18 Маусым, 2014

Экспорт артып, импорт азайды

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бастаған бірқатар министрлер Үкімет отырысында қаралған мәселелер жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. Онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланғандығын айтты. Премьер-Министрдің орынбасары Үкімет отырысында ел Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы және 27-ші пленарлық отырыстарында жарияланған Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы талқыланғанын атап өтті. «Сондай-ақ, бүгiнгi Үкiметтiң отырысында биылғы жылдың бес айындағы Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму барысы қаралды. Жалпы, экономикада оң серпiн бар және әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындыларын жасау шеңберiнде бiз ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы мемлекеттiк бюджеттiң атқарылу қорытындыларын қарадық. Өткен жылдың осындай кезеңiмен салыстырғанда көрсеткiштер анағұрлым жоғары. Мәселен, мемлекеттiк бюджеттiң кiрiсi 17,5 пайызға немесе 461 млрд. теңге өсiмге ие болды. Барлық деңгейдегi бюджеттiң түсiмдерi бес айдағы жоспардан 4,5 пайызға артық түсiп, 3 трлн. 88 млрд. теңгенi құрады», дедi Б.Сұлтанов. Үкімет басшысының орынбасары, шығыстардың орындалуында да оң өзгерiстер байқалғандығын айтты. Өткен жылдың бес айында жоспар 90 пайызға орындалса, биыл 98 пайызға орындалыпты. «Бұл процестердiң жақсаруына өткен жылы бюджеттiк және мемлекеттiк сатып алу заңнамасына енгiзiлген өзгерiстер әсер етті деуге болады», деп толықтырды ол. Баспасөз мәслихатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, үстіміздегі жылдың 5 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2014 жылғы экономикалық өсімнің мақсатты индикаторларындағы жетістіктер туралы әңгімеледі. Сөйтіп, өткен бес айдағы ең жағымды жаңалыққа тоқталды. Бiрiншi тоқсанда экспорттың жалпы көлемi 22,6 млрд. долларды құрап, 2013 жылғы көлеммен салыстырғанда 1,6 пайызға аз болғанымен, жалпы межеден 11 пайызға артыпты. Соның iшiнде Кеден одағында экспортымыз 1,2 млрд. долларға жетіпті. «Өз кезегiнде Кеден одағынан келетiн импорттың көлемi 19,8 пайызға азайған және 2,9 млрд. доллар көлемiнде тiркелiп отыр. Сондай-ақ, теңге бағамының түзетiлуi есебiнен қымбаттаған импорт тауарлары да 11,7 пайызға кеміген, деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев. Әділет министрі Б.Имашев зияткерлік меншіктің кейбір мәселелері жөнінде айтты. Ал Көлік және коммуникация министрі Ж.Қасымбек азаматтық авиацияны дамыту мәселелерін сөз етті. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков АӨК саласындағы салық салуды жетілдіру жайлы баяндады. Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев Мемлекет басшысының Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы және 27-ші пленарлық отырыстарында берген тапсырмаларын жүзеге асырудың барысы туралы және Астана қаласы маңындағы аймақтарды дамытудың кешенді жос­пары мен азық-түлік белдеуін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндап, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту мәселелері мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».