Таяуда ЮНЕСКО «Адам және биосфера» бағдарламасының (МАБ) Халықаралық үйлестіру комитетінің 26-сессиясының шешімімен қазақстандық екі табиғи резерватқа «ЮНЕСКО биосфералық резерваты» халықаралық мәртебесі бекітілді. Олар «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағы. Екі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ЮНЕСКО Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне енгізілген.
ЮНЕСКО халықаралық сарапшылары Қазақстан Үкіметінің, МАБ Ұлттық комитетінің және ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының аталған номинацияларды пысықтаудағы күш-жігерін өте жоғары бағалады.
Осылайша, қазіргі таңда Қазақстанда 4 ЮНЕСКО биосфералық резерваты жүзеге асырылуда. Қорғалжын және Алакөл номинациялары 2012-2013 жылдары ЮНЕСКО биосфералық резерваттары мәртебесін алды. Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне ену тамаша табиғаттың сақталуына, сондай-ақ, Қазақстанның экономикасы мен туристік әлеуетін дамытуға ықпал жасайды.
«Егемен-ақпарат».