Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінің бірінде қала тұрғындары аталған жер телімін мемлекет меншігіне алып, саябақты ретке келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы мәселе көтерген еді.
«2022 жылдың 5 қазанында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен әкімдіктің жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою туралы талап арызы қанағаттандырылды, өтемақы сомасы 2 338 817 000 теңге мөлшерінде анықталды ( 2022 жылғы 21 қыркүйектегі №5386 сараптама қорытындысы бойынша). 2022 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. 2023 жылдың 13 қаңтарында өтемақы сомасы «Jusan Property» ЖШС-не ауыстырылды», деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі таңда қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы «Южный» саябағын абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қажетті құжаттарды дайындап жатыр.