18 Маусым, 2014

Бұл – жай құқық бұзушылық емес

977 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
3,5x4,5  фото СарпековаМемлекет беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық – бүгінде әлемдік деңгейдегі проблемалардың бірі. Бұл кеселдің алдын алу және пәрменді күрес жүргізуде өзіндік іс-шаралар мен әдіс-амалдар іске асырылуда. Осы ретте ұлттық заңнамаларды жетілдіруге лайықты үлес қосып жүрген, ұзақ жылдар бойы құқық қорғау және сот саласында жауапты қызметтер атқарған білікті заңгер, Мәжіліс депутаты әрі осы палатадағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы төралқасының мүшесі Рамазан  СӘРПЕКОВТІ әңгімеге тарттық. – Рамазан Құмарбекұлы, әңгіме тақырыбы өзекті екені айтпаса да түсінікті. Ел ішіндегі сыбайлас жемқорлық деңгейі төңірегінде не айтар едіңіз?  – Сыбайлас жемқорлықпен кү­­рес тұрақты негізде жүргізіліп келе жатқанына талас жоқ, бірақ осы дерттен бойын аулақ ұстағысы кел­мейтін шенеуніктердің де қатары азай­май отырғаны жасырын емес. Сон­дықтан жемқорлық жайында әртүр­лі дәрежеде өтетін ресми жиын­дар мен басқосуларды былай қой­ғанда, тіпті, күнделікті дастарқан басында, жиын-тойларда да айтатын болдық. Яғни, бұл тақырып өзінің өзектілігін жойған жоқ деуге негіз бар. Менің жеке пікірімше, жағдайдың бұлай көрініс табуы жемқорлықтың көлемі ел ішінде қорқыныш-үрей туғызатындай кеңіп, шеңберінен өрескел түрде шығып кеткендігінен немесе мемлекет тарапынан қабыл­данып жатқан іс-шаралардың пәрмен­сіздігінен емес. Бұл жағдайды ел ішін­дегі аталған кеселге қарсы төзімсіздік көзқарастың қалыптасу нәтижесі деп қабылдағанымыз жөн. Сондықтан, тіпті, сыбайлас жемқорлық орын алған бір дәлел болса да, дер кезін­де көтеріліп, жариялы түрде жұрт­шылық назарына жеткізілуі және оған қоғамның әрбір мүшесінің баға беру мүмкіндігіне қол жеткізуі өте орынды, көтермелейтін, қолдайтын жайт. Ал бұл дертке қарсы ел арасындағы төзімсіздік ахуал қарқы­нының артып келе жатқанына әсер ететін бірнеше шынайы себептер бар деп есептеймін. Біріншіден, құқықтық, әлеуметтік, бейбітшіл, азаматтық мемлекеттің іргетасын мықтап қалып­тастырып, өркениетті елдер қатары­нан лайықты орын алуымызға мүмкін­дігіміздің мол екеніне халықтың көзі жетіп отыр. Өркениетке ниеттенген отандастарымыз ел өмірінің әлеу­меттік-экономикалық, саяси және идеологиялық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне сөзсіз залалын тигізетін бұл аса қауіпті теріс құбылысты қабылдай алмайды және төзбейді. Екіншіден, Қазақстан Тәуелсіздік алған тұстан-ақ бұл құбылысқа қарсы бағытталған заңдылық және ұйымдастыру шараларын қолға алды. Әрі бұл бағыт тікелей Мемлекет басшысының бақылауында тұруынан жүйелі түрде жетілдіріліп, мемлекет деңгейіндегі ұзақ мерзімге арналған стратегиялық бағдарламалар қабылданды. Ал оларды іске асыру мемлекеттік және азаматтық қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдау тапты. Үшіншіден, Елбасы сыбайлас жемқорлықтың мемлекетті іштен ірітіп, әлсірететін, бастамалар мен жетістіктерді жоққа шыға­рып, мемлекеттің беделін түсіріп, ал оның басқару органдары мен қызмет­керлеріне сенімсіздік қалыптас­тыра­тындығын ескертуді күн тәртібінен түсірген емес. Жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауында да, елімізде өткізіліп жүрген үлкен форумдарда да ерекше атап, кемшіліктерді жіктеп, қатал және табанды түрде күрес жүргізу тұрғысында тапсырмалар беріп келеді. Төртіншіден, Елбасы сыбайлас жемқорлықтың тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсу-өркендеу болмайтынын және жемқорлықпен күрес науқандық шара еместігін қатаң ескертіп келеді. Сонымен қатар, өркениет қамын ойлап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бүкілхалықтық қолдау қалыптастырып, ел-жұрт арасында «жемқорлық» деген сөздің өзі жиіркеніш туғызатындай дәрежеге жеткізу қажеттігін де талап етуде. Бесіншіден, ел ішінде жемқорлық қылмыстар үшін жазаға тартылып жатқандардың басым көпшілігі төменгі санаттағы қызметкерлер, ал оларды қылмысқа итермелеп немесе мәжбүрлеген жоғары лауазымды басшылар жауаптан тыс қалуда. Тіпті, жауапқа тартылуы былай тұрсын, аты-жөндері де аталмайды деген ренішті пікірдің орнығып тұруы да негізсіз емес. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының «біздің мемлекетте заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, жемқор адамды лауазымына немесе басқа да жетістіктеріне қарамай, міндетті түрде әшкерелеп, жауапқа тарту қажет» деген тапсырмасын уәкілетті органдар мүлтіксіз іске асырып, бәріміз жабылып қоғамда қалыпты сенімділік жағдайын қалыптастыруымыз қажет. Мемлекеттің өсу жолындағы небір сыналар сәттерінде абыройлы жолын тауып, халқының қолдауына ие болып жүрген Елбасының осы бағыттағы тапсырмаларын дер кезінде және өз деңгейінде іске асырсақ, бұдан да жақ­сы нәтижеге қол жеткізуге болар еді. – Сыбайлас жемқорлық салдарын санамалап өттіңіз. Енді оқыр­ман біліп жүруі үшін осылардың негізгілеріне тоқтала кетсеңіз.  Қазір осы салада мемлекеттік реттеудің құқықтық негізі қаланды деп толық айта аласыз ба? – Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік реттелуінің қолданыстағы саясатын талдау нәтижесі қазіргі уақытта мемлекет деңгейінде бұл дертке қарсы тиісті құқықтық және ұйымдастыру негіздерінің қалыптасып, іске асып жатқанын дәлелдейді. Атап айтқанда, Республикада алғаш рет «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң­ның 1998 жылдың 2 шілдесінде қабыл­данғанын көпшілік білер деп ойлай­мын. Осының артынан көп ұзамай мем­лекеттік қызметшілердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, олардың моральдық-адамгершілік бейнесін және іскерлік сапасын белгілейтін «Мемлекеттік қызмет туралы» заң да қабылданды. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен жауапкершілікті нығайту бағытында бұл заңға кезең-кезеңі­мен бірнеше рет өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, жетілдіріп келеді. Осы заңдарда қаралған құқықтық нормаларды іске асыру мақсатында қолданыста жүрген Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық және Еңбек кодекстері мен он төрт заңға мемлекеттік өкілеттік, бақылау және қадағалау тәртіптері бойынша толықтырулар енгізілді. Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі және әртарапты күрес жүргізу мақсатында Президент Жарлықтарының негізінде ұзақ кезеңге есептелген үш мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ерекше атап өтуге лайықты Президенттің 2009 жылғы 24 тамыздағы Жарлы­ғымен бекітілген «Қазақстан Респуб­ликасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы» және Елба­сының 2010 жылғы 17 тамыздағы Жарлығымен қабылданған «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қыз­меті мен сот жүйесінің тиімділігін арт­тыру жөніндегі шаралар туралы» құжат­тарының міндеттері ерекше. Бұлардың сыртында Үкіметтің 2011 жылғы 31 наурыздағы қаулы­сы­мен бекітілген «Қазақстан Респуб­ликасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасы» да бар. Аталғандардан басқа, жемқорлыққа ықпал ететін әкімшілік кедергілер төмендетіліп, лицензиялау қызмет түрлері мен рұқсат беру тәртібі үш есе азайтылды және осы саладағы халықаралық деңгейдегі мәселелерді реттейтін құжаттар да қабылдануда. – Жалпы, бұл дерттен бір демде айығу мүмкін еместігін дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр. Жақсы нәтижеге жету үшін тағы қандай кезек күттірмес шаралар қарастыру орынды? – Сыбайлас жемқорлық тамы­ры тереңдеп кеткен кесел болғандық­тан, онымен жүйелі де тұрақты күресу жұмыстарын күнделікті жүргізе берген абзал. Аристотель өз заманында-ақ биліктегі адамның мемлекетте бірнеше қызметте болуына тыйым­ салу жемқорлықтың алдын алатын­ тиімді жол деп таныса, ежелгі Афинада әрбір азаматтың, әсіресе, билік төңіре­гіндегілердің қандай табыспен өмір сүріп жүргеніне есеп беруін міндеттейтін заң болған. Көрсеткіштері әжептәуір мемлекеттердің өзі жақ­сы нәтижелерге ұзақ жылдар бойы табандылық танытудың нәтижесінде ғана қол жеткізген. Сондықтан еліміз­дің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың белсенді саясатын тек мемлекеттік органдар емес, ел-жұрт болып жалғастыру міндеті тұр. Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары мен құрылыс, құқық қорғау органдары, кеден, денсаулық, білім салаларындағы және халыққа қызмет көрсету жүйе­сіндегі жемқорлық ахуалын халық жиі айтады. Осы бағыттағы құқық бұзушылықтардың себеп-салдарын және жемқорлыққа ықпал еткен мән-жайларын түбегейлі айқындау қажет. Бұларға қатысты ұлттық заңна­маға тұрақты түрде талдау жасап, олқылықтарды зерттеп, тиімді халықаралық озық тәжірибелерді енгізу жұмыстарын жандандыру сұранып тұрған мәселе. Аталғандармен қатар, мемлекеттік органдар қызметінің жұрттың назарында ашық болуы, азаматтық қоғам тарапынан ұйымдастырылған бақылауларға қолдау көрсетіліп, жариялы өтуі және шенеуніктердің үстінен түскен арыз-шағымның тексерілуі әділетті болуы да біршама әсер ететін жайттар. Сыбайлас жемқорлық фактілер бойынша шынайы мәліметтер жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, көмек көрсетумен қатар, кедергі жасау мақсатында ойдан шығарылған сылтаулар үшін қатаң талап қалыптастыру шарт. Халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетін жандандыру тұрғысында мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың барлық қолжетімді құралдарын пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар бойынша түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етудің де маңызы зор. Құқықтық мәдениетімізді көтере­тін, біреуге ақша беріп тәуелді болу арқылы емес, заң көмегіне жүгінетін уақыт жетті. Сыбайлас жемқорлық фактісі белгілі болса немесе осыған араласуға мәжбүр болған жағдайда, міндетті түрде уәкілетті органға, болмаса құқық қорғау органдарына хабарлап, жемқорларды әшкерелеуді азаматтық парызымыз деп қабылдағанымыз пайдалы болар еді. Белгілі болған жағдайды жасырып, өсек-аяңмен шектелген жағдай жақсылыққа апармайды, қайта жемқорлардың өздерін одан әрі еркін сезінулеріне ықпал етеді. Осыны ұмытпағанымыз жөн. – Айтқаныңыз көңілге қонымды, әйтсе де, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдескен адам­дарға мемлекет тарапынан белгілі бір кепілдік болмаса, сенім де болмайды  ғой? Бұған не айтасыз? – Өте орынды айтып отырсыз. Қолданыстағы «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес туралы» заңда көрсетілгендей, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті, яғни күрестің нәтижелі болуына мемлекет мүдделі. Сондықтан сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе оған қарсы күреске өзге де түрде жәрдемдесетін адам міндетті түрде мемлекеттің және оның өкілетті органдарының қорғауында болады. Жәрдемдесетін адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады және бұл ақпаратты жария ету заңда белгіленген жауаптылыққа әкеліп соғады. Ынталандыру мақсатында 2012 жылы Қаржы полициясы агенттігі қабылдаған ережеге сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдескен адамдар еліміз Үкіметі бекіткен тәртіппен көтермеленеді. Ең негізгісі – сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында оны жеңуге деген мықты сенім, төзімділік керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».