Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті. Онда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінен мемлекеттік органдарға жолданатын азаматтардың өтініштерін қарау мәселелері талқыланды. Отырысқа «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысты.
Жиынға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов талқыланатын мәселе өзінің өзектілігімен ерекшеленетініне тоқталды. Комитет төрағасының атап өтуінше, азаматтардың өтініштерін қарау заман талабына жауап беруі тиіс. Бұл мәселеде барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың жауапкершілігі ерекше рөл атқарады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізді әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Сондықтан партия осы бағытта бәсекелестікке қабілеттіліктің үлгісін көрсетуі қажет. «Партияның жұмысын жандандыру мақсатында өткен жылы «электронды партия» жобасы жүзеге асырыла бастады, – деді Қуаныш Сұлтанов. – Бұл азаматтардың өтініштерін қараудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді».
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, сондай-ақ, осы жылдың сәуірінде өткен отырыста көтерілген мәселелердің нәтижелерінен де хабардар етті. Ол партиялық жарнаны өз уақытында төлеуді ұйымдастыруға қатысты. Осыған байланысты Партиялық бақылау комитеті өңірлік бақылау комиссияларымен аталған мәселе бойынша отырыстар өткізген. Соның нәтижесінде өткен бес айда партиялық жарна төлеу 100 пайызға қамтамасыз етілді. Партиялық тәртіп нығайды. Бұл комитеттің ең басты мәселесінің бірі болып табылады.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сөз сөйледі. «Нұр Отан» билік партиясы болғандықтан, біз таза және ашық жұмыс істеуіміз керек, – деді Бауыржан Байбек. – Халықтың және партияластардың алдында есептілік болуы қажет. Халық пен партия арасында тікелей байланыс орнатылуы тиіс. Бүгінде партия 12 жобаны іске асыруды қолға алып отыр. Соның бірі – «Кедергісіз келешек» жобасы. Аталған жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған».
Мемлекет басшысы партияның ХV съезінде сөйлеген сөзінде ХХІ ғасырдағы көшбасшы партия – жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы деп атап көрсеткен еді.
«Сондықтан «Нұр Отан» мемлекеттік емес ұйымдардың басын қоса отырып, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізулері керек, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. – Ал оның негізгі құралы – партиялық бақылауды, партиялық жауапкершілікті күшейту. Себебі, партияның Саяси доктринасында көрсетілген азаматтарға қызмет ететін мемлекет ұстанымына сәйкес, бұқара мен билік қарым-қатынасының мүлде жаңа сипатта, тек әріптестік пен заңды бұлжытпай орындау негізінде қалыптастыруды талап етеді. Егер әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енеміз десек, біз әрқашан да халықтың сеніміне ие болуымыз қажет».
Көпшіліктің «Нұр Отан» партиясына деген сенімі жыл өткен сайын артып келеді. Сөз барысында шешен бұған нақты мәліметтер де келтірді. Бауыржан Байбектің атап өткеніндей, партия төрт негізгі қағидат бойынша жұмыс істеуде. Ол – ашықтық, тиімділік, халық алдында есептілік және жауаптылық. «Нұр Отан» – азаматтық қоғам субъектісі. Бүгінде партияның 241 қоғамдық қабылдау орны тиімді жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде ғана партияның осы қабылдау бөлмелеріне 800 мың адам өтінішпен келіпті. Өтініштердің 130 мыңы мемлекеттік органдардың қарастыруына жолданған. Ал 40 пайыздан астамы жергілікті жерлерде шешімін тауыпты. «Биылғы жылдың бес айында, – деді ол осы жөнінде, – азаматтардан 200 мың өтініш түсті. Бүгінгі күні оның 75 пайызы шешілді, қалғаны қадағалауға алынды».
Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жаңаша жұмыс істеуі өз нәтижесін көрсетіп отыр. Біріншіден, ол әр өңірдің, әр ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы нақты статистика қалыптастыруға, екіншіден, партияның Сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру мониторингін жүргізуге және мемлекеттік, салалық бағдарламалардың тиімді орындалуын бағалауға мүмкіндік береді.
Отырыста, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Құмар Ақсақаловтың баяндамасы, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновтың, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалимованың, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің есептері тыңдалды. Аталған мәселе бойынша Партиялық бақылау комитетінің мүшелері Майра Айсина, Сергей Громов, Ирина Аронова, Әнуар Ілиясова, Сауытбек Абдрахманов пікір білдірді.
Отырыстың қорытындысында азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар жасалды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».