Аймақтар • 31 Қаңтар, 2023

Әскерилер Үштөбе тұрғындарын өрттен құтқарды

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 55078 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кіші сержант Дәурен Жәнібеков, қатардағы жауынгерлер Әлібек Шадетов, Ілияс Низамбек, Рауан Ақкемпіров және Наурыз Қарабеков жанып жатқан үйден екі баласы бар әйел мен ерлі-зайыпты қарт кісілерді алып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскерилер Үштөбе тұрғындарын өрттен құтқарды

Бұл оқиға 20 қаңтарда болған. Әскери қызметшілердің ержүрек қимылы туралы мәлімет бүгін ғана Жетісу облысы Қаратал ауданының төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің әскери бөлім қолбасшылығына келіп түскен хатынан белгілі болды. Онда олар өрт кезінде шешуші қадам жасап, ерлік көрсеткен келісімшарт бойынш әскери қызметшілерге алғыс білдірген.

Төтенше жағдай кезінде әскерилер Момышұлы көшесіндегі үйдің жанынан өтіп бара жатқан. Осы сәтте жеке ғимаратта газ баллонының жарылуы салдарынан өрт болды. Кіші сержант Дәурен Жәнібеков, қатардағы жауынгерлер Рауан Ақкемпіров пен Наурыз Қарабеков отқа оранған үйден екі жас бала мен әйелді және ерлі-зайыпты қарт кісілерді қауіпсіз жерге алып шығады.

ж

Осы уақытта қатардағы жауынгерлер Әлібек Шәдетов пен Ілияс Низамбек өз өмірлерін қатерге тіге отырып, баллонды сыртқа алып шығып, болуы ықтимал жарылыстың алдын алған.

Бұдан кейін қатардағы жауынгер Әлібек Шәдетов зардап шеккендерді автокөлікпен орталық аудандық ауруханаға жедел жеткізді. Қалған әскери қызметшілер өрт сөндіру бригадасы келгенге дейін тілсіз жауды ауыздықтап, өртті оқшаулап үлгереді.

– Адамдардың қиыншылыққа тап болғанын көріп, өлім қаупі бар екенін түсінгендіктен біз басқаша әрекет ете алмадық. Сын сәтте қызмет барысы мен жаттығуларда алған дағдыларымыз іске қосылды, – дейді қатардағы жауынгер Әлібек Шадетов.

55078 әскери бөлімінің әскери қызметшілері өрт болған отбасының қайғысына бей-жай қарамай, тұрғын үйді қалпына келтіруге қолдан келгенше көмек көрсетуді ұйғарып отыр. Бөлім қолбасшылығы ерекше көзге түскен жауынгерлерді наградаларға ұсынды.