БҰҰ Бас Ассамблеясында «Адам құқықтары мен заң басымдығының «Пост-2015» даму күн тәртібіне қосқан үлесі» атты жоғары деңгейлі отырыс болып өтті. Бұл – 2015 жылдан кейінгі жаңа жаһандық даму күн тәртібін қалыптастыру жөніндегі үдерістердің аяқтаушы кезеңдерінің бірі. Мұнда Қазақстан атынан Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев сөз сөйледі.
Т.Әбішев өз сөзінде БҰҰ қызметі адамның негіздемелік құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің маңызы мен ұлттық және халықаралық деңгейде жаһандық тұрақты дамуға жету, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, жергілікті және халықаралық жанжалдарды реттеу үшін қажет екендігін атап өтті.
Іс-шара аясында Т. Әбішев БҰҰ Бас хатшысының Адам құқықтары жөніндегі көмекшісі Иван Шимоновичпен кездесіп, Қазақстанда адам құқықтарын қамтамасыз етудің жағдайы туралы, сонымен қатар, осал топтар санатындағы босқындар, еңбек мигранттары, азаматтығы жоқ адамдар, оралмандар, адам саудасының құрбандары мәселесі туралы баяндады. Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ-ның құқық қорғау құрылымдарымен ынтымақтастығын одан әрі дамыту бойынша бірқатар жайттар талқыланды.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі жетекші халықаралық құқық қорғау үкіметтік емес ұйымдарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл жиынға Хьюман Райтс Уотч, Журналистерді қорғау комитеті, Ашық қоғам қоры және Халықаралық амнистия ұйымы шақырылып, Қазақстанның тақырыпқа қатысты бірқатар баяндамалары назарға ұсынылды.
Халықаралық құқық қорғаушылар дөңгелек үстел үшін алғыстарын білдіріп, қазақстандық және халықаралық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту бойынша Қазақстанның белсенді күш-әрекеттеріне оң бағасын берді. Олар БАҚ қызметіне қатысты нақты істер туралы сөз қозғап, Қазақстандағы құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдамалар берді.