Мектеп • 03 Ақпан, 2023

Қаржылық сауаттылықты мектепте қалыптастырайық

1045 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде халықтың қаржылық сауаты сын көтермейді. Әйтпесе арамызда жүрген кейбір адамдар банктер мен микроқаржы ұйым­да­ры­нан қаптатып несие алмас еді, қаржы пирамидалары мен желілік маркетингтердің тұзағына түспес еді, әртүрлі алдамшы бизнес-схе­малардың шырмауында қалмас еді. Осының бәрі – қаржылық амалды ойланбаудың салдары.

Қаржылық сауаттылықты мектепте қалыптастырайық

Қаржы министрлігінің 2022 жыл­дың 1 қазанындағы есебі бо­йынша 7,8 млн адам екінші дең­гей­лі банктерге, микроқаржы ұйым­­да­рына және коллекторларға 14,3 трлн теңге қарыз. Өкініштісі, аза­матт­ардың бір бөлігі бір банктен алған қарызын өтеу үшін екінші банк­тен несие рәсімдейді. Мұндай қар­жылық амалдардың қарызға бел­ше­ден батыратынын олардың көп­шілігі түсінбейді.

Алдамшы бизнес-схемалардың іс-әрекетінен адамдар ғана емес, елдің экономикалық жағдайы да жапа шегеді. Халықтың қаржылық институттарға деген сенімі азаяды. Адамдар артық ақшасын банк­терге салуға жүрексінетін болады. Түрлі өнеркәсіп орындарын дамыту мақсатында шығарылған бағалы қағаздарды сатып алуға құлық танытпайды. Сөйтіп, кез кел­ген елдің экономикасында үл­кен рөл атқаратын инвестиция кө­ле­мі күрт азайып кетеді. Ал ха­лық­тың көп бөлігінің қаржы ұйым­дары ал­дындағы қарызының өсуі сол мемлекеттегі әлеуметтік тұрақ­сыз­дық­ты қалыптастырады.

Қазіргі уақытта қаржылық пирамидалар ішкі мазмұнын сақтай отырып, сыртқы түрін өзгерту үс­тінде. Бұрынғы пирамидаларда халықтың қаржысы жалған жоба мен түсі­нік­сіз қорларға құю ұсынылса, қа­зіргі күні халықты пәтер сатып алуға, жалған зауыттар және кен орын­дарын дамытуға, басқа да псев­доматериалдық құндылық­тар­ды жасауға шақырады. «Questra Holding Inс», «Финанс Опто Групп», «Гарант 24 Ломбард», «Пә­тер кооперативтері», «қара касса» және басқа да қаржы пирамидалары – жоғарыда айтылған сөзімізге дәлел.

Азаматтардың қаржылық қыз­мет­тер мен құралдарды дұрыс әрі тиімді пайдалануы үшін, сондай-ақ алдамшы бизнес-схема­ларды бірден анықтай алуы үшін адамдарда белгілі бір­ деңгейде қаржылық сауат­ болуы ке­рек. Ал жеке тұлға­ның қар­жы­лық сауатының қалып­тас­­уы мек­­тептен басталатыны даусыз. ­

Жуырда Сенат пен Мәжілістің жалпы отырысындағы жеке тұлға­лар­дың банкроттығы туралы заң жобасын талқылау кезінде экс-мәжілісмен Бауыржан Сартбаев қаржылық сауат мәселесін көтерді. «Қар­­жы­лық сауатты мектеп үйретуі керек. Бұл мәселені Оқу-ағарту минис­трлігі зерттеуге тиіс. Мектеп бағ­дарламасына қаржылық сауат­ты­лықты пән ретінде енгізе ала ма, жоқ па, соны қарастыруы керек. Себебі адам несиесін өтей алмайтын әрі банкроттыққа ұшырайтын жағдайға жеткенде, оған ақшаны сауатты пайдалануға үйрету кеш бо­лады», деді ол. Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев де­путат­тың ұсынысын қолдай оты­рып былай деді: «Қаржылық сауат­тылық – біздің қоғамдағы үлкен мәселе. Осының сал­да­рынан көптеген адам қиын жағ­дайға тап болады. Бұл мәселені шешу­ді екі министрге (Оқу-ағарту министрі, Ғылым және жоғары білім министрі) тапсырамын».

Қазіргі күні әлемдегі қаржы на­рығы мен қаржылық қызметтер­дің тез дамуы нарықтағы қаржылық құрал түрлерінің көбеюіне және олармен жұмыс жасау әдіс­тері­нің күрделенуіне әкелді. Қаржы на­ры­ғында банк терминалдары, пластикалық карталар, call-орталықтар, онлайн қаржылық қызмет түрлері және тағы да басқа дүниелер пайда болды. Банктік шот ашу, банк жүйесіндегі дебет және несие карталарын алу адамнан белгілі бір деңгейдегі қаржылық білімді талап етеді. Аталған қаржылық құралдарды пай­далану үшін обердрафт, эквайринг, сақтандыру полисі, әртүрлі амалға алына­тын комис­сия, кешбек, бонус­тар, несие па­йыздары және оның түр­лері, не­сие­лік лимит, несие­лік рейтинг, карта көмегімен қарызды жабу, автотөлемдер, ағым­дағы және жинақ шоттары, несие тарихы, кредиттік балл секілді эко­но­­микалық-қаржылық ұғым­дар­ды жете білу қажет.

Сондықтан орта мектептерде жо­ғары сынып оқушыла­рының қар­жылық білімін қалыптас­ты­руға бағытталған пән немесе фа­куль­тативтік сабақ енгізу қажет. Біздіңше, бұл пәннің немесе факуль­тативтік сабақтың не­гізгі міндет­тері келесідей болуы керек: оқушыларда қаржыны үнемдеу және сақтау шеберлігі мен дағ­дысын қалыптастыру; ақшаны тиімді жұмсауға үйрету; оқу­шы­ның өзіне тиесілі ақша қоры­ның шыққан көзін жақсы білуін қамтамасыз ету (табыс көзі, жинаған ақшасының көлемі, инвес­тиция, қарыз және тағы басқалар); экономикалық және қаржылық мазмұндағы жаттығулар, тапсырмалар және есептер жүйесін орындау, қаржылық мәдениетке қатысты эссе жазу, жобалар орындау және басқа да шығармашылық жұмыстар жасау; күмәнді қаржы ұйымдары, олардың пайда болу себептерін, құ­ры­лымын және жұмыс істеу меха­низмін түсіндіру. Мұндай іс-шараларды кәсіптік білім беретін колледждер жүйесінде де қолға алу маңызды.

Жоғары оқу орындарындағы білім беру үдерісінде болашақ ма­ман­дардың қаржылық сауатын және мәдениетін көтеру бағы­тын­да келесідей кешенді іс-ша­ра­лар іске асырылса деген тілек бар: белгілі бір пәнді оқыту барысында қарастырылып отырған та­қы­рыптың қаржылық-эконо­ми­калық жағын ашу; жоғары оқу орындарының кафедралары мен оқу орнының қаржылық-экономикалық кафедралары арасында ғылыми-әдістемелік байланыстар орнату; қаржылық-экономикалық кафедралар көмегімен экономикалық емес мамандықтар студенттерінің қар­жылық білім жүйесін қалыптас­ты­руға бағытталған элективті пән­­­дер­ немесе арнайы курстарды оқу бағ­дарламасына енгізу; элек­тив­­ті пәндердің мазмұнын жасау немесе арнайы курстардың оқу бағдар­ламасын құру кезінде «Қар­жы математикасы» ғылы­мы­­ның элементтерін пайдалану; экономикадағы қаржылық үде­ріс­тердің орны мен рөлін ашатын ғылыми жобалар жасау және студент­тердің ғылыми зерттеу жұ­мыс­тарының конкурстарын ұйым­дас­тыру.

Орта және жоғары білім беру ұйымдарында оқушы жастардың күмәнді қаржы ұйымдарына кіруіне жол бермейтін іс-шаралар бойынша семинарлар, тренингтер өткізіп тұру қажет. Білім алушылардың және жалпы ел азаматтарының қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған әртүрлі қоғамдық жобаларды іске асыру үшін телевизиялық, цифр­лық және интернет ресурстарды (сайттар, қосымшалар) пайдалану, конференциялар мен семинарлар өткізу, республика көлеміндегі жас­тар газеттері мен журналдарында қаржылық сауаттылық бойынша қосымшалар шығару және тағы басқа іс-шараларды жүйелі және мақсатты түрде іске асырып отыру қажет.

Егер жоғары оқу орнының қа­быр­ғасында қаржылық білім жүйе­сі қалыптасқан әртүрлі сала ма­мандары даярланса, онда бұл фактор мемлекеттің нарықтық эко­но­микада үлкен табысқа же­туінің негізгі шарты болмақ. Мұндай оқу орнын бітірушілер өз ма­ман­ды­ғы­ның міндеттерін мем­лекеттің экономикалық мақсат­та­рымен кі­рік­­­тіре отырып, табыс­ты еңбек етеді. Ал әрбір қоғам мү­шесі­нің оң­тай­лы қаржылық ше­шім қа­был­дай алуы, өз кезегінде мемле­ке­ті­міздің экономикалық-қар­жы­лық тұ­рақ­ты­лығы мен әлеу­меттік жағ­да­йын қамтамасыз етуге оң әсер бермек.

 

Абзал МҰҚЫШЕВ,

Технология және бизнес

университетінің доценті, PhD

АСТАНА