«Самұрық-Энерго» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан бұл ақпарат энергетика саласының мамандарын елең еткізген болар деп ойлаймыз. Себебі Қазақстанда кейінгі жылдары электр энергиясын тұтыну үсті-үстіне өскенімен, жаңадан іске қосылып жатқан энергия көздерінің үлесі өте аз. Былтыр желтоқсан айында елдегі энергия тұтынудың тарихи максимумы тіркеліп, 1200 МВт электр қуаты жетіспейтіні мәлім болды. Тапшылық Ресейден келетін жоспардан тыс электр қуаты есебінен жабылып отыр. Әрі бұл келеңсіздік алдағы жылдары жалғаса беретін түрі бар. Екібастұздың отын-энергетикалық кешеніндегі тың жобалар бұл мұқтаждықтан құтқаратынына сенгіміз келеді.
Компанияның мәліметінше, алдағы жылдары екі жаңа энергия блогын орнату арқылы Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту бойынша жұмыстар жалғасады. Компанияда сондай-ақ Екібастұз МАЭС-3 стансасының құрылысы бойынша жобалау алдындағы іс-шаралары басталды.
Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Серік Түйтебаевтың айтуынша, отандық энергетика саласындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалар – Екібастұз бен Алматының энергиялық кешендерінде өміршең бағыт. Бірқатар жаңа нысан қазірдің өзінде пайдалануға берілді, өзгелері бойынша жобаларды іске асыру мерзімі 2030 жылға дейін аяқталады деп болжанып отыр. Samruk-energy.kz сайты хабарлағандай, алдағы уақытта іске асырылатын ірі жобалар жайында компания менеджерлерінің қатысуымен өткен алқалы жиында талқыланған.
Осы жылдың желтоқсан айында Екібастұз МАЭС-1-дегі қалпына келтірілген №1 энергиялық блок іске қосылады деп күтіліп отыр. Жаңартылған кешенде жаңа электр сүзгілері орнатылады. Жаңғырту нәтижесінде кәсіпорынның электр өндіру генерациясы жобалық қуатына шығады, яғни 4000 МВт-ға дейін өсе түспек.
Ал 2026 жылға дейін Екібастұз №2 МАЭС-ында құрылысы ондаған жылдар бойы талқыланып келген үшінші энергиялық блок қойылады деп жоспарланып отыр. Заманға сай блок іске қосылса, мұнда жаңадан 636 МВт электр энергиясы пайда болады әрі жылына қосымша 4,8 млрд кВт/сағат қуат өндіріледі. Энергетикалық нысан мұнымен тоқтап қалмай 2027 жылы дәл сондай қуаттылыққа ие №4 энергиялық блокты, ал 2029 және 2030 жылдары қосымша тағы екі блокты іске қосамыз деп құлшынып отыр. Сөйтіп алдағы 7 жылда энергиялық блоктар саны алтауға жетеді деп көзделген.
Жоспарға сәйкес, №3 аймақтық электр стансасы 2029 жылға дейін пайда болады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, ол қолда бар инфрақұрылымның базасында тұрғызылады. Құрылыс барысында қоршаған ортаға түсетін қалдықтарды барынша азайтатын заманға сай технологиялар қолданылады деп күтілуде. Бұл стансаның қуаттылығы шамамен 1200 МВт-ты бағындырады. Яғни елімізде қазіргі күні жетіспейтін жарық көзін бір ғана станса толық өтеуге қауқарлы.
KEGOC компаниясының деректеріне сүйенсек, Қазақстан бойынша Біртұтас электр энергетикалық жүйе (БЭЖ) негізгі үш аймақтан тұрады. Электр стансалардың, электр жеткізу желілері мен қосалқы стансалардың жиынтығынан тұратын бұл жүйеде Павлодар облысындағы аймақтық электр стансалар айрықша мәнге ие екенін атап өткен жөн. Жүйенің «Солтүстік аймағына» Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Ұлытау облыстары енеді. Ал «Оңтүстік аймаққа» – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары, «Батыс аймаққа» Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары байлаулы. Бұған қарап еліміздегі өнеркәсіпті аймақтар мен ауыр өндірісі дамыған өңірлер негізінен Екібастұздағы электр стансаларының қуатына тәуелді екенін байқауға болар. Оның үстіне отандық электр қуатының 40 пайыздан астамы Ертіс-Баян жерінде өндірілетінін ескерген абзал. Елдегі ұлттық маңызы бар 8 электр стансасының үшеуі Павлодар облысында орналасқан (Екібастұз МАЭС-1, Екібастұз МАЭС-2 және «ЕЭК» АҚ электр стансасы). Олардың белгіленген жиынтық қуаты – 7035 МВт.
KEGOC компаниясының жүйелік қызметтер және ұлттық электр торабын дамыту жөніндегі басқарушы директоры Бекжан Мұқатовтың пікірінше, соңғы жылдары елімізде электр қуатының жетіспеуі үлкен мәселеге айналып отыр. Тапшылықтың пайда болуының негізгі факторлары – электр стансаларындағы апаттық жағдайлардың жиілеп кетуі (жабдықтардың тозу көрсеткіші шамамен 60 пайыз) және еліміз бойынша энергия тұтыну деңгейінің күрт өсуі. 2021 жылы тұтыну көлемі 6 пайызға өскен. Бұл алдындағы жылдардағыдан 3 есе артық. Мысалы, 2020 жылы электр энергиясын тұтынудың өсімі 2 пайызды, 2019 жылы 1,9 пайызды құраған.
– Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2022 жылы 119,7 млрд кВт/сағ электр энергиясы қажет делінді. Былтыр энергия тапшылығын төмендету және халықты, отандық экономиканың нақты секторын электрмен тұрақты қамту мақсатында Қазақстанда цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушыларға шектеулер енгізілді. Елімізде Біртұтас электр энергетикалық жүйелер бойынша қуат теңгерімін басқару тәуліктік кестелер негізінде ұйымдастырылады. Бұл ретте «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес, электр энергиясы тапшы болған жағдайда ел аумағынан тыс жерлерден, яғни Ресей Федерациясының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінен немесе Қазақстанның энергия жүйесімен қатар жұмыс істейтін Орталық Азия елдерінде өндірілетін электр энергиясын сатып алуға болады. Негізі байқап отырғанымыздай, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «АМӨЗ» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС және сол секілді ел экономикасының драйвері болып саналатын өзге де ірі кәсіпорындарға елімізде тұтынылатын электр энергиясының 32 пайызы тиесілі. Қазіргі уақытта өндірістік кәсіпорындар саны үсті-үстіне өсіп келе жатыр. Сондықтан бұл тапшылық алдағы уақытта ұлғая түсетіні айқын. Ал бұл тығырықтан жаңа энергиялық көздерді құру арқылы ғана шыға аламыз, – дейді Бекжан Мұқатов.
Статистикалық деректер бойынша, 2021 жылы Екібастұздағы МАЭС-1 стансасы 22,8 млрд кВт/сағат, МАЭС-2 – 6,4 млрд кВт/сағат, ал Ақсу электр стансасы 15,2 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіріпті. Үш энергетикалық кешен Біртұтас электр энергетикалық жүйенің Солтүстік аймағы бойынша бір жылда өндірілген қуаттың 44,4 пайызын берген. Жаңа энергиялық блоктардың арқасында бұл көрсеткіш 2024 жылдан бастап өсе бастайды. Мамандар 2030 жылға қарай Екібастұздағы энергетикалық кешендер сырттан сатып алынып отырған электр қуатының (жетіспейтін қуат) орнын толықтай жабады деп болжап отыр. Қазақстан әзірше көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларынан бас тарта алмайтыны анық. Қазіргі күні ел аумағында мұндай 29 кәсіпорын бар. Олар бұрнағы жылы 78,9 млрд кВт/сағат қуат өндірген. Бұл – республика бойынша өндірілетін жалпы электр энергиясының 70 пайызы.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы