Руханият • 02 Ақпан, 2023

Ұлт үмітін ақтаған

460 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

XX ғасыр басында қазақ қоғамы жаңа саяси кезеңдерді бастан кешіріп, сапалық жағынан өсуге талпынды. Алғашқы ұлттық басылымдар, ұлттық мектептер пайда болып, ағартушылық қозғалыс кең қанат жайды. Ресей түркілері арасындағы жаңашыл қоғамдық-cаяси және ағартушылық қозғалыс жәдитшілдік деп аталды. Одан қазақ қоғамы да қағыс қалмады. Елімізде жәдиттік бағыттағы ағартушылық біршама өркен жайып, Алаш идеясын өрістетті. Бұл – ұлттың қайта өркендеу, тұтастану һәм бірігу кезеңі еді. Осы жолда алғашқы ұлттық басылымдар тарихи міндетін адал атқарып, соңына дейін ұлттық бағыттан ауытқымады. Тарихымызда тұңғыш рет ұлттық мерзімді басылым ұстанымын, тұжырымын, кәсіби мазмұнын айқындаған жалпыұлттық «Қазақ» газетіне биыл, міне, 110 жыл толып отыр.

Ұлт үмітін ақтаған

Суретті салған Алмас Сырғабай

«Қазақ» газеті, Ахмет Бай­тұрсынұлы айтқандай, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуға тырысты. Жұрттың білімді, айтары бар, көргені көп көсемдері, оқығаны көп ғалымдары осы газет арқылы халықтың алдына шығып, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық етті. Газет ел тарихында халыққа білім таратушыға айналды. Сонымен қатар осы газет халықтың жоқшысына айналды.

«Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында жарық көргені белгілі. Сол кездегі татар газеттерінде қазақ газетінің алғашқы саны қай уақытта шы­ғуы жоспарланғанын жа­зыпты. «Уақыт» газеті: «Орынборда жеті сайын шы­ғатұғын «Қазақ» газетасына жазылу дәптері ашылды» дей келе: «Қазақтың» бі­рінші нөмірі бірінші февраль­дан қалмай шығашақ. «Қазаққа» әр тілмен жазылған сөздер, хабарлар алынады. Ел ішінде тұрған татар қарындастарымыздың қазаққа газеттің пайдасын түсіндіріп, жазы­лушы табуға көмегін аямас деп үміт етеміз» деп тілек айтады. Соңында: «Қазақ­тың» бас жазушысы – Ахмет Бай­тұр­сынұлы. Бастырушы – Мұстафа Ора­заев. Алдырушыларға тура әдрес мынау: Орынбург, ред. газ «КАЗАК» деп көрсеткен. Бұл жарнама «Уақыт» газе­тінің 1913 жылғы №1112, 1118-сандарында жарияланады.

авпо

«Қазақ» газетіндегі ақ­парат, мақала, талдау, көлемді зерттеу, т.б. «Бас мақа­ла», «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабар­лар», – «Ел арасындағы хабарлар», «Анау-мынау», «Оқшау сөз», «Өлең-жыр», «Ашық хат», «Тілшілерден», «Газеттер­ден», «Басқармаға келген хаттар», «Басқар­мадан» деген айдарлармен жарияланды. Сондай-ақ газеттің бірінші және соңғы беттерінде түрлі жарнамалар мен хабарландырулар басылып тұрды. Газет беттерінде көбіне қазақ жазуы, ұлттық мектептер, шетелдегі қазақ студенттері, серіктік ашу, земство істері, аш-жалаңаштарға жәрдем, әртүрлі сиездер мен партиялық бағдарламалар, кітап тарату конторлары, шетел қазақтары туралы хабарлар ұсынылды.

Газетті көздеген мақсатқа жеткізу үшін бастырушылар да, таратушылар да, қа­ламгерлер де бар күш-жігерін аямады. Соның нәтижесінде, жыл өтпей газет таралымы 3000 данадан асып, Ресей аумағынан сырт әлемнің ірі қалаларына дейін таратылды. Газетке жазылған ағайынның қатарында Қытай қазақтары да болды. Тіпті Түркия аума­ғынан да жаздырып алушылар табылды. Қажымұқан балуан газеттің мақсатымен, бетіндегі жазбалардың маз­мұнымен танысқан соң, «мәңгілік жазылушы боламын!» деп жыл сайын жарнасын төлеп тұруға уағда етеді.

Газеттің тағы бір артықшы­лығы маркетинг жүргізумен айналысып, қазақ тілінде алғаш жарнама жариялап, сату, сатып алу, түрлі тауарларды тарату конторына айналды. Ең алғашқы санынан бас­тап кездесетін кітап жарнамасы газеттің соңғы санына дейін үзіліссіз берілді. Газет кейбір кітаптарды жеңілдікпен таратып отырды. Өйткені олар «Азамат серіктігі» арқылы «Қазақ» басқармасы тарапынан бастырылған еді. Сонымен қатар газет беттерінде әртүрлі машиналарға арналған жарнамалар кездеседі. Мысалы, газе ттің 1913 жылғы сандарын қарап шыққандағы көрсеткіш: 1) Шөп машинасы (6); 2) Альфа-Нобель машинасы (2); 3) Шөп жиатын машина (3); 4) Сүттен май айыратын машина (2); 5) Машина тырма (2); 6) Май машинасы (8); 7) Зеңгір жібінің ағашы (9); 8) Зеңгір компаниясының киім тігетін машиналары (8) («несиеге алушылар жұмасына 1 сомнан төлейді») деген сияқты 35 рет жарнама кездесті.

«Қазақ» газеті абайтанудың алаңына айналды. Мұнда ірі ақынға қатысты кемі 40-қа жуық түрлі материал кез­деседі. Ұлт зиялылары Алаш идеясының рухани негізін Абай еңбектерінен ала отырып, ақын шығармаларын зер­делеуді басты мақсат тұтқан.

Қазақ қыздарының қалай білім алғаны туралы да жазылып тұрды. «Қазақ» газетінің 1913 жылы 23 мамырдағы №15 санында Семейдегі қазақ мектебінде тәлім алып жатқан қазақ қыздарының кезекті емтихан тапсыруы туралы хабар басылған. Мұнда Семейдегі қазақ мұғалима қыздары туралы да ақпарат бар. Ғазиза ханым Малдыбаеваның емтихан қабылдағаны және оған Рахима ханым Мәрсекова, Нәзипа ханым Құлжанова сияқты қазақ мұғалималары да көмекші болып, сынақты қабылдасқанын айтады. Ма­қала: «Қазақ ішінде ал­ғаш­қы мұғалиманың алғаш­қы емтиханы» деген атпен басылған еді. Соңына «Тіл­ші» деп қол қойылған. «Се­мей заречной слабодкасын­да бала оқытып тұрған мұ­ға­лім Мұстақым мырза Мал­дыбаевтың жамағаты Ғазиза ханым қарамағындағы әйел балалар мектебінде болып, қыз-қатындар көп жиналды. Емтиханшылардың ішін­де: Мәрсековтің жама­ға­ты Рахима ханым, мұғалім Н.Құл­­жановтың жамағаты Нә­зипа ханымдар да болды. Әйелдер шамаларынша оқығандарының үстіне қол­өнерді де үйренген екен. 35 әйелге жазу-сызуды үйре­тіп, қолөнерге баулығаны үшін жиылған ханымдар, бәйбішелер мұғалима Ғазиза ханымға алғыс айтқан. Әйел балаларымыздың оқып, жазу білуі оның үстіне шешелері­нің алдында емтихан тапсыруы тоңған көңілдерімізді жібітсе керек», дейді. Газеттің келесі санында Ға­зиза ханым Малдыбаева осы емтиханда көмектескен кі­сілер туралы айта келіп, «Тәңір жар болсын!» деген ние­тін жазып, редакциядан хат­ты басуын өтінеді. Хат га­зет­тің келесі нөмірінде басылды.

Қазақ көпестері медресе ашумен қатар онда оқитын немесе медресені аяқтап жоғары оқуға түскен шәкірттер ара­сындағы жағдайы нашар, бірақ оқуға құштар жастарға барынша жәрдем беріп тұрды. Мұндай медресе ашып, оқуға көмек беріп, білім ісін қолдап, ағарту жұмысына көмек көрсеткен көпестерді газет «медеткөр» деп жазады. Жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерін жұртқа таныстыру мақсатында «Қазақ» газеті 1914 жылы 23 қараша күнгі №87 санын­да 7 түрлі сұрау сұрап, ірі қалаларда оқитын қазақ сту­денттеріне сәлем жолдайды. Қай қалада, қанша студент, қандай мамандықта, үкіметтен стипендия алуы мен өз күшімен оқуы секілді сауалға студенттер жауап жазып, өздерін таныс­тырып отырды. Қазақ студенттері сол уақыттағы ең қажетті ауылшаруашылық, малдәрігерлік, медициналық, заңгерлік сияқты маман­дықтарда білім алды. Бұл хатқа жауап ретінде Петроградтан (5), Варшавадан (4), Киевтен (5), Саратовтан (6), Мәскеуден (7), Томнан (2), Қазаннан (7) қазақ студенттері өзі һәм мамандығы туралы нақты ақпарат жолдап, өздерін жұртқа таныстырады.

1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысы қазақ қоғамына да әсерін тигізбей қоймады. Кітап сатылымымен қатар газеттің таралымы да кеми бастады. 1915 жылдан бастап алты ай бойы аптасына екі мәртеден басылды. Жыл ортасынан бастап қайтадан аптасына бір мәртеге түсті. Газеттің басшыларына келсек, Ахмет Байтұрсынұлы – 231 санына, Міржақып Дулатұлы – 33 санына, Жанұзақ Жәнібекұлы – 2 санына редакторлық етіпті. «Қазақтың» алғашқы 40 санын Мұстафа Оразаев бастырса, 41-санынан бастап «Азамат серіктігі» бастырды. «Азамат серіктігіне» жарна қосқан «Қазақ» газетін қолдаушылар арасында қытай қазақтары да болды. Қытайға қараған Қызай елінің ел ағалары арнаулы хат жазып, «Азамат серіктігінің» баспахана алу ісіне қаржылай көмек көрсетті.

Большевиктер 1918 жылы Орынборды күшпен алған соң, баспахана жұмысын тоқтатып, 260-санынан (17.01.1918) соң «Қазақ» газетін жауып тас­тайды. Бірақ көп кешікпей большевиктердің өзі осы басылымның 261 және 262-нө­мірлерін шығарады. Бұл туралы Жанұзақ Жәнібеков былай дейді: ««Қазақтың» 261-нөмірін Әбдіхамит Жүн­дібаев, 262-нөмірін Сұлтан Арқабаев мырзалар шығарды. 261-нөмірдің барлық шығыны «Азамат» серіктігі ақшасынан ұсталды. 262-нөмірдің қа­ғазы – «Азаматтікі». Басқа шығындары үшін сегіз жүз сом ақшаны Торғай комиссары берді».

Ал Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» еңбегінде: «Қазақ» газетінің 261-саны (14.(27).02.1918) мен 262-санының (12.03.1918) шығу уақыты және мақала маз­мұны туралы мәліметтер жазып қал­дыр­ған. «Қазақ» газетінің негізгі құрыл­тайшысы «Азамат серіктігінің» мүшесі Жанұзақ Жәнібеков бұл екі санды мойын­дамай, ақ гвардияшылар Орынборды басып алған соң, 261 және 262 нөмірлерді қайта шығарады. Осылайша, «Қазақ» газетінің 261-саны (23.07.1918) мен 262-саны (30.07.1918) тарихта екі рет шығады...

Жалпы, «Қазақ» газетінің 266 нөмірі жарық көрді. Алғашқы саны 2 ақпанда (ескі күнтізбе бойынша) басылды. 1913 жылы – 44 саны, 1914 жылы – 48 саны, 1915 жылы – 71 саны, 1916 жылы – 48 саны, 1917 жылы – 46 саны, 1918 жылы – 9 саны шықты. Қазірше зерттеушілер қолына түскен соңғы 266-саны – 1918 жылы 26 қыркүйекте (жаңа календарь бойынша) жарық көрген. Таралымы алғашқы жылы-ақ 3000 тираждан асса, шарықтау шегінде – 8000 болды. Газеттің 1913, 1914, 1915 жылғы сандары жинақталып, жеке кітап болып басылып шықты.

Күрделі кезде ұлттық және мемле­кеттік мәселелер көтеріп, елді ұйысуға үндеген, әрқашан Алаш аманатына адал болып қалған «Қазақ» газетінің 110 жылдық белесі – айтулы оқиға. Кешегі Алаш аманаты – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан. Төл тарихымыздан лайықты сабақ алсақ, тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болады, Алаш туы биіктей береді деп сенеміз.

 

Абай Мырза,

баспасөз зерттеушісі