Елімізде түзеу мекемелерінің әлеуеті тиімді пайдаланылатын болса, өнеркәсіпті өркендетуге де үлес қосылар еді. Айталық, бас бостандығынан айырылған азаматтардың еңбек күші шетелдерде кеңінен пайдаланылады. Мәселен, Италияның түзеу мекемелерінде «Түрмеде жасалған» атты тауар белгісімен шығарылатын жастарға арналған сәнді киімдер үлкен сұранысқа ие. Берлин түрмелері дизайнерлік үлгімен көйлек-шалбар, аяқ киім, белдік, костюмдер тігеді. Ондағы сотталушы-жұмыскерлердің айлық еңбекақысы 300-ге жуық евроны құрайды. Өнімдері ғаламтор сайттары арқылы сатылады. Неміс түрмелерінде жұмыс істейтін компанияның өз әріптестері мен дилерлері бар. Сол сияқты АҚШ-тағы түрме индустриясы әскери киімдер мен жабдықтардың – 100, монтаждау құралдарының – 98, тұрмыстық техниканың – 36 және кеңсе жиһаздарының 21 пайызын өндіреді. Ондағы жылдық тауар айналымы 70 миллиард долларға тең.
Осы орайда шығысқазақстандықтар да шетелдік тәжірибелерге сүйене отырып, түзеу мекемелерінде өнеркәсіпті дамытуды көздеп отыр. Бұл – сотталушыларға жұмыс беріп қана қоймай, олардың белгіленген жаза мерзімін өтеп болғанынша еңбек тәжірибесін жинақтауына, сондай-ақ, өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай табыс әкелуіне мүмкіндік бермек. Осы мәселе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде өткен отырыста қаралды. Оған өңір басшысы Б.Сапарбаев, облыстық прокуратура мен басқармалардың басшылары қатысты.
Түрмеде отырғанымен ағаш пен темірден түйін түйетін ісмерлер жазасын өтеушілер арасында жетерлік. Мұны облыс орталығындағы 156/2 қатаң режімдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан түрлі бұйымдардан аңдауға болады. Жаза басқан жандардың қолынан шыққан
музыкалық аспаптар, шахмат пен дойбы тақталары, ағаш сәкілер, көрнекі шырағдандар, аулаға арналған ағаш күрке, қосалқы автобөлшектер мен өзге де тұрмыстық бұйымдар зауыттан шыққандай көз жауын алады.
– Облыстағы түзеу мекемелерінде жүзеге асырылмаған еңбек әлеуеті мен өндірістік мүмкіндіктер көп. Онда дәнекерлеу, электр және тігін цехтары, дайын өнімдер қоймасы мен басқа да бос тұрған орындарды пайдалануға болады, – деді облыстық прокуратура қызметкері Олег Морозов. Оның айтуынша, ұн, жиһаз, киіз басу, металл өңдеу, жаяу жүргінші жолына тас төсеніштер даярлау, блок өнімдерін жасау цехтары толығымен жарақтандырылғанымен тапсырыстың жоқтығына байланысты тоқтап тұр. Бұл реттегі жұмысты үйлестіру бағытында құрылған «Еңбек-Өскемен» РМК мекемесінің қызметі тым салғырт.
Еңбекке қабілетті жазасын өтеушілер ішінде 2303 дипломды мамандар бар. Олардың арасында темір жонушы, тас қалаушы, фрезер сынды өндіріске қажетті мамандық иелері жеткілікті. Егер оларға жұмыс табылатын болса, тұрақты еңбекақы алып, қарыздарын өтеуге, ағайындарына әлеуметтік көмек көрсетуге, салық төлеуге мүмкіндік туар еді. Бұл сонымен бірге, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан соң қоғамдық өмірге бейімделуіне алғышарт бола алады.
Айта кеткен абзал, «Қазцинк», «Қазақмыс», «Титан-магний комбинаты» сынды ірі кәсіпорындар жыл сайын 30 мың дана жұмыс киімін сатып алу мақсатында миллиардтаған теңге жұмсайды екен. Егер осы өнімді өндіруді түзеу мекемелеріне жүктейтін болса, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту мәселесін де шешуге болар еді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.