Қоғам • 30 Қаңтар, 2023

Кітапхана – өркениет ордасы

146 рет көрсетілді

Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылықтың киелі ордасы. Ал осындай киелі орданың жүрегі – кітапханашы.

Кітапхана жұмысы көзге көріне бермейтін ағысы баяу терең өзен секілді. Осы қызықты да жауапты жұмысты атқаратын кітапханашылардың алға қойған мақсаты – ертеңі бар елдің жас­тарын өркениет әлеміне бастайтын жол көрсету, мәдениет көшінен қалдырмай, тәрбиелі, білімді ұрпақ қалдыру ісіне ықпал ету. Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы ма­мандығының қыры мен сырын аңғара алмақ.

Қазіргі таңда кітапхана құнды­лығы қан­дай? Кітапха­нашы – үлкен құрмет­ке ие ма­ман­дық. Себебі ұр­пақ­тарды тәрбиелейтін ұстаз да, бола­шақ­­тың басшысы да, данасы да, ға­лы­мы да, еңбекқор егіншісі де, кен­шісі де кітапханашы алдына келе­ді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақ­тасақ, сол ұрпақты білім­ді болуға, ұлт­жан­дылыққа тәрбиелеп жүр­ген кітап­ханашыларды да солай ардақ­тауға міндеттіміз. Сон­дықтан да, бұл маман­дықтың абы­ройын көтеретін істер жасалынуға тиіс деп ойлаймын.

Қазіргі таңда елімізде кітап­хана ісі мамандарын Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық қыздар педа­гогикалық университеті, М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті секілді іргелі оқу орындары даярлап келе жатыр. Аталған оқу орындарын бітірген жас мамандар өздері бітірген оқулары бойынша маман болып қалыптасып, жанашырлықпен еңбек етуі керек. Сол кезде ғана мамандық өз құндылығын көтереді.

Кітапханашы жас буынға рухани бағдар беретін тұлға ретінде танылуға тиіс. Заман көші ілгері жылжып, қазіргі ақпараттандыру кезеңінде оқулықтар, басқа да басылымдар электронды форматқа көшіріліп жатыр. Жаhандану заманында кітапхана жұ­мысында жаңа технологияларды қол­дану – кітап­хана саласын дамытып, оқырман қатарын толықтыруға септігін тигізері мәлім. Сондықтан да, заман талабына сай кітапхана қызметкерлері де жаңа белес­терден көрінуге тиіс. Болашақта еліміздің кез келген өңірінде, шет аймақтарда жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кітапханалар бой көтерер болса, бәсекеге қабілетті азаматтар қатары көбейері анық.

Бүгінгі таңда кітапхана – пайда­ланушыларға ақпараттық қызмет көрсетудің негізгі қоғам­­­дық-мәдени орта­лығы. Ал кітапханашы кітап қа­рауы­лы емес, сол кітаптарды жә­не елі­мізде болып жатқан жағдай­ларды наси­хаттаушы, жаңашыл көзқарастағы тұл­ға, рухани мұ­раны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші.

Болашақта еліміздегі кітап­хана саласының дамуына өз үлесін қосар және осы мамандықты дәріптейтін жас­тар қатары толыға түссе, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуға үлкен үлестерін қосқаны деп білеміз.

Ал кітапхана өркениетке жетелейтін күш екенін ұмыт­пайық.

 

Гүлмира СӘБДЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Жансая ҚОСМЫРЗА,

«Кітапханалық ақпараттық жүйе»

мамандығының докторанты

Ұқсас жаңалықтар