«Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек. Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз.
Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын-ала ойластыру керек», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отырғанына назар аударды.
«Мәселен, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту», деп түйіндеді ел Президенті.