Қазақстандық кәсіпорындарда заманауи цифрлық технологияларды енгізу басымдықтарын «Индустрия 4.0: автоматтандырудан цифрландыруға» панельді сессиясы шеңберінде Digital Almaty V Халықара цифрлық форумының қатысушылары талқылады.
«Біз Индустрия 4.0 бағытында қозғалыс барын көріп отырмыз. Өнеркәсіп орындарының қызығушылығы бар, IT-технологияларды, роботтандыруды енгізуде қазірдің өзінде тәжірибе бар. Үкімет қабылдап жатқан шешімдер индустрия және технологияны дамыту мен алға жылжытуда нәтижесін береді деп үміттенеміз», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова.
Ол былтыр министрліктің қазақстандық «QazIndustry» индустрия және экспорт орталығымен бірлесіп, арнайы семинарлар мен кәсіпорындарды зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра бастағанын еске салды. Сондай-ақ былтыр қолданыстағы «Өнеркәсіп туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, оған қазір «Индустрия 4.0» бойынша негізгі нормалар қосылды.
«Біз сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарадық. Мемлекет IT енгізу шығындарын өтейтін болады. Өнеркәсіп орны өз кәсіпорнында IT-инфрақұрылымды дамытуға қандай да бір шығынға ұшыраған жағдайда, біздің өнеркәсіпті дамыту институты арқылы шығындарының 50%-ын өтей алады. Бұл жайлы арнайы нормативті-құқықтық актілер қабылданды», деп атап өтті Щеглова.
Оның айтуынша, қазір министрлік роботтандыруды дамыту мәселесін жеке қарастырып жатыр.
«Біз роботтандыру тұжырымдамасын, кәсіпорындар үшін алдағы 2-3 жылға арналған қысқа мерзімді жоспар жазуды, мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды жоспарлап отырмыз және индустриялық гранттар беру мәселесі пысықталу үстінде», деп нақтылады вице-министр.