Кеше «Қазақстан Республикасындағы туристік саланы дамыту перспективалары» деген тақырыпта Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен Үкімет сағаты өтті. Өзінің сөзін: «Қазақстанда көптеген табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалар бар. Табиғат бізге жер қойнауындағы байлықты ғана емес, сонымен қатар, әсем рельефтер сыйлаған. Біздің тарихымыз, көптеген ғасырларға жалғасып келе жатқан мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүрлеріміз Қазақстанды Еуразиялық туризм орталығына айналдыруға әбден мүмкіндік береді», деп бастаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары бұл саланы дамыту өзін өзі жұмыспен қамту мәселелерін шешуге және кіші және орта бизнес кәсіпорындарының қызметіне кең өріс беруге көмегін тигізетінін, себебі, туризм алдағы онжылдықта ел экономикасының өсуіне ықпал ететінін атап өтті.
Саланы дамытуда кедергілер бар
«Соңғы кездері біз өзімізге «Бөлініп жатқан қаржы-қаражатқа қарамай, неліктен бұл саланы дамытуға дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Неге бүгінгі күнге дейін туризм саласына тек қалдық қағидатымен қаражат бөлінеді. Неге осы күнге дейін бұл жұмыстармен жүйелі түрде айналысатын дербес, уәкілетті орган жоқ?» – деген сауалдарды қоятынымыз рас. Сондықтан, біз осы және басқа да сауалдарға Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің жауап беруін сұраймыз», деді бұдан кейінгі кезекте Үкімет сағатын ашқан Д. Назарбаева.
Өз кезегінде Ә.Исекешев соңғы уақытта туристік саланы дамыту мәселесіне назар аударыла бастағанына, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткеніне тоқталды. «Туризм әлемдік экономикада маңызды рөлге ие. Дүниежүзіндегі әрбір 11-ші жұмыс орны туризм арқылы құрылған. Әлемдік ІЖӨ-де туризмнің үлесі 9,4%-ды құрайды, бұл тиісінше, 6,8 трлн. АҚШ долларын көрсетеді. Туризм – жұмыс орындарын құру, төмен және орта біліктілігі бар қызметкерлерді жұмыспен қамту, экономиканы жан-жақты дамыту деген сөз. Ол әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды қозғалтқышы да болып табылады. Бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, қажетті заңнамалық шаралар мен салықтық жеңілдіктердің қабылдануының арқасында Түркияның ІЖӨ-сіне туризмнің қосқан үлесі 10,9 пайызды және 2 млн. жұмыс орнын құраған екен. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің ішкі жалпы өніміне туризмнің қосқан үлесі – 14,3 пайыз. Бұл елдегі жұмыс орнының саны 383 мың орынды құрайды», деді өз сөзінде Ә.Исекешев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның туристік индустриясының қарқынды дамуына бірқатар мәселелер кедергі келтіріп отыр екен. Мәселен, бұл саланың өрістеуіне туристік қызмет құнының жоғары болуы, туризм инфрақұрылымының болмауы, көрсетілетін қызмет дәрежесінің төмендігі, виза жүйесі мен көші-қон тәртібінің күрделілігі, сондай-ақ, чартерлік әуе тасымалына қатысты проблемалар қиындық туғызып отырған көрінеді.
«Дегенмен, Қазақстанның халықаралық туризм нарығына кіруде өзіндік перспективасы бар. Әлемдік туризм дамуының үштен екісін біздің көршілес мемлекеттеріміз қамтамасыз ететіндігін айта кеткен жөн, бұл 200 млн. туристі құрайды. Біздің әлеуетті нарығымыз – ол ең алдымен дамып келе жатқан ішкі нарық, сондай-ақ, Ресей, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс елдері. Ал Канада, Германия, Испания, Хорватия елдерінің ірі халықаралық консалтингтік компанияларының қатысуымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстан Республикасы мен бес өңірді дамытудың жүйелі жоспарларын әзірледі. Жүйелі жоспарлар негізінде туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Өткізілген зерттеулердің қорытындылары курорттарды дамыту кезінде жоспарлы түрде қолданылып отыратын болады. Мәселен, биылғы жылдың 12 мамырында Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған жоспарының 2-кезеңі бекітілді. Жалпы тұжырымдамада еліміздің бес туристік кластері қарастырылған. Олар –Астана, Алматы, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан. Ал елорданың солтүстігі мен оңтүстігі – іскерлік туризм ретінде, Алматы – халықаралық тау туризмінің орталығы ретінде айқындалған. Шығыс Қазақстан – экологиялық туризмнің даму орталығы. Оңтүстік Қазақстан кластері – мәдени туризм. Батыс Қазақстан кластері – мәдени және жағажай туризмі болып табылады. Аталған кластерлердің әрқайсысында ұлттық жобаларды іске асыру көзделген. Мәселен, Астана кластерінде – Бурабай, Алматы кластерінде – Оңтүстік Қаскелең мен Көкжайлау тау шаңғы курорттары, Шығыс Қазақстан кластерінде – Бұқтырма мен Катонқарағай, Батыс Қазақстан кластерінде – Кендірлі. Курорттық аймақтарды құру күрделі шығындардың үш элементін ұсынады – сыртқы магистральді инфрақұрылым, ішкі инженерлік, туристік инфрақұрылым және коммерциялық объектілер», деді Ә.Исекешев бұл турасында.
Сондай-ақ, министр инвесторлары бар кейбір жобалар жайына да тоқталып өтті. Олар – Алматы қаласының маңындағы «Көкжайлау» тау шаңғы жобасы мен Ақмола облысындағы «Бурабай» АЭА аумағындағы коттедждер қалашығы құрылысының жобасы. Бұған қоса, «Кендірлі» курортын дамытуға да туристік инвесторлар қызығушылық танытып отырған көрінеді. Ә.Исекешевтің айтуынша, түрлі жобаларды жүзеге асыру арқылы 2020 жылға қарай 150-170 мың жұмыс орындарын ашу, ІЖӨ-дегі туризмнің үлесін 1,5%-ға арттыру көзделіп отыр екен.
Отандық туризм насихаттауға мұқтаж
Отырыс аясында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов аталған тақырыпқа байланысты қосымша баяндама жасады. Ол туристік сала ел экономикасының жалпы дамуына серпін бере алатынын шетелдік прогрессивтік тәжірибе көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бәсекелес артықшылықтарды дұрыс пайдалана алған кезде, бұл индустрияға тікелей тартылған көлік, байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты 32 саланы дамытуға тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін екен. «Мәселен, халықаралық сарапшылардың деректері бойынша, туризм табыстылығы кіріс әкелу жағынан мұнай өндіру өнеркәсібінен және автомобиль жасау саласынан кейін әлем бойынша үшінші орынды иеленеді. Алайда, туристік әлеуетке бай Қазақстанда оның үлесі елдің ішкі жалпы өніміне шаққанда бар болғаны 0,3%-ды құрап отыр», деді өз сөзінде С.Әйімбетов.
Сондай-ақ, ол Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында ескерілмей қалған жәйттерге тоқталып өтті.
Біріншіден, туризм және саяхат саласындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес, 2013 жылы Қазақстан 140 елдің ішінде 88-орынға тұрақтаған екен. Бұл туристік әлеуеттің 2011 жылмен салыстырғанда бар болғаны бес сатыға көтерілгенін білдіреді. «Қазақстанда Туризмді дамытудың бес жылға (2007-2011 жылдар) арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын білесіздер. Оның шеңберінде 60 млрд. теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланған болатын. 2010 жылы бұл бағдарлама өз күшін жойды. Нәтижесінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына жеке бөлім болып енгізілді. Ал Индустрияландырудың 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезең жобасына туристік сала енгізілмеген. Бұл сонда «дамудың шегіне жеткеніміздің» көрінісі ме, әлде осы салаға деген немқұрайлылықтың белгісі ме? Демек, Үкіметтен мемлекеттік бағдарлама шеңберінде көзделген бюджет қаражаты қайда екенін және оның қалай пайдаланылғанын сұрайтын уақыт жетті. Себебі, тиісті бақылаудың жоқтығы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар әрекетінің келіспеушілігі мен үйлесімсіздігі саланы дамытуға және тұтастай қоғамға үлкен шығын келтіріп отыр. Мұндай тәсілмен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», деді депутат. Оның сөзіне сүйенсек, жаңа тұжырымдамада туризмге әртүрлі көздерден 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаражат салу ұсынылыпты.
С.Әйімбетов орталық және жергілікті атқарушы органдардың отандық туристік индустрияның жағдайын жақсарту бойынша үйлестірілген қандай да бір айқын іс-қимыл жоспары жоқтығын да сынға алды. Сондай-ақ, алда сырттан келетін және ішкі туризм көлемін ұлғайту есебінен тұрғындарды жұмыспен қамту, мемлекет пен халық кірісінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құру міндеті тұрғанын жеткізді. Бұл ретте ол туристік саланың тартымдылығын арттыру үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар визалық режімді, көші-қонды және шетелдіктерді тіркеуді оңайлату, құқықтық тәртіпке, денсаулық сақтауға және санитарлық-гигиеналық жағдайлардың жай-күйіне бақылауды күшейту, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кредит беру шарттарын оңайлату, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және инвестициялық преференциялар беру тетіктерін жетілдіру, өңірлік деңгейде жеке туризм басқармаларын құру мәселелерін назарда ұстау қажеттігін атап көрсетті.
Отырыс соңында депутаттар министрге мәселеге қатысты сауалдар қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».