Былтыр Балалар жылы аясында іске асқан баянды бастамалар көп. Жас өскіндер буыны қатайып, оң-солын танығанша қауіпсіз, жайлы ортада жетілуіне, балалық шағын бақытты өткізуіне үкімет бейжай қарамайтынын білдік. Сондықтан балалардың игілігі жолында басталған үйлесімді жобалар жалғасады. Мысалы, «Балажан» жобасы бірнеше жылдың шеңберінде Оқу ағарту министрлігі, Ақмола облысының әкімдігі және «Ана үйі» қоғамдық қорының қолдауымен іске асып келеді. Жуырда ведомство, мекеме және ұйымдардың өкілдері интернат түріндегі балалар мекемелерін трансформациялау мәселесі бойынша кеңес өткізді. Кеңес отырысында Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы балалар үйін балаларға қолдау көрсету орталығына ауыстыру бойынша қолға алынған шаруаның аралық қорытындысы қаралды.
Былтыр Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы балалар үйінің ресми атауы өзгеріп, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылды. Осы жаңашылдық та балаларды отбасымен қауышуға жәрдемдеседі. Оқу-ағарту министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Жанна Сәрсенбаева бағдарламаның балаларға жайлы орта қалыптастыруға негізделгенін айтты.
– Бағдарламада балаларды отбасылық өмірге бейімдеуге басымдық берілген. Баланы өзінің отбасына, туыстарына немесе бала асырап алуды жоспарлаған отбасылардың тәрбиесіне беруге ықпалдасу маңызды. Нақ қазір елде 23 өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы бар. Онда 3 мыңнан аса бала тәрбиеленеді. «Балажан» жобасының бір бағыты – балалардың ортасын барынша отбасылық өмірге негіздеу. Яғни орталықтағы балалар елдегі кәнігі қарапайым отбасындағы тіршілікті көріп, біліп өседі. Орталықта тәрбиешілер ананың қызметін атқарады. Әр үйде ас бөлме, ойын бөлмесі және жатын орны жабдықталған әрі бөлек орналасқан. Сонымен қатар бір анадан туған бауырлар ажырамай, бірге өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, балалар отбасылық өмірді көріп, сезініп, түйсінеді. Бір үйдің балалары біріне-бірі жәрдемдесіп, қарайласады, – дейді сарапшы.
Мамандар бағдарламаның тиімділігі байқалғанын, балалардың психо-эмоционалдық жағдайы едәуір жақсарғанын алға тартады. Оған, расында, балғындардың балалар үйінде емес, өз отбасындағыдай жайлы, жылы ортада өмір сүруі әсер етсе керек. Министрлік хабарлағандай, елде 20 мыңнан аса жетім бала бар болса, оның 80 пайызы отбасында тәрбиеленіп жатыр. Түрлі себеппен орталыққа жақында келген балалар өздері осыған дейін білім алған мектебіне барады. Өйткені жас өскін орталыққа келгенде қиналмауы керек.
Осы тұста Ақкөл қаласы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Ботагөз Қазбекова бағдарламаның тиімділігі жайында тарқатып айтып берді.
– Былтыр шілдеде Ақмола облысының әкімдігінің қаулысымен балалар үйінің атауы балаларды қолдау орталығы болып ауысты. Ал «Балажан» жобасын 2018 жылдан бері «Ана үйі» іске асырып келеді. Бұрын бізге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар орналасатын. Ал қолдау орталығы болғалы біз жетім балаларды, ата-ана құқығынан айырылған отбасындағы балаларды және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қабылдаймыз. Ата-анасы бар балаларды да уақытша орталыққа орналастыра аламыз. Ережеге сай олар 6 айға дейін қолдау орталығында тұруына болады. Сол уақыт аралығында біз баланың отбасымен байланыс орнатып, ата-ана мен балаға жан-жақты әлеуметтік, құқықтық қолдау көрсетеміз. Бізде әлеуметтік педагогтер, педагог-психолог, заңгер, дәрігер, тәрбиеші сынды мамандар бірлесе еңбек етіп, балаларды ең әуелі отбасына қосуға жәрдемдеседі. Орталықтың тағы бір мақсаты – жетімдіктің алдын алу. Бала отбасына қосылған соң да біз оларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Үкімет қанша жайлы орта қалыптастырып, көмегін үйіп-төккенімен, балғындар ең бірінші өзінің жанұясын іздейді, ата-анасымен бірге тұруды армандайды. Орталықтағы мемлекеттік мектепте оқитын балалардың 70 пайызы – өзге ұлттан. Олар қазақ сыныптарында білім алып, қазір қазақ тілінде еркін сөйлеседі. Оның ішінде бір отбасынан келген төрт, үш ағайындылар да бар. Оларды бірінен-бірін бөлмейміз. Балалар бірін-бірі алаламайды. Керісінше, біріне-бірі көмектесіп, отбасы құндылығын түйсініп жетіліп жатыр, – дейді ол.
«Балажан» бағдарламасы орталықтағы балалардың отбасы құндылығын түсінуге мүмкіндік береді. Кейін орталықтағы балалар отбасына қосылғанда қиналмайды. Қазір Ақкөл қаласындағы осындай орталықта 8 отбасы бар екен. Әр отбасында – 8-9 баладан. Олар қаладағы төрт мектепке қатынайды. Сол секілді үш бала қаладағы балабақшаға барады. Бағдарлама басталған уақыттан бері дәл осы орталықтағы 104 бала отбасымен қауышқан. Қазір 73 бала бар. Ал төрт жыл бұрынғы есеп бойынша 125 бала болған. Осы тұста әр жылдары орталыққа келетін балалардың да бар екенін қаперден шығармағанымыз абзал. Осындай оң нәтижеден соң «Ана үйі» қоғамдық қоры тәжірибені елдегі өзге де өңірлерде іске асыруды көздеп отыр. Әзірге бұл мәселе заң шеңберінде қаралып жатыр.