Білім • 30 Қаңтар, 2023

Білім бағдарламасының озығы қайсы?

356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының 2022 жылға арналған білім беру бағдарламасының рейтингін жариялады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жүргізген рейтингтің жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында қарым-қатынасты нығайтуға, нарық сұранысына сай кадр даярлауға септігі тиеді.

Білім бағдарламасының  озығы қайсы?

Ғылым және жоғары білім ми­нис­тр­лігінің Ғылым және жоға­ры білім саласындағы сапаны қам­та­масыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, білім беру бағдарламалары 19 критерий бойынша бағаланған. Рей­тинг әдістемесі жоғары оқу орын­дарымен, қоғамдық қызмет сарап­шыларымен ашық талқылау нәти­же­сінде қабылданған. Рейтинг үш негізгі блокқа біріктірілген. Яғни түлектердің мансаптық перспективасы, білім беру бағдарламасының сапасы және олардың жетістігі ес­ке­рілген. Ескеретін жайт, былтыр Жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламасының сапасы мен өзектілігі бойынша жұмыс беру­ші­лердің қанағаттануы 67%-ды құ­рапты. Жұмыс берушілер тарапынан үш жылдағы динамика 15%-ға өскені байқалады. Сондай-ақ былтыр түлектердің 67%-ы тұрақ­ты жұмыспен қамтылғанын атап өтке­ні­міз ләзім.

– Бұл – жақсы нәтиже. Білім беру бағдарламаларының 82%-ы жұ­мыс берушілермен келісілген және практикалық тәжірибесі бар мамандар оқу процесіне тар­тыл­ды. Ол үшін министрлік қажетті жағдайлар жасап, тиісті норма­тив­тік құжат­­­та­рға өзгерістер енгіз­ді. Бүгінгі таңда жекелеген бі­лім беру бағ­дар­ламаларына тар­тыл­ған прак­тик-мамандардың үлесі 71%-ға жетті. Білім беру бағдар­ла­ма­ла­ры­ның 91%-ы танылған аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеуден өтті. Бұл да олардың сапасының жақ­сар­ғанын растайды. Түлектердің жұ­мысқа орналасуының орташа пайызы 79%-ды құрады. Ал жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы – 97 күн, яғни 3 айға дейін. Сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша тіпті ай ішінде жұмысқа орналасады, – дейді Г.Көбенова.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов те рейтингтің талапкерге мамандық бойынша ЖОО таңдауға көмегі тиетінін айт­ты.

– ЖОО үшін де рейтингте қолда­нылатын критерийлер бо­йынша анықталатын объективті көрсет­кіш­тер өте маңызды. Олар рейтинг нәтижелерін, әсіресе өз түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейін, жұмыс іздеу ұзақтығын әрқашан бақылап отырады. Рейтинг қорытындысы білім беру бағдарламаларын өзгерту, жетілдіру, тіпті жабуға байланысты шешімдер қабылдауға көмектеседі. Рейтинг нәтижелері ЖОО арасында бәсекелестікті арттыратынын атап өту керек. Ал бәсекелестіктің болуы сапаның артуына ықпалдасатыны белгілі. Сонымен қатар рейтинг әдістемесі де жыл сайын жетіл­ді­ріледі. Әдістемеге өзгерістер енгі­зер алдында «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлік палатасы министрлік өкілдері мен ЖОО ректорларының пікірін ескереді. Бұл – осымен бесінші жыл атқарылған жұмыстың нәтижесі. Рейтингте 2 мыңнан аса білім беру бағдарламасы, 80 мың­нан аса түлек, еліміздің барлық өңі­рінен 200-ден аса салалық сарапшы мен жалпы 97 жоғары оқу орны қамтылды, – деді спикер.

Биыл түлектердің орташа жа­­­ла­­­қы­­сын­ ­объек­­тивті­ бағалау үшін­ олар­дың­ ор­таша жалақысын есеп­­­теу туралы­ шешім қабыл­да­­­ныпты. Себебі осы көрсеткіш тү­­лек­­­­­тердің негізгі бөлігі алатын соманы көрсетеді екен. Тал­дау көр­­сеткендей, түлектердің ме­диан­­дық жалақысы 155 621 тең­ге ш­ама­сында қалыптасқан. Ең жо­­ғ­­ары жалақыны (196 769 теңге) Маңғыстау облысының түлектері алса, ең төмен жалақы (124 895 теңге) – Шымкент қаласының тү­лек­­терінде. Ең жоғары медиандық жа­лақы көлемі «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағы­­тына тиесілі. Яғни осы сала­да­ғы түлектердің жалақысы 221 841 тең­гені құрайды.

А.Бейсенбеновтің айтуынша, былтыр Ветеринария бағытында жұмыс­қа орналасу деңгейі жоғары болыпты. Тағы бір статистикаға тоқ­талсақ, өңірлер арасында жұ­мыс­қа орналасу деңгейі бо­йынша бірінші орында – Батыс Қазақстан облысының түлектері (86%), екін­ші орында – Алматы облысының түлектері (85%), ал үшінші орында Атырау облысының түлектері (84%) тұр. Ал жұмысқа орналасу деңгейі төмен өңірлердің тізімінде Қызылорда және Түркістан облыс­тары (73%) екен.

Сондай-ақ спикер маман­ды­ғы бойынша жұмысқа ор­на­ласқан түлек­тердің көшін денсаулық сақ­тау саласы бас­­тап тұрғанын еске салды. Ашып айтар болсақ, медици­на ма­мандығы бойынша білім алған түлектердің 69%-ы жұмысқа орна­лас­қан. Сол секілді тізімде педагогика саласындағы түлектердің көрсеткіші 60% болса, құрылыс саласында жас мамандардың 30,6%-ы мамандығы бойынша жұ­мыс іс­тей­ді. Осы қатарда ең төмен көр­сет­кіш (19,4%) ауыл шаруашы­лы­ғы саласына тиесілі.

Рейтинг нәтижесі көрсеткендей, жоғары балл жинаған талапкер­лер­дің басым көпшілігі Қазақ­стан-Британ техникалық универ­ситетін, Астана медицина универ­си­тетін және Асфендияров атын­да­ғы Қазақ ұлттық медицина уни­вер­ситетін таңдайды. Білім беру бағдарламарына талдау жүргізу барысында халықаралық рейтинг­терде жоғары сатыда тұрған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, сол секілді Сәтбаев, Әуезов атындағы университтер «Атамекен» ҰКП рей­тин­гін­де – жоғары орында. ҚазГЗУ, ҚБТУ, АУЭС, КИМЭП, Қара­ған­ды медицина университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина университеті және басқа да оқу орындары тізімнің ба­сын­да тұр.

Әрине, кез келген талапты жас өзі таңдаған мамандықтың біл­гі­рі болуға ұмтылады. Сондық­тан оны мамандығы бойынша бі­лім беретін жоғары оқу орны­ның оқу бағдарламасы қызық­тыр­май қоймайды. Яғни маман­дық таңдаудан қателеспеген түлек ЖОО таңдауда да дұрыс шешім қа­­был­­дауына білім беру бағдар­ла­ма­­сының рейтингі үлкен олжа деп айтсақ болады.