17 Маусым, 2014

Ынтымақтастық жоспарына қол қойылған кездесу

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Тәжікстан сыртқы саясат мекемесінің басшысы Сироджидин Асловтың Қазақстанға ресми сапары шеңберінде онымен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы және өңірлік өзара ықпалдастық пен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды. Е.Ыдырысов Қазақстан үшін Тәжікстан Орталық Азиядағы маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бұл орайда сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету айрықша маңызды. Тараптар үшін екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары кен өндіруші өнеркәсіп, түсті металлургия, машина жасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, көлік пен коммуникация, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы салаларында өзара ықпалдасу болып табылады. Сұхбаттастар ынтымақтастықтың жаңа нысандарын дамытудың басты тетігі – кезекті отырысы биыл Душанбе қаласында өтетін Экономикалық ынтымақтастық бойынша екіжақты үкіметаралық комиссияның қызметін белсенділендіру деп белгіледі. Екі елдің сыртқы саясат мекемелерінің басшылары, сонымен қатар, Орталық Азия өңірінің су-энергетикалық хал-ахуалын талқылады. «Бұл саладағы ынтымақтастық өзара сенімділікті арттыру, ашықтық пен барлық елдер мүдделерін өзара ескеруді қамтамасыз ету арқылы мүмкін болады деген сенімдеміз», деп мәлімдеді ҚР СІМ-інің басшысы. Осыған байланысты Е.Ыдырысов аймақтық интеграция үдерісінің зор маңызын ерекше атап өтті. «Біз аймақтағы интеграциялық байланыстарды ынталандыруға тырысамыз. Орталық Азия әрқашан сыртқы саясатымыздың басым бағыты болды және болып қалады және біздің күшіміз осы қатынастарды дамытуға бағытталады», – деді ол. Екі елдің сыртқы істер министрлері өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастық деңгейіне қанағат білдірді. Сонымен қатар, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдағаны үшін тәжік тарапына ризашылығын жеткізді. Келіссөздердің басты қорытындысы ретінде екі елдің саяси үнқатысуының нығаюына мүмкіндік беретін 2014-2015 жылдарға арналған екі ел сыртқы саясат мекемелері арасындағы ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.