17 Маусым, 2014

10 елдің азаматтары үшін визасыз тәртіп орнайды

366 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
12 маусымда Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің Бурабайда өткен отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда 10 елдің азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатылатынын жариялады. Қазақстан Үкіметі 2014 жылдың 15 шілдесінен 2015 жылдың 15 шілдесіне дейінгі аралықта АҚШ, Нидерланд, Ұлы­британия, Франция, Герма­ния, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Респуб­ликасы мен Жапония азаматтары үшін визасыз тәртіп орнату бойынша тиісті шешім қабылдады. Аталған аралықта осы он елдің дипломатиялық, қызметтік, ұлттық төлқұжаттарына ие азаматтарына мемлекеттік шекараны өткеннен бастап 15 күннің ішінде көпреттік түрде Қазақстан Республикасының аума­ғына визасыз кіріп, шығып, транзитпен өтуге мүмкіндік беріледі. Жоғарыда аталған елдердің азаматтары Қазақстан Республикасы аумағында 15 күннен артық болатындай дәйекті қажеттілік пайда болса, олар заңмен бекітілген тәртіп бойынша Қазақстанның ішкі істер органдарында «іскерлік» санаттағы және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде «инвесторлық» санаттағы тиесілі визаларын алуы қажет. 2014 жылы 15 шілдеден 2015 жылдың 15 шілдесіне дейін визасыз тәртіптің орнауы алғаш енгізілетін тәжірибе болып табылады. Бұл жобаның іске асырылуы қорытындылары бойынша Қазақстан Үкіметі оны жалғастыру не тоқтату туралы шешімге келеді. Қазақстанның бұл бастамасы екіжақты серіктестік қатынастардың нығаюына, шетел іскерлері мен туристерге елімізде оңды жағдай тудыруға бағытталған. Жоба шеңберінде жоғарыда аталған елдер азаматтары Қазақстанға визасыз келіп, тарихи, туристік және табиғи назар аударарлық орындарын өз көздерімен көріп, Қазақстан мәдениетімен жақынырақ танысып, бизнес байланыстар орната алады. «Бұл – өзге мемлекеттер­мен ынтымақтастықты жеңіл­де­­туге, инвестицияларды тар­туға және Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан­ды­рыл­ған көрмесінің қарсаңында халықаралық қатынасқа жағ­дай жасауға бағытталған елі­міздің ерекше қадамы», деп Қа­зақ­станда аккредиттелген шетел елшілерімен және консулдары­мен кездесуінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Сыртқы істер минис­трінің бірінші орынбасары – ЭКСПО-2017-нің ұлттық комиссары Рәпіл Жошыбаев мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстан визасыз тәртіпті бір жақты орнатып, жоғарыда аталған және өзге де мүдделі елдермен еліміздің азаматтары үшін визалық талаптарды жеңілдету бойынша келіссөздерді белсенділендіре түседі. «Болашақта, визасыз елдер тізімін кеңейткен кезде, Қа­зақ­стан әрбір елге кірердегі виза алу үрдісінің қаншалықты қиын болатындығына ерекше назар аударып, Қазақстан азаматтарына виза алу үшін оңды жағдай жасайтын елдер үшін визалық тәртіпті алып тастайтын болады», деп атап өтті Р.Жошыбаев. «Егемен-ақпарат».