18 Маусым, 2014

Арна

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көксайдың табанынан су жүретін күн жақын

Ауыл-аймағы негізінен Алатаудың етегін жайлаған Жуалы қыста қары қалың, көктемі кеш шығатын аудан болғанымен жазда күні ағын суға қарап тұр. «Жеті күн жауған жаңбырдан, желіп өткен су артық» деген, тау топырағы қанша ылғалды болса да көкөніс, жеміс-жидек егілген алқапқа шілденің ыстығында арқырап аққан су ауадай қажет. Әйтсе де, соңғы екі жылда Жуалы жұртын ағын су мәселесі қатты алаңдатып тұр. Нақтырақ айтсақ, осы ауданды сонау 1964 жылдан бері нуландырып отырған Көксай (Быстроток) каналының бас жағы біздің жерден бастау алғанымен, ортасының 11 шақырымынан астам бөлігі қырдың арғы жағындағы қырғыз ағайындардың аумағы арқылы өтеді. Былтыр айырқалпақты ағайындар ашуға мініп, бау-бақша, егістік нағыз қаталап тұрған шақта арықты жауып тастағанын ақпарат құралдарының бәрі жазды. «Көрші елдің су бермеуіне байланысты 2012-2013 жылдары осы маңдағы шаруалар өте көп қиындық көрді. Су дер кезінде жетпей, өнімділік азайып кетті», дейді осындағы шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев. IMG_8760 IMG_8725 Арыққа бола ат төбеліндей ағайын араз болып, көршімен өстіп келісе алмай жүргенде аққан су мен еккен егінде береке бола ма? Сондықтан ел Үкіметі өткен жылы Көксай каналының Қырғызстан жағындағы бөлігін жауып, арықты бергі жақтан салуға шешім қабылдаған еді. Дәл қазір ұзындығы 24,5 шақырымды құрайтын осынау құрылыспен «Сұңқар» және «Жігер 2004» ЖШС-лер айналысуда. Оған 5 миллиард 800 миллиондай теңге бөлінген. Құрылыс 3 кезең бойынша жүргізіледі. Еріген мұздақтардың суын жинайтын құз ішіндегі бас­ты құрылымның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, 1240 метр темір-бетон құбырдың 1 шақырымы салынып қойылды. Төмендегі темір құбырдың 16 шақырымы да дайын. «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Қоңырбай Шәкәрім бұл каналдың секундына 3,5 текше метр су өткізуге лайықталып жасалып жатқанын айтады. Басты мақсат – 1 шілдеге дейін осы канал арқылы Жуалыға су жеткізу. Алайда, биыл көктем жаңбырлы болып, жұмыс едәуір кеш басталыпты. Жарылыс жасап, бұзылуы тиіс тұмсықтағы жұмыс екі ауысымда жүргізіліп жатыр. Алда-жалда жаңа каналды мерзімінде тапсыру мүмкін болмай жатса, шілдеде суды ескі арна арқылы беру жолдары қарастырылуда екен. «Бүгінде Көксай арқылы Жуалы ауданының 2,2 мың гектар жеріне су жетеді. Ал жаңа канал іске қосылғанда суармалы аумақ бұдан 5 есеге көбейеді. Бұл, әрине, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосады», дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Қазір құрылыс басындағы 10 бригада, яғни 190 жұмысшы мен 60 техника «Көксайды» мерзімінде пайдалануға беруге бар күштерін салуда. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.