Қазақстан • 30 Қаңтар, 2023

Көші-қонның жаңа тәртібі күшіне енді

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда пана іздеп келген шетелдіктердің саны артып отыр. Қазіргі уақытта өңірде осындай 54 шетел азаматы жүр. Олардың дені – Ресей, Германия, Украинадан келгендер.

Көші-қонның жаңа тәртібі күшіне енді

Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­лама­лар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың мәліметінше, әзірше босқын мәр­тебесі ешкімге берілген жоқ. 27 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мем­лекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасы аумағында болу мерзімін шектеуді көздейтін өзгерістер күшіне енгені мәлім. Оған сәйкес, енді шетелдіктер үшін әр алты айда 90 тәулік лимит беріледі. Бұған дейінгі тіркеу рәсімдерінің берекетсіздігінен экономикалық одақ елдерінің азаматтары әр 90 күн сайын шекарадан әрлі-берлі өтіп, Қазақстанда тұрақтап қалып жүретін. Енді шекарада жаңа тәртіп орнады. Шетелдіктер Қазақстан кіріп-шыға беретін ашық қақпа емес екенін ұғынғаны жөн.

– Біздің елден пана іздеп келген өзге мемлекеттердің азаматтары облысымызда баршылық. Атап айтқанда, ондай шетелдіктердің саны – 54 адам, негізінен Ресей мен Германияның және Украинаның азаматтары. Олар Ертістің Павлодар өңірінде тұрады және жұмыс орындарында еңбек етіп жүр. Ал жыл басынан пана сұрап келген бөгде ел азаматтарының жалпы саны 87-ні құрайды. Адамдар тұтас отбасымен келіп жатқан жағдайлар да тіркелді, – дейді А.Дисюпова.

Былтыр Ресейде мобилизация жария­лан­ғанда Қазақстанға ағылған нөпір­дің көбі Павлодар аумағын басып өтті. Сол уақытта жергілікті кәсіп­кер­лер қайырымдылық астарын ұйымдас­тырып, ресейліктерге тегін баспа­на да ұсынған жағ­дай­лар кездесті. Тіпті «Аза­мат­тар­ға арналған үкімет» корпо­ра­ция­сының халыққа қызмет көрсе­ту орталықтарында ЖСН алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрғандарға тегін дас­тарқан жайылғанын да көз көрді. Мұн­дай жалпақшешейлік біздің отандас­тары­мыздың басым бөлігіне ұнамаға­ны мәлім. Жергілікті билік өкілдері жоға­рыдағы қайырымдылық шара­лары­ның барлығы жеке азамат­тардың өз бастамалары бойынша жүзеге асқа­нын айтады. Өзге елден уақыт­ша кел­гендерді әлеуметтік қолдау біздің мемле­ке­тіміздің заңнама­сында қарастырылмаған.

Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Дәулет Ысқақовтың сөзіне сүйенсек, былтырғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында өңірімізде болған ресейліктер қазір Қазақстан аумағына тағы келе алады. Оларға 90 күн осында тұруға рұқсат етіледі. Одан соң пана іздеп келгендер елдеріне қайтып, арада 3 ай өткенде ғана шекарадан бері өтуіне рұқсат. Ертіс-Баян аумағында бүгінде шамамен 2 мыңдай ресейлік азамат жұмыс істейді. Өткен күзде келген 440 азамат Қазақстанда тұру ыхтиярхатын рәсімдеп үлгерген.

Естеріңізге сала кетейік, 27 қаңтар­­дан бастап Қазақстанда жаңар­тыл­ған көші-қон ережелері күші­не енді. Енгізілген өзгерістерге сәй­кес, енді елімізге визасыз келген шет­елдіктер елде 30 күн ғана бола алады. Ал 6 ай ішінде визасыз келген шетел азаматтарының елде болу мерзімі 90 күннен аспауы керек. Елімізге келген ЕАЭО аза­мат­тары үшін 180 күн ішінде 90 күн­нен аспайды. Бұрынғы талапта бұл мәсе­ле реттелмеген, яғни шетел­діктер Қазақ­станда жүріп-тұру мерзі­мі аяқ­тал­ғаннан кейін елден кетіп, қайта келіп, мерзімді жаңарта алатын еді.

 

Павлодар облысы