», деп үн қатты. Бардық, қатыстық. Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша сол кездегі Энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьник және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин сөз сөйледі.Шетелдік компаниялар басшылары қатысқан жұмыс кеңесінде мәселелер қызу, жан-жақты талқыланды. Бұл мәселелер, маған аудан әкімі айтқандай, Елбасы тапсырмасына орай Қарашығанақ – Орал магистральді газ құбырын тартып, оны Жымпиты, Қаратөбе өңірлеріне дейін жеткізу жөнінде екен. Елбасы бұл ауқымды әлеуметтік жобаны КПО.б.в шетелдік компаниялар альянсы қаражаты есебінен жүргізуді жүктепті. Бүгінде Жайықтың сол жағалауында орналасқан өңір тұрғындары көгілдір отынның пайдасын түгелге жуық көріп отыр. Бұл қашанда қарапайым адамдарға жақын жүретін, оларды толғандыратын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу жолдарын қалт жібермейтін Елбасымыздың тікелей тигізген шапағатының нәтижесі еді. Осы орайда біздер, аға ұрпақ өкілдері Нұрсұлтан Әбішұлының елге шыққан сапарларында қарапайым тұрғындармен, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесіп, ой-пікір алмасуға ылғи да жылы ықылас-пейіл танытып тұратынына тәнтіміз. Қашанда ел, халық қамын көздеген Мемлекет басшысы ғана осылай жасайтыны анық. Бұл нағыз Елбасына тән қасиет деп білеміз. Ең бастысы – ел-жұрт пен Елбасы арасында айтылған өзекті мәселелердің жерде қалмайтыны, өзінің кезі мен кезегі және уақыты келгенде Нұрекеңнің ел мүддесін көздеген шешімдер қабылдайтыны барша қазақстандықтарға белгілі. Ал Бөрлі, Теректі және Жымпиты мен Қаратөбе секілді іргелі төрт ауданның басын біріктірген газ жобасы Елбасының халыққа тигізген көмегі мен қолдауының тек титімдей бір бөлшегі деп санаймыз. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы.«Адамды көркейтетін – еңбек»
Елбасымыздың пайдалы қоғамдық еңбекке ынталандыратын, жаңаша өмір сүруге үндейтін жалынды сөздерін мұқият тыңдап, керекті жерлерін қойын дәптеріме жазып жүремін. Мысалы, халыққа арнаған қай Жолдауын алсақ та маңызды, халықтың жағдайын, тұрмысын жақсартуды діттейтін мәселелерді шешуге арналып жатады. Осының өзінен-ақ сарабдал саясат пен бекем бірліктің белгісі бір-бірімен тығыз сабақтасып, елге, жерге, елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстарды ортақ мақсатқа жетелеудің нақты тәжірибесі қалыптасқанын анық байқауға болады. Бұған екпін түсіріп, бөле-жара неге айтып отырмын? Өйткені, алдымызда әлемнің ең дамыған өркениетті елдері қатарына қосылу секілді асқаралы міндет, сан тарау жол тұр. Оны еңсерудің бірден-бір баянды бағыты – жасампаз еңбек! Президентіміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қазақстандықтардың екі-үш буыны орындауға тиісті маңызды міндет. Әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына ену жолы оңай емес, осыны әркім түсінуі керек», деген байламдары өзгелер сияқты менің де жігерімді жанып, жасым келсе-дағы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға түрткі салды. Осылайша, бойымыздағы күш-қуатымызды Отанымызды гүлдендіруге, отбасылық бизнесті өркендетуге жұмсап, жастардан қалыспай жұмыс істеп келеміз. Бастапқыда қойдың Романов тұқымын өсіру жөніндегі бастамалық жобама күдіктене қараушылар болмай қалған жоқ. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демей ме? Аталған тұқымның өсімталдық, солтүстік өңірге төзімділік қасиеттерін жан-жақты зерттеп, бірқатар биологиялық артықшылықтарын әбден қаныққаннан кейін қойларды Башқұртстаннан сатып алдық. Бұл қалай мүмкін болды деген сауалға Елбасының «Адамды өмір үйретеді, еңбек көркейтеді», деген сөздерімен жауап берген болар едім. Және де мемлекетіміздің тиімді бағдарламалар ұсынып, кәсібіне қарай нәсібін табуды реттеп отыруы да қанаттандырады. Отбасымызға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» Үкіметтік жобасы бойынша берілген жеңілдікті несиеге сатып алған отыз бас саулық қой бүгінде үш есеге көбейіп, қотан төлге толды. Асылтұқымды Шопаната түлігінің 12 басын мал өсіруге ниет қылған жандарға саттық. Кәсіпкерлік жұмысымызды одан әрі сәтті жалғастыра біліп, мал басын 300-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Келешекте «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы алынған қаражатқа шаруашылық іргесін кеңейтсек пе деген мақсатымыз бар. Түбінде үлкен мал фермасына айналып жатсақ, таңырқаудың еш реті жоқ. Мақсат еткен адамға елімізде жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанын біздің мысал арқылы-ақ көз жеткізуге болады. Осылайша, Мемлекет басшысының тегеурінді талаптары және орнықты саясаты арқасында асылтұқымды мал асырау молшылық, ырыс тасқынына айналған. Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы.«Отбасымның құты – Елбасы сыйлаған трактор»
Қарқынбек АХМЕТБЕК, «Аңсар» шаруа қожалығының жетекшісі: Мен 2004 жылы Қытай Халық Республикасынан атажұртымызға қоныс аудардым. Бір мемлекеттен бір мемлекетке көшудің, жаңа тұрмысқа бейімделудің оңай емес екені белгілі. Отанына оралған оралмандарға да оңай тиген жоқ. Алайда, бабаларымыз от жаққан атамекенімізге келгенімізге қуанышты едік. 2009 жылы өмірімде өшпес із қалдырған ерекше оқиға болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей қаласына келген сапарында өз қолымен бірқатар шаруа қожалықтарының жетекшілеріне ауыл шаруашылығы техникаларын сыйлады. Президенттің кез келген қазақстандыққа туған әкесіндей қамқорлық көрсететінін сол кезде байқадым. Мен де Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолынан «МТЗ-80» тракторының кілтін алдым. Менің шаңырағымда алты бала өсіп келеді. Елбасы сыйлаған трактор қазір балдырғандарымның несібесі мен ризығына айналды. Атамекеніне оралған қандасын өзекке теппей, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған Елбасы сөзі үнемі қуаттандырып, жұмысқа жігерлендіріп тұрады. Бүгінде өзім жетекшілік ететін шаруа қожалығында 120 гектар егістік, 70 гектар шабындық, 1800 гектар жайылымдық жер бар. Ірі қараның басын – 192, жылқыны – 12, қой мен ешкіні 150 басқа жеткіздік. Жыл сайын дәнді дақылдың әр гектарынан 20-25 центнер, майлы дақылдың әр гектарынан 11-12 центнер, көпжылдық шөптің әр гектарынан 35-40 центнер өнім аламыз. Президент сыйлаған техниканың қадамы құтты болды. Отбасымыздың әл-ауқаты артты. Қазір мектеп жасындағы төрт балам алаңсыз білім алуда. Олар Аманкелді атындағы орта мектепте үздік оқып, аудандық пән олимпиадаларында жүлдегер болып жүр. Зайыбым «Күміс алқа» иегері атанды. Жаһандық саясатта дүйім әлем мойындап отырған Елбасыға алғысым шексіз. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Біржан ауылы.«Ормандай тұтастығымыздың кепілі»
Сейфолла МҰХАМАДИЕВ, орманшы: Көкшенің көркем бүйіріндегі Қыпшақ орманшылығында отыз жылға жуық еңбектеніп келемін. Біздің ауыл жасыл желек құшағында. Жастайымыздан желегі желбіреген қарағай, қайыңдармен қиял жарыстырып өстік. Ата-бабаларымыз орманды қалың қазақтың тұтастығымен байланыстырып, көп пәлсапа айтқанын білеміз. Бұл нақылдың мазмұны бүгінгі күні барынша кеңейіп отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кез келген сөзінен осы ұлағатқа қатысты жаңа міндеттер аңғарылып тұрады. Кеудемізге қуат пайда болып, жұмысымызға асыға түсетініміз сондықтан болар. Біз өз айналамыздағы 1450 гектар жасыл желекті күтіп-баптап, бақылау жасаймыз. Орман қаншама қалың болғанымен, жаны нәзік. Оның еңсесін тіктеуіне септесіп, бірге сырласып, бірге еркелеп жүреміз. Мастеріміз Байболат Камалиев, оның орманшы бауыры Мейрамбек, тәжірибесі толысқан Серік Мұқанов, өрт сөндіруші Оралбек Боранбаев, жалпы, ұжымдағы сегіз орманшының барлығы кәсібіне мығым жандар. Өз балам Талғат та осында 13 жыл еңбектеніп, жуырда Айыртау орман шаруашылығының бас орманшысы болып жоғарылатылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз бастамалары бүгінде барлық салаларда жемісін төгіп, халқымыздың игілігіне айналуда. Мәселен, «Жасыл аймақ» кең ауқымды қозғалысқа ұласты. Біздің орманшылығымызда жыл сайын 30 гектарға балғын көшеттер отырғызу дәстүрі қалыптасқан. Айналамыздағы ауылдардың тұрғындары да құт мекендерін жасыл желекке толтыра бастады. Сондай-ақ, оқушылар мен студенттер жасақтары тындырған жұмыстарға ризамыз. Осыған қарап Елбасымыздың сарабдал саясатына, ормандай тұтастығымыздың баяндылығына қуанамын. Ақмола облысы, Зеренді ауданы.