Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының бастамасымен қазақ халқының ХVІІ ғасырдағы қоғамдық-саяси өмірінде терең із қалдырған көрнекті би Әйтеке Байбекұлының 370 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен жоғары оқу орындарының ұстаздары қатысып, Әйтеке бидің қазақ халқының әлеуметтік-саяси өміріндегі орны мен рөлін және ол өмір сүрген дәуірдің ерекшелігін жан-жақты талдады. Конференцияда сөз алған ғалымдар ХVІІ ғасырдың екінші жартысында Орталық Азияда орын алған тарихи оқиғалар мен құбылыстардың ерекшеліктеріне назар аудара отырып, ондағы жеке тұлғалардың рөліне баса көңіл бөлді. Алқалы жиын барысында Әйтеке бидің қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері екендігі жан-жақты негізделді.
Академиктер Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев, Әйтеке би кесенесін тұрғызуға үлкен еңбек сіңірген «Әйтеке би» тарихи-мәдени орталығының төрағасы, сыйлы ақсақал Шахарбек Усманов мінберге шығып, еліміздің келешегі үшін ерен еңбек сіңірген Әйтеке би туралы мағыналы пікірлерін ортаға салды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов жүргізіп отырды.
Әйтеке бидің өзге билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауда белсенділік танытқаны, «Хан кеңесіне» оның кіші жүз жұртының атынан мүше болғаны және «Жеті жарғыны» қабылдауға атсалысқаны конференцияға қатысушылар тарапынан ерекше атап көрсетілді. Сонымен қатар, Әйтеке бидің шешендігімен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарлармен болған шайқастарда қол бастаған батыр болғаны, Нұрата маңына шабуыл жасаған Қалдан-Бошақтының он мың жасағына Нұрата, Қыз Бибі, Ақтау, Тамды, Кенимех төңірегіндегі алшындар мен қарақалпақтардың және құрамалардан жиналған бес мың қол әскерімен оның қарсы тұрғаны әрі жауды Сайрам түбінде талқандауда ерлікпен көзге түскендігі нақты мәліметтермен дәйектелді.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардың бірінде, сонау 1993 жылдың 28 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы баурайында ХVІІІ ғасырдағы Қазақстанның айтулы мемлекет қайраткерлері – Төле биді, Қазыбек биді және Әйтеке биді еске түсіру күндері өткізілген болатын. Сол игі шараға қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «үш ұлы бидің қаһармандық ғұмыры мен қызметі ұрпақтарына лайықты сабақ және еліктеуге үлгі боларлық» деп атап өткен еді. Қазақ хандығы тарихындағы сұрапыл кезеңдерде, қасіретті жоңғар шапқыншылығы жылдарында, өздерінің даналығымен ұлы билер «қарапайым және сонымен қатар, ұлы ақиқатты – дамудың қуатты қозғаушы күші ұлттық мүдде, жалпыхалықтық мақсат болып табылатындығын, осылар арқылы қазіргі буын да барлық қадамдарын жасай алатындықтарын» қазақ халқының санасына сіңіре алды.
Алматыда өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда Әйтеке бидің жасына, туған жері мен атқарған еңбегіне, жерленген жеріне қатысты тың деректер мен тарихи құжаттар тағы бір мәрте пысықталды. Әйтеке бидің қазақ халқының және Орталық Азиядағы өзге де бауырлас халықтардың қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі орны мен рөлін және қайраткердің дәуіріндегі оқиғалар мен құбылыстардың өрбу ерекшеліктерін талдай келе, конференцияға қатысушы ғалымдар «Әйтеке бидің ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның қоғамдық-саяси өміріндегі алар орнының ауқымды екенін негіздей түсу мақсатында осы бағытта қызу зерттеу жұмысын жалғастыра түсу», «Әйтеке бидің өмір жолы, өскен ортасы және атқарған қызметі жайлы мәліметтер жинастыру», «Мұрағат қорларынан, ауыз әдебиеті үлгілерінен және ғылыми әдебиеттерден алынған мәліметтер негізінде Әйтеке биге байланысты құжаттар мен материалдар жинағын әзірлеу», «Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің ел тұтастығын нығайту бағытындағы ерен еңбегін өскелең жас ұрпаққа кеңінен насихаттау», «Өткен тарихи дәуірлерде ел бірлігі мен тұтастығын сақтауда дараланған қайраткерлердің қызметін жүйелі түрде зерттей түсу» деген секілді аса маңызды істерді атқаруға негізделген қарар қабылдады.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Хангелді Әбжанов «Әйтеке би және қазақ мемлекеттілігі», Қазақстан Республикасы «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының президенті Шахарбек Усманов «Әйтеке би мемориалдық комплекс құрылысының іске асуы», академик Оразақ Ысмағұлов «Антропологическая реконструкция Айтеке би», республикалық «Ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор, академик Өмірзақ Озғанбаев «Сұңғыла шешен, көрнекті көсем», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ғалымы, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, профессор Уахит Шәлекенов «Асыл текті Әйтеке Байбекұлы», профессор, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов «Қазақ қоғамында билердің ынтымақты, бірлікті, тәуелсіздікті сақтаудағы рөлі», ҚР еңбек сіңірген қайраткері «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев «Ұлылар рухының үндестігі – Әйтеке би мен Қожаберген», М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, профессор Әбілсейіт Мұқтар «Қазақ тарихындағы билер институты және Әйтеке би», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, доктор Ахмет Тоқтабай «Әйтеке би өмірі мен қызметі: деректер мен болжамдар», профессор Саттар Мәжитов «Әйтеке би феномені «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Ғылыми жиын аясында Әйтеке биді бүгінгі өскелең ұрпаққа насихаттап, абыз қарияның қабірі мен артында қалған рухани мұрасын көзінің қарашығындай сақтап жүрген азаматтар марапатталып, оларға «Әйтеке би» атындағы қордың алғысы ретінде мерейтойлық кәдесый жасалды.
Конференцияға қатысушылар осы іс-шараны ұйымдастырып, өткізушілерге, атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына зор алғыстарын білдірісті.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.