Халық • 01 Ақпан, 2023

Ұлыларды ұлықтау – ұрпаққа аманат

657 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Amanat» партиясы «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында «Ұрпаққа аманат» қоғамдық дәрісін өткізді. Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларын ұлықтауға арналған іс-шара Қайым Мұхамедханов атындағы № 90 гимназияда бастау алды.

Ұлыларды ұлықтау – ұрпаққа аманат

Биыл Алаш ардақтылары Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшhүр­ ­Жүсіп Кө­пей­­ұлының туғанына­ 165 және Мағжан Жұмабайұлы мен Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың өмірге келгеніне 130 жыл толып отыр. Осыған орай партия тарихи-танымдық іс-шара ұйым­дас­тырып, оған танымал ғалымдар, тарих­шылар, қаламгерлер және жастар қауы­мы қатысты.

«Төл тарихынан алыстаған адам өз тамырынан ажырайды. Сондықтан өскелең ұрпақ үшін бұл іс-шараның айрықша мәні мен маңызы бар. Біз бүгін ел тарихында ерекше орын ала­тын алып тұлғалардың өне­­ге­лі өмірі мен еселі еңбек жолын еске алып отырмыз. Олардың есі­мі ­әр отандасымыздың жадында жаң­ғырып тұруға тиіс», деді тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.

Ал белгілі ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағы Астана қалалық филиа­лының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы бұл аса маңызды бастама екенін жет­кі­зіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Ұлт қайраткерлерін ұлықтау, өткен­­ді ұмытпау тек партияға артылған жүк немесе борыш емес. Кейінгі ұр­пақ­­тың, келешек жастардың көңіл көк­жиегін кеңейтетін осындай келелі іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, тарихи-танымдық әңгімелер ұдайы айтылып отыруға тиіс. Жас буын ұлты­мыздың әдебиетін, мәдениетін өрге сүйреген заңғар тұлғалардың шығар­ма­шылығынан нәр алып, өмірін үлгі ете білуі қажет. Ең бастысы, олар­дың со­ны туындыларын мерейлі жылында ғана емес, әрдайым іздеп жүріп оқу керек», деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Өз кезегінде, «Amanat»-тың Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары Еркебұлан Жаулыбаев бұл бастама тарлан тарихымызды, тұғырлы тұлғаларымызды, мәдениетіміз бен руханиятымызды насихаттау бағытында партия қолға алған алғашқы іс-шара емес екенін атап өтті.

Партияның Саяси тұғыр­на­ма­сын­да тари­хымызды дәріптеу, руха­ния­ты­мыз­ды жаңғырту бағытындағы бас­­­та­маларға үнемі қолдау көрсеті­ле­ті­ні, Алаш арыстарының ұлы мұраты үнемі үлгі-өнеге болатыны анық жа­зыл­ған. Соның бір дәлелі ретінде, былтыр партия отандастарымыздың жан азығына айналған «Бабалар аманаты», «Алтын домбыра», «Тәуелсіз елім – тірегім» республикалық ақын­дар айтысын, жас қаламгерлерді қол­дау мақсатында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық бай­қа­уын өткізді. Осы бағыттағы жұ­мыс алдағы уақытта да жалғасады», деді Еркебұлан Жаулыбаев.

Сондай-ақ іс-шара барысында ақын, «Мәдениет порталы» ЖСШ-ның құрылтайшысы Бауыржан Қарағыз, ақын, «Отан сақшысы» газетінің редакторы Рауан Қабдолда жырдан шашу шашып, ортаға орамды ой тас­тады.

«Мектебіңіз қазақтың жанына ж­ақын болған кезде ғана біз болашақ үшін аянбай серттесе аламыз» дейді Мағжан Жұмабайұлы. Яғни қазақтың жа­нына жақын мектеп қалыптастыру – Алаш арыстарының аманаты. Біз осы жолда жұмыс істеп жатырмыз. Тіпті бұл бағыттағы мектепішілік бір­­қатар маңызды жобамыз да бар. Шә­кірт­те­рі­міз бүгінгі іс-шарада есімі ерекше айтылып отырған тұлға­лар­дың сөзінен өнеге, тәлім-тәрбие алып келеді», деп түйіндеді аталған білім ошағының директоры Аятжан Ахметжанұлы.

Алдағы күндері дәріс Абай Құнан­бай­ұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында және Әлихан Бөкейхан атын­дағы №76 мектеп-лицейінде жал­ға­­сады. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше