Орталық коммуникациялар қызметі орталығының Алматы бөлімшесінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіштері бойынша журналистерге брифинг өткізді.
Еліміздің өзге аймақтарымен тікелей байланыс түрінде жүргізілген брифингке министрден өзге Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің төрағасы Зәбира Оразалиева мен Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевтер қатысты.
Министрдің айтуынша, 2014 жылғы ҰБТ-ға 87 мың, яғни 65 пайыз бітіруші қатысып, олардың 13 мыңнан астамы 100 балдан жоғары жинаған. 2013 жылмен салыстырғанда бұл 3 пайызға жоғары. Ең жоғарғы көрсеткіш – 125 балдық деңгейді еліміз бойынша 4 оқушы еркін бағындырған. Сондай-ақ, апелляцияға 400-ден аса сұрау салынып, олардың 84-і 14 маусымға дейін толықтай қанағаттандырылған. Бұдан өзге 50 балдық деңгейден өте алмаған бітірушілердің жалпы саны 20 мың, яғни 23 пайыз. Былтыр бұл көрсеткіш 28 пайыз болған.
Министр келтірген дерек бойынша, ҰБТ-ға қатысу мен ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуде алдыңғы орында Алматы қаласы, екінші орында Астана, одан кейін Ақтөбе қаласы мен Батыс Қазақстан облысы тұр екен. Мұны А.Сәрінжіпов Алматы, Астана секілді қалаларда білім беру деңгейінің өсуі мен жоғары санатты мұғалімдер қатарының артуымен, сондай-ақ ірі қалаларда ізденімпаз жастарға толықтай жағдайдың жасалуымен және мүмкіншіліктердің көптігімен түсіндірді.
Былтыр қалалық жерде орташа білім деңгейі 79 балды көрсетсе, биыл 81,5 балл. Ал аудандық жерлерде 70,3 балл болса, биыл 72,19 балды көрсетіп отыр. Қала мен аудандар арасындағы 10 балдың әжептәуір айырмашылық екенін айтқан министр келешекте бұл көрсеткіштің өсуімен қатар деңгейлесуіне де үлкен мән берілетіндігін жеткізді.
Соңғы 2-3 жыл көлемінде бітірушілердің биология мен физика пәніне қызығушылықтары артқаны белгілі болды. Бұл дегеніміз еліміздің жастары техникалық салаға мән беріп, күрделі ғылымға ұмтылып жатқанын айғақтайды.
2014 жылғы ҰБТ қорытындысы еліміздің мектеп бітірушілері арасында «Алтын белгіге» лайықтылар сапасының артқанын да көрсетті. Бұл белгіге лайық деп ұсынылған бітірушілердің биыл 42 пайызы өз білімімен «Алтын белгі» иегері атанса, былтыр 34 пайызы ғана осы белгіге лайық болған-ды. Егер сападан санға көшер болсақ, биылғы көрсеткіш бойынша пайыздық деңгей аз болғанымен, «Алтын белгіні» қорғаушылар саны жоғары деңгейді көрсетті.
Білім және ғылым министрі ҰБТ бойынша ең жоғары балл жинаған мектептердің тізімін де атап өтті. Олардың арасында Астана, Орал, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Қостанай мен Кентау қалаларындағы білім ордалары бар.
Жиында, биылғы ҰБТ-ға қатысушы түлектердің жалпы саны елдегі демографиялық көрсеткіштермен тікелей байланысты екендігі айтылды. 2014 жылы 133 мың оқушы мектеп бітірсе, былтыр 139 мың түлек бітірген, яғни, биыл бізде мектеп бітірушілер саны 6 мың балаға азайып отыр. Және бұл көрсеткіш алдағы 3-5 жыл бойына қайталанады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.