Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, биыл техникалық бағытта білім алатын студенттер көп.
– Биылғы оқу жылында жаңа тапсырыс 125 мың орынды құрады. Алда әлі республикалық бюджеттен осы бағытқа жұмсалатын мемлекеттік тапсырыс 50 мыңға артады. Осылайша, оқуға қабылданатын студенттер саны 130 мыңға жетеді. Өзекті мәселелердің бірі әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларды оқуға тарту болып отыр. Бүгінде колледждерде осы санаттағы балалар 9 бағыт бойынша қамтылған. Биылғы мемлекеттік тапсырыстың 60%-ға жуығын осы санаттағы балалар құрайды. 2025 жылға дейін кәсіптік-техникалық білім мекемелерінде техникалық білім беруді дамытамыз. 2023 жылы техникалық бағытта оқып жатқан студенттердің саны артты. Атап айтар болсақ, металлургия, IT, құрылыс, инженерия, қызмет көрсету салаларына басымдық беріліп отыр. Қазірде 61 мың студент техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр, – деді ол.
Президент тапсырмасы шеңберінде Оқу-ағарту министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, кадрларды кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мақсатты даярлауға көшкен. Бұл үшін кәсіпорын колледжбен мақсатты дайындық туралы шарт жасайды. Осыдан соң кәсіпорын басшылығы студентті тағылымдамадан өткізумен қоса кейін жұмысқа орналастыру міндетін де құзыретіне алады. Әрине, осындай жаңашылдықтан соң білім беру бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарына сай жаңартылатыны да ұтымды шешім болған. Тағы бір мәселеге тоқталсақ, колледждерге академиялық дербестік берілді. Қазір елдегі колледждер оқу бағдарламасын, студенттерді оқыту мерзімін анықтап, жұмыс берушілердің талабы бойынша маман даярлауға көңіл бөлді. Президент тапсырмасы бойынша ірі бизнес өкілдері колледждерге қамқор болуы қажет. Тарқатып айтсақ, қазірдің өзінде 410 мемлекеттік колледжді 498 кәсіпорын қамқорлыққа алып, ұйысып жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорын өкілдері тізімдегі колледждердің қамқоршылық кеңестеріне кіреді. Мысалы, бүгінде кәсіпорындар колледждерді жарақтандыруға, студенттерді тағылымдамадан өткізуге көңіл бөле бастапты. Демек кәсіпорын студенттің практикадан, тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруды және одан әрі жұмысқа орналастыруды өз құзырына алады.
– Бүгінде кәсіпорындар базасында осы тағылымдамадан 300 мыңнан аса студент өтті. Сондай-ақ 5 мыңға жуық педагог кәсіпорын базасында тағылымдамадан өтіп, жұмыстарын жалғастырып келеді. Академиялық дербестікте өңірге қажетті кадр даярлаудың тағы бір басым бөлігі дуалды оқытуға қатысты. Бүгінде 558 колледжде дуалды оқыту енгізіліп, 72 мың студент қамтылды. Мақсатты мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарына сай жаңартылады, дуалды оқыту ұйымдастырылады, студенттер оқу үдерісінде кәсіпорында практикадан өте алады. Бұл тапсырыс берушінің де, орындаушының да ортақ жауапкершілігін арттырады. Бұл ретте түлектерді 100% жұмысқа орналастыруға басымдық беріледі. Биылғы оқу жылында кәсіпорындардың тапсырысы бойынша 10 мыңнан аса студент оқып жатыр және алдағы жылы кадрларды нысаналы даярлауға мемлекеттік тапсырыс қалыптастыруды жоспарлап отырмыз, – деп түйіндеді Ш.Каринова.