Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов жақында арнайы сапармен Жамбыл облысының Қордай ауданында болды, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Агенттік төрағасы сапары барысында Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдық округтерінде болып, мешіттерді аралады, мешіт имамдары және жамағаттарымен жүздесіп, ондағы халықтың діни сауаттылығын арттыру және теріс діни ағымдардың әрекеттеріне қарсы атқарып жатқан жұмыстарының жай-күйімен танысты.
Агенттік төрағасының сапары Сортөбе ауылдық округіне қарасты Бұлар батыр ауылында аудан әкімі Қ.Досаевтың, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы С.Айдапкеловтің, білім саласының қызметкерлері мен учаскелік полиция қызметкерлерінің, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен облыс және аудан имамдары, ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен кездесуге ұласты.
Сапардың екінші күні Қордай ауданы әкімдігінде облыс әкімі К.Көкірекбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің көшпелі кеңейтілген отырысы өтті. Оған жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының қызметкерлері, кеңестің қоғамдық және діни бірлестіктер өкілдерінен тұратын мүшелері, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті өкілдері қатысты.
Кеңес отырысында Қордай ауданының Сортөбе, Байзақ ауданының Қызыл Жұлдыз, Жуалы ауданының Ақсай ауылдық округтері әкімдіктерінің тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру және радикалды діни ағымдардың ықпалына түсудің жолын кесу бойынша атқарған жұмыстары қаралып, ауыл әкімдері баяндама жасады. Одан кейін С.Айдапкелов облыстағы діни ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Ал М.Әзілханов аудандағы діни ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты пікірін айтып, осы бағыттағы іс-қимылды одан әрі жетілдіру үшін бірқатар нақты ұсыныстарын берді.
Отырысты К.Көкірекбаев қорытындылап, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында ауылдық округтерде құрылған ақпараттық-насихаттық топ жұмыстарын жандандыруды, жастар арасында радикалды діни ағымдардың ықпалына түсудің жолын кесу мақсатында дәстүрлі ислам құндылықтарын және ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау жұмыстарын одан әрі жалғастыруды, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру үшін мемлекеттік әлеуметтік саладағы кешендерді тиімді пайдалана отырып, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етуді кеңес мүшелері мен облыс әкімдігінің мүдделі басқарма басшылары және Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне тапсырды.