Мәдениет • 02 Ақпан, 2023

Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына арналған байқау жарияланды

2160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Рахметолла Райымқұловтың туғанына 110 жыл толуына орай студенттер, магистранттар, PhD-докторанттар мен жас ғалымдар арасында «Рахметолла Райымқұлов – ХХ ғасырдың көрнекті қаламгері» атты республикалық байқау жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына арналған байқау жарияланды

Байқауға қатысуға ниет білдірген жас қаламгерлер өз материалдарын 2023 жылдың 28 сәуіріне дейін ұсына алады. Байқау нәтижелері 2023 жылдың 11 мамырында шығарылады.

Қазылар алқасы құрамына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы профессорлары, журналистика және әдебиет теориясын зерттеуші ғалымдар, қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер мен журналистер кіреді. Ең үздік жұмыстар қазылар алқасы мүшелерінің отырысында іріктеледі.

Байқаудың басты мақсаты - жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиеттің беделін нығайтуға үлес қосу, балалар әдебиетін дамытуға күш салу, сондай-ақ жазушы
Р.Райымқұловты өз заманының көрнекті қаламгері, тарихи тұлғасы ретінде таныту, дәріптеу.

Байқау келесі номинациялар бойынша жүргізіледі:

  • Үздік әңгіме (еркін тақырып);
  • Балаларға арналған үздік шығарма (ертегі, мысал, әңгіме, т.б.), (еркін тақырып);
  • Үздік танымдық мақала (жазушы Р.Райымқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы танымдық мақала).

Байқаудың шарттары:

  • байқауда 2023 жылдың 1 ақпаны мен 28 сәуірі аралығында жолданған туындылар іріктеледі;
  • байқауға Қазақстанның барлық аймағындағы жоғары оқу орындары мен білім және ғылым мекемелерінің 35 жастан аспаған студенттері мен магистранттары және PhD-докторанттар мен жас ғалымдар қатыса алады;
  • байқауға тек қазақ тіліндегі шығармалар қабылданады;
  • бір автор бір жанр бойынша ғана байқауға қатысады;
  • байқауға ұсынылатын шығармалар мерзімді басылымдарда жарияланбаған, кітапқа енгізілмеген және бұған дейін басқа байқауларда жүлделі орын алмауы тиіс;

Байқау жұмыстарына қойылатын талаптар:

  • Көркемдік сапаның жоғары болуы;
  • Тақырыптың ашылуы;
  • Тіл тазалығы;
  • Логикалық үйлесім;
  • Ой тереңдігі;
  • Мұрағаттық ақпараттардың шынайылығы;
  • Жаңашылдығы.

Байқаудың әр номинация бойынша жеңімпазы 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады. Қосымша 3 қатысушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 100 000 теңгеден беріледі.

Жұмысты рәсімдеу талаптары:

  • Байқау жұмыстары А-4 форматында, Times New Rоman қарпімен, 14 мөлшерде, 1,15 аралықта терілуі керек;
  • Байқауға ұсынылатын материалдар көлемі 7-8 беттен аспауы тиіс.
  • Бірінші файлда шығарманың бірінші бетінің жоғарғы жағына шығарманың номинациясы және автордың бүркеншік есімі ғана жазылады. Екінші файлда автордың бүркеншік есімі және автордың толық аты-жөні көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, мекенжайы, байланыс телефоны жазылуы керек;
  • Байқау материалдары авторларға қайтарылмайды.
  • Материалдар электронды нұсқада қабылданады.
  • Байқау материалдары мына электронды поштаға жіберілуі тиіс: [email protected].