Қазақстан • 31 Қаңтар, 2023

Қазақстан мен Эстония екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультацияларға қатысу үшін Астанаға сапармен келген Эстония Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің Бас директоры Марге Мардисалу-Кахар бастаған эстондық делегациямен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Эстония екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Кездесу барысында тараптар елдер арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

Р.Василенко еуропалық серіктестерді елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылу барысы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдағы сайлауға дайындығы туралы және халықаралық ұйымдар мен шетелдік сайлау комиссиялары өкілдерінің, оның ішінде Эстонияның Республикалық сайлау комиссиясының төрағасы атына жолданған шақырулар жіберілгені туралы хабардар етті.

Қазақстан мен Эстония тұрақты саяси диалогты және екі ел басшылығының өзара сапарлары арқылы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық танытты.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жоспарлы түрде дамып келеді. Екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттары ішінде – көлік, логистика, цифрландыру және жасыл экономика. 2022 жылы елдер арасындағы тауар айналымы 121,9 млн АҚШ долларына жеткен. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол 6,4 есе өсті. Қазіргі уақытта Қазақстанда өз қызметін 73 эстондық компания жүзеге асырады. Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жолында Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясы маңызды рөл атқарады.

ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменов тең төрағалық еткен саяси консультациялар шеңберінде тараптар Қазақстан мен Эстонияның екіжақты және көпжақты форматта да өзара іс-қимылды егжей-тегжейлі талқылады. Шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейту, парламентаралық ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды жандандыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екендігін растады.