Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының
Ақтөбе облысы бойынша жеңімпаздары
Ақтөбе қаласындағы Түсіпқалиевтер әулеті
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық турының Гран-При жеңімпазы атанды.
Мамандыққа адалдық
Бұл отбасын ақ желеңділер әулеті деуге әбден болады. Себебі, бір отбасындағы бес адам бірдей денсаулық сақтау саласында еңбек ететін дәрігерлер. Отағасы Балаш Түсіпқалиевтің айтуынша, ол дәрігер болуға жүрек қалауымен келген. Өзі Атырау өңірінің тумасы. Әкесі 1943 жылы қан майданға аттанып, хабарсыз кетті. Ол әке бейнесін көз алдына елестете де алмайды, тым жас болатын. Отбасының барлық ауыртпалығын мойнына алған ағасы оған әкесіндей қамқор болды. Есейе келе оның дәрігер болуға ақыл-кеңес беруі де осы мамандықты таңдауына әсер етті. 1963 жылы Балаш Түсіпқалиев Алматы медициналық институтының педиатрия факультетіне оқуға түсті. Әрине, осылай болуының өзі кездейсоқ емес-ті. Бала кезінде ағасының бүлдіршіндерінің біреуі әлдеқалай сырқаттанып қалса, шыр айналып жанынан шықпай күтетін. Мүмкін бала жүрекке сол кезде-ақ сәбилерді емдеп-сауықтыруға деген құштарлық сезімі қонақтаған болар. Институтты бітірген соң туған жеріне оралып, облыстық аурухананың балалар бөлімшесіне жұмысқа орналасты. Бірінші дәрігерлік кезекшілігінде оның қарауына ми ісігімен ауыратын бала тапсырылғанда кәдімгідей жүрексінгені де есінде. Бала жанарының ұшқыны көз алдында сөніп бара жатыр еді, оған көмектесу де мүмкін емес болатын. Жас дәрігер осылай алғаш рет өліммен бетпе-бет келді. Ол кезде балалар дәрігерлері жеткіліксіз еді. Сондықтан балалар бөлімшесінде жұмыс істей жүріп, Балаш Түсіпқалиев санитарлық авиациямен сол кездегі Гурьев облысының алыс ауылдарына ұшып барып, балаларды талай рет ажал тырнағынан арашалап қалды. Осы кезеңде ол дәрігерлік мол тәжірибе жинады, өмірлік үлкен жолдан өтті. Оған көп уақыт өтпей-ақ балалар бөлімшесінің меңгерушілігі ұсынылды. Кейіпкеріміз 1974 жылы Ақтөбе қаласындағы балалар ауруханасына жұмыс істеуге шақыртылды. Мұнда ол бірінші күннен бастап тәжірибелік қызметін ғылыммен тығыз байланыстырды. Медициналық институттың ғылыми кеңесінде оны педиатрия кафедрасының ассистенті етіп бекітті. Кейін Мәскеуде медицина ғылымдарының кандидаттығын ойдағыдай қорғап шықты. Кафедра доценті, факультет деканы, жоғары оқу орны жанындағы педиатрия емханасының басшысы, оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры болды. Қазір Балаш Түсіпқалиев зейнеткерлік жаста болғанымен, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің балалар аурулары кафедрасында еңбек жолын жалғастыруда. Студенттерге дәріс оқиды, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді, кәсіби жұмысын ғылыммен байланыстыруға да уақыт табады. Ұлдары Асылбек пен Ақылбек те медицинаны таңдады. Бұл олардың өз қалауы. Алайда, Түсіпқалиевтер отбасындағы ата-ана өнегесі, олардың өз мамандығына деген адалдығы әсер етпеді десек ақиқаттан алыс кетер едік. Балаш ағаның құдай қосқан жары Жамал апа да денсаулық сақтау саласының қызметкері, балалар бақшасында медбике болып еңбек еткен. Сондықтан болар, үлкен ұлы Асылбектің де әке жолын қуып педиатрия факультетін тәмамдағаны. Қазір медицина ғылымдарының кандидаты, балалар хирургиясы кафедрасының доценті, сонымен бірге Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры қызметін қоса атқарады. Кіші ұлы Ақылбек – емдеу факультетінің түлегі. Қазір акушерлік және гинекология кафедрасына жетекшілік етеді. Оның зайыбы Сәуле де дәрігер, тағам және жасөспірімдер гигиенасы кафедрасын басқарады. – Менің сүйікті немерем Перизат биыл мектеп бітірді. Ол да дәрігер болуды қалап отыр. Яғни, Түсіпқалиевтердің дәрігерлік отбасы тағы бір ақ желеңдімен толығады, – деп күледі Балаш аға. Ақтөбе қаласы.«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Шалқар қаласында тұратын Жандосовтар отбасы бірінші орынды иеленді.
Жапырағын жайған бәйтерек
Үлкен отбасының басшысы Өтеген Жандосов 1933 жылы кіндігі кесілген Шалқар қаласында осы күнге дейін еш жерге қоныс аудармай тұрып жатыр. Өңірдегі өзгерістердің барлығы көнекөз қарияның жадында. Елде, әлемде болып жатқан барлық жаңалық атаулыны қалт жібермейді, құлағы түрік, көңіл көзі ашық. Мұндай елгезектік Өтеген ақсақалға бала кезінен дарыған қасиет. – Әркімге өзінің туған жері ыстық. Киелі жердің қадірін әрбір саналы азамат дұрыс ұғынғаны жөн. Құдай қосқан қосағым Сәбила екеуміз ел қатарлы еңбек еттік, он екі баланы қатарынан кем қылмай өсірдік, өмірден өз жолын табуларына барлық күш-жігерімізді аямадық, — дейді сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Өтеген Ұлмағанбетұлы. Қазір ақсақал он екі баласының бір-бір шаңырақ болып, бәрі де ел аузында жүрген азамат екеніне тәубе етеді. Ойланып отырса өмір өткелдері маңдайына қиындықты да, қызықты да қатар жазыпты. Әкесі Ұлмағанбет кезінде жазықсыз жаламен сотталып, анасы Мәрзия Өтегенді жалғыз бағып өсірді. 16 жасынан қара жұмысқа жегілген Өтеген ана үмітін ақтады. 1949 жылдан бастап Шалқар үй құрылысы дистанциясында тапжылмай 46 жыл 5 ай қызмет етті. Адалдықты алғашқы орынға қоятын азамат тындырымдылығы, іскерлігі, жауапкершілігінің арқасында құрмет пен сыйға бөленді. «Жол қатынасы министрлігінің үздік жұмысшысы», «Құрметті теміржолшы» атағы, «Құрмет Белгісі» ордені ол кісіге туған жерге төккен маңдай тері үшін берілген. Ол үшін «Шалқар қаласының Құрметті азаматы» атағы ең жоғары марапат десек те қателеспейміз. Өтеген Ұлмағанбетұлының 1990 жылы КОКП-ның соңғы съезінің делегаты болып сайлануының өзі замандастары арасында абырой-беделінің зор болғанын көрсетсе керек. Қазір 12 ұл-қызынан 33 немере, 16 шөбере сүйіп отыр. Балаларының қатарынан кем болмай өсуі үшін олардың тәрбиесіне зор көңіл бөлді. – Әжеміздің де, анамыздың да тәрбиесін көрдік. Алақан жылуын аяған емес. Ал әкеміздің қаталдау болғаны рас. Қазір ойлап отырсам, сол қаталдық біздің қанатымызды қатайтыпты. Тәлімі мол тәрбиенің арқасында 12 балаға да жоғары білім әперді, 12 отау етіп шығарды, – дейді ұлы Шалғынбай Жандосов. Шалғынбай қазір Алматы қаласындағы республикалық Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығын басқарады. Бұдан бөлек медицина ғылымдарының кандидаты атағы бар. Кенже ұлының қолында тұратын Өтеген ақсақал мен Сәбила әже немерелерінің де жақсы оқып, ел азаматы болуын ұл-қыздарынан талап етіп отырады. Ал олардың қуанышын көру – қариялар үшін баға жетпес сыйлық. – 2001 жылы мектепті үздік бітіріп, «Алтын медальді» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алдым. Сонда атам «Бұл – ата-анаңа да берілген баға, сенің ел азаматы боларыңа деген сенім. Енді тек жақсы оқуға міндеттісің. Елбасыдан ұят болмасын», деді. Атамның сенімін ақтауға тырыстым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін қызыл дипломмен бітірдім. Қазір өз мамандығым бойынша еңбек етіп жатырмын, – дейді немересі Нұржан Шалғынбайұлы. Нұржанның інісі Ержан да мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, сосын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін де қызыл дипломмен бітірді. Үлкен әулет басшысы Өтеген ақсақалдың өнегелі өмір жолы, елге, қоғамға істеген адал еңбегі қай отбасыға да үлгі боларлық. Шалқар қаласы.«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының
облыстық іріктеу кезеңінде екінші орынға ие болған Жақыбаевтар отбасы Шұбарқұдық ауылында тұрады.
Қолөнерді қастерлеген шаңырақ
Бұл отбасы мүшелері ұлттық қолөнерді дамытып, оған қоса отбасы бизнесін де дөңгелентіп отыр. Биыл облыстық ғылыми-тәжірибелік орталықта қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаевтың шығармашылық еңбек жолының 20 жылдығына арналған «Халық қолөнері – асыл қазына» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге шебердің және оның шәкірттерінің теріден жасаған бұйымдары мен оқушылардың сан түрлі тақырыпта қорғаған ғылыми-зерттеу жұмыстары, жинақталған баспа материалдары қойылды. Бүгінде Темір ауданындағы №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясы директорының орынбасары қызметін атқаратын Нұрлан Сәулебайұлының педагогикалық еңбегі дәстүрлі қолөнерді дамыту мәселелері және «Дарын» бағдарламасын іске асыру бағытында жүзеге асырылуда. Нұрлан Жақыбаев тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қолөнердің даму процесінде түрлі проблемалар туындағанын айтады. Бұл проблеманы ұтымды шеше білген шебер 2006 жылы Шұбарқұдықта «Алтынбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Серіктестіктің негізгі бағыты – теріден түрлі ұлттық бұйымдарды жасау. Өндіріс шеберлері де – өздері. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, балалар шебер әкесі мен ісмер анасынан көргендерін үйреніп өсті. Мәселен, үйдің тұңғышы Орынгүл сегізінші сыныпта оқып жүргенде-ақ, республикалық «Балбұлақ» балалар журналының төрт нөміріне төрт түлік малдың терісін илеу туралы материал жазды. Ұлттық мәдениеттің жанашыры болғысы келетін ол кейінірек мектеп бітіргенде грантты жеңіп алып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша тәмамдады. Осыдан төрт жыл бұрын жас ізбасар «Алтынбек» ЖШС-нің тізгінін ұстады. Серіктестікке ірі тапсырыстар мұражайлардан түседі. «Алтынбек» ЖШС-нің өндіріс шебері Нұрлан Сәулебайұлы Темір аудандық музейіне теріден саба, сауыт, торсық, белдік секілді дүниелер жасап беріпті. Серіктестік енді келін түсіру салтына байланысты жиынтық жасауды жолға қойып отыр. «Дарын» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда Нұрлан Жақыбаев 1999 жылы оқушылардың ғылыми қоғамын құрып, соның негізінде мектепішілік «Болашақ» ғылыми мектебін басқарады. Мақсат – оқушылардың қоғамдық бейімделуін және функциялық сауаттылығын дамыту. Бүгінде бұл мектепте дәріс алатын оқушылар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өлкенің табиғатын, мәдени-тарихи ескерткіштерін зерттеуде қомақты үлес қосып жүр. Былтыр «Алтын қыран» компаниясы ұйымдастырған «Атамекен-стартап» бизнес-идеялар байқауында №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясы 500 мың теңге көлеміндегі грантты ұтып алды. Жоба балаларды еңбекке баулу арқылы, мектептің тәжірибе алаңына бау-бақша өнімдерін өсіру әрі оған ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізуді көздейді. Бұл іске жетекшілік жасайтын да Нұрлан Жақыбаев. Шұбарқұдық кенті.Осы байқауда үшінші орынды Мәртөк кентіндегі Сергей Полегоньконың отбасы иеленді.
Ұстаздық деген бір әлем
Жерлестері оларды «Мұғалімдер әулеті» деп орынды мақтан тұтады. 1952 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген Сергейдің әкесі Николай Данилович – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстан кейін дене-шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ол Қазақстан Республикасының үздік ағартушысы. Ал анасы Феодосия Полегонько ұзақ жылдар бойы аудандық орталық ауруханада медбике болып еңбек етті. Отбасындағы жалғыз бала мәдениеті мол ата-ананың өнегесін алып, Белоруссияның Витебск қаласындағы денешынықтыру институтын бітірді. Кейін Ақтөбе педагогикалық институтын тәмамдаған. Футбол, мотоцикл спортынан спорт шеберлігіне кандидат атағы бар. Туған жеріне оралған ол 1976 жылдан бастап 40 жылға жуық уақыт мектепте денешынықтырудан сабақ берді, жеті жылдай спорт мектебі директорының орынбасары да болды. Кейін мектепке қайта оралды. Ол облыстық, аудандық білім басқармаларының мақтау қағаздарына ие болып, «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» атанды. Өмірлік жары Лидия Полегонько да ұстаз. Ол аудан балаларына скрипкада ойнауды үйретеді. Ерлі-зайыпты Полегоньколардың екі ұлы да әке жолын қуып, бүгінде ұстаздық қызметте жүр. Үлкен ұлы Павел Қазан орта мектебінде география, биология және тарих пәндерінен сабақ береді, 6 жыл мектеп директоры қызметін де атқарған. Сонымен қатар, Павел музыкалық мектепті фортепиано аспабына оқып, үздік бітірген. Ал кішісі Антон №1 Мәртөк орта мектебінде денешынықтырудан сабақ береді. Үлкен келіні Юлия – бастауыш сыныптардың мұғалімі болса, кіші келіні Любовь та химик-биолог. Полегоньколар отбасы Кирилл, Андрей, Виктория, Ангелина атты 4 немере сүйіп отыр. Мәртөк кенті.Мақалалар топтамасын әзірлеген «Егемен Қазақстан» газетінің
Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.