Тарих • 30 Қаңтар, 2023

Дала мен дарын

299 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өмірдің өзіндей қарапайым, сонысымен де жүрекке жылы тиетін Еркін Ібітанов поэ­зиясына, оның еш қоспасыз, боямасыз әлеміне айналып келіп соға беретініміз аспанкөңіл ақынның тау бұлағындай тұнық өлеңіне бала кезден сусындап өскенімізден болар. Қарасаз ана құндақтаған егіз ұл Мұқағали мен Еркіннің өлеңдегі өзені арналас, қасиет қалыбы таңбалас көрінеді кейде...

Дала мен дарын

Мұзбалақ ағасын сағынғанда «Хантәңірі, қайдасың!» деп кең дүниені дүбірге бөлеген шайыр жүрек мәңгілікке дамыл тапқалы да талай көктем өтті. Елшенбүйректен ескен сал­қын самалдай сырлы шумақтар ауылға бара қалсаң алдыңа ақ құртын тосатын әзиз анаң болып көңіл тербейтінін қайтерсің... Ақын­ның сырласы да, мұңдасы да, жан дертінің дауасы да, аялайтын анасы да – туған өлке топырағы. Бәлкім сондықтан да әр өлеңінен даланың үні естіліп, ауылдың исі аңқиды.

«Мен қойшымын, қой сырын

жастан ұқтым,

Дей алмаймын өмірден бос қалыппын.

Әкем сатып әперген топылимен,

Шаңын сүртіп жүргем жоқ асфальттің...

...Біздің қазақ қой десе бала жастан,

Ішкен асын тастай сап араласқан.

Эстафета таяғын қойшылықтың,

Бір ұрпақтан бір ұрпақ ала қашқан...» Ерағаңның жиырмаға жетер-жетпес шағында жазған әйгілі «Қойшылар» поэмасының шумақтары бұл. Ұлтының тыныс-тіршілігін, атакәсібін арқау еткен, сол арқылы өткеннің өнегесін толғаған дала перзентінің үні қазақ баласының жүрегін жылытты, рухын қоздатты. Асау өзендей арқыраған  ақынның әр шумағынан дала сарынын тыңдап бағыңыз. Өлең өлкесіне еркелеп енген Ерағаң өмір бойы ауылда тұрды.

Әдебиетте жиі айтылып қоятын «Талант­тар ауылда туып, Алматыда өледі» дейтұғын тіркесті тілге тиек етіп «қалаға барып әдеби ортаға қосылсаңшы», дейтін қаламдастарына: «Әй қойыңдаршы тәйірі, қалада өздерің-ақ өле беріңдер. Менің кіндігім ауылға бай­ланған. Даламнан ажырай алмаймын», деп қағы­татын қағілез ақын өмірлік мұратын туған то­пырағынан іздеп, арман-аңсарын аядай ауылға таңған еді. Жоғарыдағы жолдарға орайы келгенде:

«Өлеңін салған саудаға,

Ақынның бәрі сарт емес.

Ауылда туған ақынға,

Алматыда өлу шарт емес»,

деп әзілмен түйреп, ұтымды үн қатқаны тағы бар. Туған өлкенің тұмса табиғатын өлең ғып өріп, тауы мен тасын, нуы мен суын, жауыны мен дауы­лын жыр тілімен кестелеген ол тағы бірде:

«Тянь-Шанның адыр-адыр алабы,

Текшелене көзді тартып барады.

Аңғарынан ерте соққан ескек жел,

Жас қайыңның бұйра шашын тарады.

Көрдіңіз бе тау өзені – албырт-ты?

Толқындарын тастан-тасқа қарғытты.

Ақыр шаршап, көлге жетіп дамылдап,

Жеңіл бумен тұмшалана қалғыпты...»

деп тамылжыған тау келбетін кенепке кө­шір­ген туындыгердей өлеңмен сурет салады. Өзен сыл­дырымен тілдесіп, ескен жел­мен үндеседі. Бақыт та, жарасым да, жылы­лық та ақын үшін туған жер қойнауында жасырынған.

Өмір өрнегін шолып өтсек, таулы өлкеге атбасын бұрған ақындар Ерағаңа соқпай кетпеген. Өз топырағынан жолықтырған тамшы суын өмір даласының алабына ақкөңіл­мен ұсынған ақынның даңқы алысқа жайылға­нын аңдаймыз. Ақынның жары Алтынкүл апай бір сұхбатында: «Еркінді Алматыға кел деп шақырғандар көп болды. Бірақ ол ел-жұртын қиып кете алмады. «Қасқа бұлақ қасыңнан неге кеттім, Не деген жел айдаған көбелекпін. Еркіндік, еркелікті місе тұтпай, Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін», деп ұлы Мұқағалидың өкініп жазғаны бар ғой. Кім біледі, егер қалаға көшсе өкінгеннің көкесі Еркінде болар ма еді деп те ойлаймын. Ол аудандық газетте еңбек ете жүріп, ұлт руханиятына аз үлес қосқан жоқ. Артынан ерген шәкірт інілері соның дәлелі. Нарынқол ауданы – Алматыға соншалық қашық емес. Оспанхан, Тоқаш, Әбіш, Қадыр, Тұманбай, Әсет Бейсеуов секілді қанаттас-қаламдастары Еркінді іздеп келіп төрімізден табылатын. Ал еңбек демалысында Еркін алматылықтардың қатарына қосылатын», деп еске алады.

Қадыр ақынның жазғы демалыста досы Еркіннің еліне қонаққа барып аунап-қунап қайтқанын, сол сапардың қызығы мен шы­жы­ғын әзілмен түйрей жазған «Еркінге» дейтұғын өлеңі, абыз Әбіштің «Хан Тәңірінің етегінде немесе «Тянь-Шань эскиздері» атты терең толғаныстан туған жазбасы Ібітанов­тың Алматы мен Аспантау арасында әдеби көпір орнатқан нағыз талант екенін әйгілеп тұрғандай.

«Таулар!..

Таулар – асқар құз, биік мекен,

Туған жер неге сонша сүйікті екен.

Алысқа жолаушылап шыға қалсам,

Өзіңді әрең-әрең қиып кетем.

Таулар!

Таулар, азық қып гүл шырынын,

Сенде өтті күнім, түнім – тіршілігім.

Сенен аққан өзеннің толқынымын,

Сенде өскен шетеннің бүршігімін...»

Ол әдебиет әлеміне шайырға тән шалқар шабытымен, көңіл көрігін қыздырар отты ойларымен келді. Қара өлеңнің қарагерін кісінетіп жыр аламанында балаң жасынан бапталған шайырдың арманы елімен егіз, халқымен қанаттас. Әкелер жұртының ошақ жылуымен бірге. Алып кеудесі өзі жырға қосқан туған жер топырағында мәңгілік дамыл тапқан ақынның табиғаты, туған өлке табиғатынан бөлшектенбейтін біртұтас әлем.

 

АЛМАТЫ