Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елімізде 100 мың IT-маман даярлау туралы тапсырма берген еді. Соның ізімен қабылданған «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында 2021 жылдың соңында облыс орталығында заманға сай ақпараттық технологиялар саласында білім беретін IT-мектеп тұсауын кесті. Жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен облыс әкімдігі және Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясы жүзеге асырды. Аймақ тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, IT-бағыттарды дамыту мақсатында дүниеге келген болашақ мамандықтар мектебі қазіргі күні өз қызметімен ерекшеленіп отыр.
Оқу мекемесі директорының міндетін атқарушы Анар Садықова атап өткендей, мұнда бағдарламалау, модельдеу, графика, сайттарды бағдарламалау, медиа-маркетинг бағыттарында 21 курс ашылған. Алғашқы жылы ERG компаниясының жеке инвестициясы есебінен барлық курста оқу тегін жүргізіліп, 400 адам өздерінің цифрлық сауаттылығын арттырып үлгеріпті.
– Курстардың ұзақтығы бір айдан бір жылға дейін жалғасады. SMM-маманы, мобилограф секілді жастар арасында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды бір-екі айда оқытып шығарамыз. WEB-бағдарламалау ең күрделісі болғандықтан, оған жазылғандар жылға жуық оқиды. Компьютерден сауаты бар адам бұл жерде сайт жасаудың тетігі мен бағдарлама тілдерін толық меңгеріп, дайын маман болып шығады. Ақпан айында WEB-әзірлеушілердің алғашқы толқыны курстарды тәмамдайды. Бұл жерде сайтты толық әзірлеу, өз жобаларын ұсыну, кейстер жасау, барлығы қамтылып үйретіледі. Аптасына 3 мәрте осында келіп білім алады. Оқу кестесі жалпыға қолайлы уақыттарға орайластырылған, – дейді мектеп жетекшісі.
Бағдарламалау, SMM, 3D графика, сәулет өнері, бағдарламалаудағы Pyton тілі, Photoshop графикалық редакторын меңгеру, шығармашылық фотосурет курстарында оқу үшін арнайы білім қажет емес деп санайды мектептің атқарушы директоры Сұңғат Балташ. Тек кейбір бағыттар бойынша компьютерлік алғашқы дағдылар қажет болады. Мұнда балалар 10 жастан қабылданатынын ескерсек, IT-мектеп әлеуметтің кез келген санатына қолжетімді. Тек азаматтар аптасына үш мәрте уақыт тауып, мұндағы оқытушылардың дәрісін тыңдап, практикалық жұмыстарын меңгеруге ынта танытса жеткілікті.
Мектептің жұмысын үйлестіріп отырған жетекшілерден бөлек, мұнда Нұрсипат Төлеубай мен Кәмила Жалғаубекова есімді IT-менеджерлер еңбек етеді. Кілең қазақ жастарынан құралған топ бүгінде оқу нысанының шаруасын ұршықша иіріп отыр. Айтуларынша, қазіргі күні курстардың барлығы ақылы жүйеге көше бастаған. Себебі инвестициялық қаражат бір жылға ғана шақталған екен. Енді мектеп курстарды ақылы етіп, өз күнін өзі көруі керек. Мұндағы курстарда білім үйрететін тәлімгерлер жергілікті жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін жоғары санатты оқытушылар. Оларға ай сайын еңбекақы төлеу үшін қаражат көзі қажет. Сондықтан IT-мектеп коммерциялық ұйымға айналуға мәжбүр.
Бұл курстарға негізінен студент жастар, өз кәсібін алға қойған фрилансерлер, мәселен, гүл бизнесін, торт пісіруді, іс тігуді, сауда саласын меңгерген жандар қызығушылық танытатынын айтып өтейік. Байқағанымыздай, мұнда қазірдің өзінде 80-дей адам оқып жатыр. Бұған дейін мобилография мамандығы бойынша қазақ тілінде курс болған екен. Сұраныс болмағаннан кейін алғашқы түлектерден соң ол жабылып қалыпты. Өзге курстардың барлығы орыс тілінде жүргізіледі. Дегенмен 21 курс бойынша қазақ топтарын ашуға маман да, техникалық әлеуетіміз де жеткілікті дейді мектеп ұжымы. Қазіргі күні оқып жатқандардың дені Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларынан келгендер. Курс үшін шәкірттер ай сайын шамамен 20-35 мың теңге төлейді. Бұл баға жергілікті жерде қызмет көрсететін жекеменшік IT-мектептерге қарағанда, екі есе арзан екенін атап өткен жөн.
– Мектеп ішінде IT-мамандардан құралған арнайы тобымыз бар. Барлық мәселені сонда талқылап, шешеміз. Курс оқытушыларының көбі өздерінің авторлық оқыту бағдарламаларына ие. Жетпегенін арнайы оқыту орталықтарынан сатып аламыз. Алдағы уақытта Artsport бағдарламасы жалғасын тапса, оған да қатыспақ ойымыз бар. Себебі оқушылар мен колледж студенттерінің көбі біздің мектепте тегін оқығысы келеді. Жалпы, курста оқушылардың жас шамасына шектеу қойылмайды. Бітіріп кеткендердің ең үлкені 56 жаста болды. Сондай-ақ өткен жылы жазғы уақытта компьютерлік сауаттылық арттыру курсына 73 жастағы қарияның қатысқанын да көрдік. Оқушылар мен жастар тұрмақ, ересектердің де қызығушылығы жоғары, – дейді А.Садықова.
IT-мектеп өңірдегі ақпараттық технологиялар саласының дамуына да ынталы. Бұған дейін Dota 2 және CS:GO ойындары бойынша кибертурнир, түрлі хакатондар өткізіп келген. Одан да басқа шараларды ұйымдастыруға білім нысанының техникалық тұрғыдан жеткілікті жарақталуы мүмкіндік беріп отыр. Мұнда бірінде – 24, екіншісінде 16 компьютер қойылған екі оқу аудиториясы, фотосурет өнерімен әуестенгендер үшін арнайы фотоаймақ бар. Атап өтерлігі, Astana Hub базасында әзірленген Tech Orda бағдарламасы бойынша оқу ордасында 18 адам білім алып жатыр. Алдағы уақытта ұсыныс тоқтамаса бұл жоба жалғасын таба береді.
С.Торайғыров университетінің 2-курс студенті Мирас Ерсайынов ақпараттық технологиялар саласында білім алып жүргенін, мұндағы IT-мектепте Photoshop графикалық редакторын меңгеру курсынан өткенін жеткізді. Оқытушылары тек бағдарламаны меңгеріп қана қоймай, фотосурет түсіру кезінде жарықпен қалай жұмыс істеу керектігін үйреткен. Алыстағы Ақтау өңірінен Павлодарға білім іздеп келген жас өрен болашақта Web-бағдарламашы болып шығады.
Фотосурет курсының түлегі Сұлтанбек Сәрсембай бүгінде ERG компаниясында табысты еңбек етіп жүр. Жас маман мұнымен шектелмей бейнемонтаж жасау курсына жазылған. Жуықта ол Tech Orda бағдарламасы арқылы грант ұтып алып, IT-мектепте білімін жетілдіруді жалғастыруда.
Ал дизайнерлік курста тәлім алып жүрген Айман Шаклеина заманға сай цифрлық білім өзінің фрилансерлік кәсібін кеңейтуге мүмкіндік тудырып отырғанын айтты.
– «IT School»-да Astana Hub ваучері бойынша «UX/UI дизайнер» курсын меңгеріп жатырмын. Жеті айлық курстың 2 айын тәмамдап үлгердік. Осы уақыт ішінде теориялық және практикалық тұрғыдан өте көп білім игердім. Алған білімімізді үй тапсырмалары арқылы бекітеміз, соның нәтижесінде курс соңында дайын портфолиомен шығатынымыз қуантады. Оқытушым Дмитрий Владимирович мол тәжірибесінің арқасында бізге ең қажетті машықтарды үйретіп жатыр. Бұл курс өзім үшін кәсіби тұрғыдан өсуге қажет. Мен фрилансермін, Tilda платформасында сайт жасаумен айналысамын. Бұған дейін Figma секілді аспаптарды қолданатынмын, оның өзінде толық емес. Осы курстың нәтижесінде, енді өзімнің қызмет көрсету кеңістігімді кеңейтіп, күрделі тапсырыстарды қабылдай аламын. Келешекте табысымның да еселене түсеріне күмәнім жоқ. Осындай мүмкіндік сыйлаған IT-мектеп пен Astana Hub-қа алғысым шексіз, – дейді Айман.
Қазіргі күні информатика пәні мектептерде 1-сыныптан бастап оқытылады. А.Садықованың пікірінше, ақпараттық технология бойынша мектеп бағдарламасы ұстаздар үшін тым күрделі. Күнделікті сабақ үдерісінде олардың қиналып жүргені байқалады. IT-мектеп мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған арнайы курстарды әзірлеп, өңірлік білім беру басқармасына ұсыныс жасаған екен. Алайда басқарма одан әзірше бас тартып отыр. Осы мәселені жауапты мекемелер алдағы уақытта ескерсе екен деген тілегін де жеткізді.
ПАВЛОДАР