Пікір • 30 Қаңтар, 2023

Ауылды намысшыл ағайын көтереді

202 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығын дамыту ісінде әлі күнге дейін ашып айтпай келе жатқан бір үлкен кемшілігіміз – қазақ халқының ұлттық болмысы мен оның жерінің ерекшеліктеріне дұрыс назар аудармайтынымыз. Мұны мен ұзақ жылдар бойы журналист ретінде Үкімет отырыстарына тұрақты түрде қатысып, мақала дайындаған кезімде байқадым.

Шынын айту керек, ауыл шаруашылығын дамыту ісіне кейінгі жылдары аз көңіл бөлінген жоқ. Мәселен, 2002-2004 жылдарғы үш жыл қатарынан «Ауыл жылдары» деп жарияланып, ауылды қаржылай қолдау ісі осы кезден бастап қолға алынғаны белгілі. Содан бері де ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында үлкенді-кішілі қаншама бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарламалар дамыған шет мемлекеттер сынынан өткен жақсы тәжірибелер еді. Әр бағдарлама аз ба, көп пе, әйтеуір қажетті қаржымен қамтылып отырды. Бірақ сол қаржылардың құмға сіңген судай болғанын байқаймыз. Шетелдіктердің жақсы тәжірибелері қазаққа келгенде жақсы жұмыс істеп кете алмады. Өйткені алыстағы ауылдардың бұрынғысынша әлі де кетеуі кетіп тұр. Ауылдан ел көшуінің тоқтар түрі жоқ. Әсіресе бұл жағдай шекаралық өңір­лерге тән болып отыр.

Осыдан туатын қорытынды, менің ойымша, ендігі кезекте ауылды дамытамыз десек, ең алдымен бөлінген қаржыны үйлестіретін адамдардың менталитеті мен ұлттық дәс­түріне, отбасылық құндылықтарына мән беруі­міз керек. Кезіндегі кеңшарлар мен ұжым­шарлар жүйесі жойылып, орнына шар­уа қожалықтары құрылған кезде осы іске мән бермегендіктен ауылдардың негізгі тірегі болған еңбек адамдарының үлкен әулеттерін, соның ішінде малшылар мен диқандар, механизаторлар әулеттерін ауылды жердің өзінде сақтап қала алмадық. Бір отбасында өскен бес-алты жігіт қолдарына тиген азын-аулақ малдарын сатып құртты да қалаға қарай бет алды. Бірі аудан орталығына, бірі облыс орталығына, ал енді біреулері Астана мен Алматыға қарай көшті. Бірақ қалаға келіп бәрінің бірдей жолы болып кете қойған жоқ. Осылайша, еңбек әулеттерінде кәсіптік қана емес, жалпы тіршілік тұрғысынан ыдыраушылық пайда болды. Бірақ олардың бойында бір-біріне деген бауырмашылық сезімдерінің сақталып қалғанына әбден сенімдімін. Өйткені қазақ халқының ұлт ретіндегі бір ерекшелігі – оның бауырмалдығы.

Бұл бауырмалдықтың өзі ұлы даламыздағы мыңдаған жылдар бойғы тұрмыс-тіршілік негізінде қалыптасқан еді. Әрбір әулет немесе бір атаның балалары бірлесіп күн көріп, он-он бес әрі кетсе жиырма шақты үйден бұлақ басында ауыл құрап отыратын. Олар өзара тонның ішкі бауындай еді. Үлкен кеңшарлар жүйесі бұзылған кезде осы бір тарихи фактіні, қазақ тіршілігінің осындай ерекшелігін ескеруіміз керек еді деп ойлаймын. Сонда ауылдарымыз қазіргідей тоз-тозы шығып, ауыл халқы қалаларға қарай қопарыла көшпес те еді.

Дегенмен өткен өтті. Ал болашақ үшін ештеңе кеш емес. Алдағы уақытта ауылдарды дамытамыз десек, халқымыздың осындай ұлттық ерекшеліктерін ескеріп отыруымыз керек. Кешегі кеңшар орталықтары болған ірі ауылдарды тірек ауылдары ретінде сақтап қалып, оларда мектеп-интернат жүйесін, отбасылық емханаларды дамыту керек. Ал жаппай жұмыссыз отырған халықты сол ауылдардың маңына немесе кешегі кеңестік малшылардан қалған қыстаулар мен күзеулерге, жайлауларға алдарына мал салып бере отырып, әулеттер немесе аталастар ретінде ыдырату керек. Бұл үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің әділдікпен бөлінуін қайта қарастыру қажет.

Егер төрт-бес ағайынды азаматтың қолында бір-екі отар қой, екі-үш үйір жылқы, жүз шақты сиыр болса, қазақтың тусырап жатқан даласы малға қайтадан тез толар еді. Мұндай жағдайда бірнеше әулеттің басын қосып, кооперативтер құру да әлдеқайда жеңіл жүрген болар еді. Ең бастысы, қазақ мыңдаған жыл бойы сыннан өткен дәстүрінен жаңылмай өзін-өзі қайта тапқан болар еді. Ел ішіне береке мен бірлік кірер еді. Менің ойымша, осы жолмен қазіргі ауылдарда қордаланған көптеген мәселені шешуге болады. Өйткені негізгі мәселе ретке келсе, түйіндер өзінен-өзі тарқатыла беретіні анық.

Әрине, бұл – бір жылда немесе он жылдың ішінде толық шешімін табатын мәселе емес. Ең бастысы, өзіміздің қайда бағыт ұстайтынымызды қазірден бастап білуіміз керек. Сонда жылдар өткен сайын жүріс те ширай бермек.