Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Стэнфорд университетінің сарапшылары библиометриялық зерттеу негізінде жыл сайын әлемдегі үздік ғалымдардың рейтингін шығарады. Бірінші рейтингте мансабында ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар белгілі болса, екіншісінде кейінгі жылдағы еңбектеріне ең көп сілтеме жасалған ғалымдар ұсынылған. Яғни Scopus базасында жарияланған материалдар бойынша көш бастаған ғалымдар іріктелді.
Сонымен 2021 жылы жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған авторлардың және мансабында еңбектеріне ең көп сілтеме жасалған ғалымдардың тізіміне Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов енді. Оның астрофизика, гравитация, космология және солитон теориясы бойынша ғылыми еңбектеріне көп сілтеме жасалған. Осы тұста үздік ғалымдар рейтингіндегі «Болашақ» бағдарламасының екі түлегі Нұрлан Оразалин мен Сәрсенбек Монтаевтарды да ерекше атап өтуге болады.
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев құрылыс материалдары өндірісіндегі жаңа технологияларды әзірлеумен айналысады. Ол Жапонияда «Нанотехнология» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.
Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасының түлегі, ғалым Нұрлан Оразалиннің еңбектері де жоғары бағаланып отыр.
«Мені әлемдегі ең көп сілтеме жасалған ғалымдардың 2%-ына қосқанын білгенде қуандым. Бұл көпжылдық еңбектің және жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білемін. Ғылыми материалдарымның тақырыптары – корпоративтік басқару, тұрақты даму, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік, бухгалтерлік есеп пен қаржының өзекті мәселелері төңірегінде. Әлем ғалымдары менің ғылыми жарияланымдарыма сілтеме жасағаны, әрине, қуантады», дейді КИМЭП университетінің бухгалтерлік есеп және қаржы ассистент-профессоры Н.Оразалин.
Жыл сайын ғылымның дамуына мемлекеттен ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Мысалы, қазір «500 ғалым» жобасы бойынша шетелде тағылымдамадан өтетін ғалымдарды іріктеу жалғасып жатыр. Бұл бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жыл сайын 500 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында бекітілген. Яғни жетекші мамандар мемлекет есебінен тағылымдамадан өтіп, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтар мен салалық ұйымдарда зерттеу жүргізеді.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы өтініштерді қабылдап, ғалымдарды іріктейді. Былтыр біз ғалымдарды іріктеудің жаңа ережелерін әзірледік. Осының нәтижесінде енді комиссия құрамына инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторлары енеді», дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Тағылымдамадан өтуге арналған ұйымдардың тізімінде халықаралық академиялық рейтингтердің топ-250 позициясына кіретін 416 шетелдік жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу орталығы мен салалық ұйымдар бар. Мысалы, осы тізімде Принстон, Йель, Токио университеті, Лондон империялық колледжі, Корей озық технологиялар институты, Сингапур физикалық-химиялық зерттеулер институты, сондай-ақ Майкрософт, Эппл Инк, Тойота групп, Самсунг секілді ірі корпорациялар, жетекші ЖОО мен зерттеу орталығы бар. Мемлекет тағылымдамадан өтуге іріктелген ғылымдардың шығынын өтеп, ай сайын стипендия төлейді. Еске салсақ, өтінімдерді қабылдау 15 наурызға дейін жалғасады.