Саясат • 02 Ақпан, 2023

Жаңа заң жұмысшылардың құқығын қорғауға тың серпін береді

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заңды қарап, мақұлдады деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа заң жұмысшылардың құқығын қорғауға тың серпін береді

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, қабылдады. Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді. Жаңа түзетулер келісім комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайларға және басқа да тиісті жайттарға қатысты мәселелерді қамтиды.

«Мемлекет басшысы еңбек дауларына қатысты құқықтық қатынастарды қосымша реттеу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Соған сәйкес әзірленген бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану – құқықтық саясатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Солардың бірінде Нұртөре Жүсіп «цифрлық аутизмнің» таралуына алаңдаушылық білдірді. Депутат аталған проблеманы шешуге арналған шаралар кешенін, оның ішінде жаппай ретинопатия мен жаңа туған нәрестелердің аудиологиялық скринингін жүргізуді ұсынды.

 

Гүлшахра САНСЫЗБАЙ