Зертхананы ашудағы мақсат – робототехника саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының заманауи жетістіктерін университеттердің оқу үдерісімен ықпалдастыру және дамытуға ықпал ету. Жасанды интеллект технологиялары өнеркәсіпті автоматтандыру, заманауи құрал-жабдықтар тілін игеру, сондай-ақ бірлескен ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізіп, әзірлемелердің нәтижелерін коммерцияландыруға негізделген.
Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының директоры Амандық Төлешовтің айтуынша, оқу-зерттеу зертханасы соңғы екі-үш жылда ғылыми жұмыстар нәтижесінде жасалған роботтардан құрылымданған. Зертхана жастарды ғылымға баули отырып, роботтарды оқу үрдісіне енгізуді мақсат етеді. Платформадағы барлық роботты студенттер білім алу кеңістігінде еркін пайдалана алады.
Осы институттың ғылыми қызметкерлері Игорь Гриценко және Нұржан Төлебаев медицина саласында қолданылатын роботтар жұмысымен таныстырды. Роботтар кешені дәрі тасымалдаумен қатар интерфейс арқылы науқастың ағымдағы жағдайын мемлекеттік тілде хабарлау мүмкіндігіне ие. Дәрігерлер науқастан түскен ақпаратқа байланысты емдеу жағын қарастыратын болады. Роботтардың көмегімен науқастың ауыз қуысынан проба алуға, сонымен қатар бөлмені залалсыздандыруға да мүмкіндік бар.
Заманауи платформада роботты кешенді таныстырған мамандар басқару жүйелерін бағдарламалауға және жасанды интеллект алгоритмдерін құруға арналған түпнұсқалық манипуляторлардың мүмкіндіктерін атап өтті. Механика және робот техника саласындағы электронды мультимедиялық оқулықтар кешені студенттерге тың ақпараттарды зерттеуге, құрылымдауға көмектеседі.
АЛМАТЫ