Экология • 05 Ақпан, 2023

Ертіс орманының елеңдеткен ертеңі

531 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жер бетінде ең сирек кездесетін жалқарағай ормандары Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінде, Ресей және Канада жерінде ғана сақталып қалған. Айтса айтқандай, ежелгі мұхиттың табанында, кәдімгі құм жалдарында өсіп шыққан реликті ормандардың ерекшелігі басым. Тамыры 70 метр тереңдікке бойлап, сонау шыңыраудағы жерасты суларынан қорек алатын қылқанжапырақтылар – бүгінде еліміз үшін баға жетпес табиғи байлықтың бірі. Адамзаттан да ерте пайда болған тамаша қазынаны қаз қалпында сақтап, көбейту үлкен мәселеге айналып отыр.

Ертіс орманының елеңдеткен ертеңі

Орманның 40 пайызынан айырылдық

Қазақстандағы жалқарағай ор­мандары Павлодар мен Абай өңір­лерінің аумағын алып жатыр. «Ертіс орман жолағы» (ленточный бор) деп аталатын себебі орман алаптары таспа тәрізді шұба­тылған қалыпта өсіп, ені 400 метр­ден 40 шақырымға дейін жетеді екен. Мамандар Шалдай орман­дары Алтай тайгасына барып қосы­ла­тынын айтады. Бүгінде бұл орман­ның сақталуына «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты жауапты. Резерваттың өзі Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұратынын, жал­пы аумағы 177 мың орман жамыл­ғысы қарайтынын атап өткен­ді жөн көрдік. Қорғалуы жағы­нан «Аса құнды орман алқап­тары» санатына енеді. 2003 жылы резерват аумағында өсімдік­тердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерт­теу жұмыстарының нәтиже­сінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анық­та­лыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жа­нуарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.

Тәжірибелі орманшылардың сөзіне сүйенсек, тәуелсіздіктен бергі жылдары өңіріміздегі жалқарағай ормандарының 40 пайызынан айырылып қалыппыз. Қыл­қанжапырақты ағаш алқаптарын күтіп баптауға қажет жұмыс күшінің жет­кілік­сіздігі, мекемелердегі техника паркінің тозуы, жергілікті тәлімбақтардың заманға сай құрал-жабдықпен қамтылмауы, орман өндірісінің жеткілікті жолға қойылмауы секілді мәселелер 90-жылдардағы алапат өрттерден онсыз да селдір тартқан қара орманның жағдайын ауырлатып тұр.

Құрылғанына биыл тұп-тура 20 жыл толған резерват осы кезең ішінде түк бітір­меді деп аузымызды қу шөппен сүртуге келмес. Басшысы жиі ауыса беретін мекеме ұжымы кейінгі уақытта біраз шаруаның басын қайыруға тырысты. Мысал үшін орман өрттерінің алдын алу, одан келетін шығындарды азайту бағытында жоспарлы істер тындырылып, орманшылардың бұл бағыттағы тәжірибелері толыға түсті. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында бұл аумақтағы қарағайлы ормандардың 72 мың гектардан астамы алапат өрттен жанып кеткен еді. Осыдан-ақ аймақ эколо­гиясы мен табиғи байлығына қаншалықты орасан зор шығын келгенін білуге болады. 2003 жылы резерват құрылғанда ормандағы өртті азайтып, ағаш белдеуле­рін көбейту мақсат етілген еді. Бүгінде сол шығынның біраз бөлігі бүтінделді, яғни 20 жыл ішінде 41 510 гектар алқапта орман­ды қалпына келтіру және ағаш өсіру жұмыстары жүргізілді.

Орман қорғау саласының ардагері, кезінде «Ертіс орманы» мекемесін бас­қарған Төлеген Шакармановтың бұл салада қалыптасқан түйіндерді шешуге қатысты айтары бар.

– Реликті орман жамылғылары сонау көне замандарда, бұрынғы мұхиттың орнында шөгіп қалған балдырлардың не­гі­зінде өсіп шыққан дейді оқымыстылар. Алайда осыған ғылым тұрғысынан әлі күнге дейін нақты дәлелдер келтіріліп, нақты ­байлам жасалған жоқ. Жалқарағайдың тамы­ры ­70 метр тереңдікке кетіп, ежелгі мұхит ­суынан қорек алады. Былай қарасаң, мұн­да­ғы орманды жерлердің барлығы кәдім­гі сусылдаған құмға өскен. Табиғат­тың тамашасы емей немене, мұндай жер­дің топырағы жалаңаш болса ит байла­саң да тұрмас еді. Ата-бабамыз көзінің қара­шығындай сақтап қалған иен орманды жерлерді қазіргі қалпында сақтап, келешек ұрпаққа табыс ету – біздің міндетіміз. Бұл бағытта мемлекеттің қолдауымен жасалып жатқан іс-шаралар, бағдарламалар аз емес. Алайда қолдағы ресурстың аздығы жоспарлардың толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр. Өзім байқағандай, мұндағы ең кәрі қарағайлардың жасы 600 жылға жетеді. Рас, бір жылдары орман маңайындағы жұрт жалқарағайға жаудай тиіп, аяусыз отады. Кейін оның бәріне ты­йым салынып, Аққулы ауданынан – 63, Шарбақты ауданы бойынша 65 пилорама орман алқаптарынан 2-3 шақырым жерге шығарып тасталғанына өзім куә болдым. Жанып кеткен, оталған ағаштардың орнын толтыру мақсатында резерватпен тынбай жұмыс істеліп жатыр. Резерват аумағында ағаш кесу нормалары бар. Сол шаруаға кейде жекеменшіктегі «жабайы бригадалар» еніп кетіп, ойларына келгенін жасайды. Құқық қорғау органдары ондайларды іздеп тауып, сазайларын беріп жатқанын байқап жүрміз. Тек бұл бағыттағы қорғау шараларын алдағы уақытта күшейте түскен абзал, – дейді ардагер.

Т.Шакармановтың айтуынша, мемлекет осыншама иен байлықты сақтаумен қатар, ол арқылы мол табыс табуға бет бұрғаны абзал. Бұл үшін Бесқарағай мен Шалдай орман шаруашылықтарында ағаш өңдеу зауыттары ашылып, заманға сай жиһаз шығаратын цехтар құрылса құп. Орман шаруашылығында «жоғарғы қойма» және «төменгі қойма» деген ұғым­дар бар. Жоғарғы қойма – орманшылар да­­йындаған ағаштың жиналып, алғашқы өңделетін аумақ. Ал төменгі қойма – дайын өнім­дер шығаратын зауыт. Өкінішке қарай, резерват қазіргі күні ағашты өңдемей, бө­рене күйінде көбірек сатады. Осыдан қа­зынаға түсетін қаражат та мардымды емес. Қарағай бөренелерін ені 20, 30, 40 мм тақтайға айналдырып сатса, табыс екі есе­ленетіні анық. Ал қаржы көбейсе, ор­ман­шылардың материалдық-техникалық қам­тылуы жақсара түсетіні анық дейді ардагер.

Анықтап білгеніміздей, бүгінде резерватта бөрене күйінде сыртқа сатылатын ағаштың текше метрі 20 мың тең­ге­ден, тақтай күйіндегісі ең арзаны 45 мың теңгеден бастап босатылатын кө­рі­неді. 3 пилорама, 1 өндірістік база заңды түр­де өңдеу ісімен айналысады. Алайда олар­дың қуаттылығын арттыру, әзірленетін бұ­йымдардың сатылымын өсіру, қысқасын айтқанда, коммерцияландыру аса алға бас­пай тұр.

«Орманшының еңбегі ауыр, сонысы­на қарамастан жалақылары өте аз. Жаз­ғы уақыттағы өрт қауіпті кезеңде орман­шы­ның тағдыры бір өртте қиылып кете баруы мүмкін. Алайда сондай алапат мез­­гілде бастарын бәйгеге тігетін қызмет­кер­лерге ешбір қосымша төлемақы қарас­тырылмайды. Осыны негізге алатын уақыт жетті. Үкімет табиғат берген мол несі­бені осы күйінде сақтап қалу үшін оны қорғаушылардың адал еңбегін де лайықты ескеруі керек. Қалпына келтірілген орман жамылғыларын шаруашылыққа пайдалану үшін кемінде 70-75 жыл уақыт керек. Павлодар облысындағы жалқарағай ормандарының аумағы еліміздегі жалпы орман қорының небәрі 0,04 пайызын құрайды екен. Онсыз да аз ғана реликті орманға стратегиялық табиғи байлық ретінде қарайтын уақыт жетті», деп санайды маман.

Тәжірибелі орманшы отырғызылатын ағаш көшеттерінің жүйесін де өзгерту керек деп есептейді. Резерватта қарағай көшеттері бұрынғыша ленталы тәсілмен отырғызылады екен. Қалың өрт тұрса, мұндай біртұтас танаптар толығымен жанып кетеді. Сондықтан ағаштар шахмат тақтасындағыдай тәртіппен шоқ-шоқ болып егілуі тиіс. Жаңадан егілген ағаштардың арасында кемі 100 метр қашықтық сақталса тіпті жақсы.

 

Маман да, техника да жетіспейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында ал­дағы 5 жыл ішінде еліміздегі орман қо­рын­­да 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылуға тиіс деген міндет қойған.

«Ертіс орманы» мекемесінің бас дирек­торлығына жарты жыл бұрын ғана бекіген Арман Бектеміровтің сөзінше, Президент тапсырмасын орындау мақсатында резерватта 2021 жылдан бері әр көктем сайын 14 млн данадан ағаш отырғызылып келген. Биыл да осы шамада тал егіледі. Бұл бағ­дар­ламаның нәтижесінде кезінде жанып кеткен 800 гектар орман жамылғысының орнына жас талдар отырғызылып, орман жамылғылары қайта қалпына келе бастаған.

Өкінішке қарай, жұмыстардың жос­парға сәйкес жүзеге асуына қырсығын тигі­зіп тұрған мәселелер аз емес. Мекеме бас­шысы орман шаруашылықтарында маман жетіспеушілігі үлкен проблема еке­нін жайып салды. Қазіргі уақытта мұн­да тұрақты түрде 307 қызметкер еңбек етсе, маусымдық жұмыстар басталғанда олардың саны 1,5 мың адамға жетеді екен.

– Біздің қатарымызда зейнетке шықса да, алмастыратын кадрдың жоқтығынан әлі де еңбек жолын жалғастырып келе жатқан азаматтар аз емес. Орташа еңбекақы көлемі – шамамен 90-100 мың теңге. Жас мамандардың бұл жалақыға келгісі жоқ. Ауылдардағы үйлерді жөндеп, барлық жағдайын жасап қойдық. Тек оған кіретін жаңа қызметкерлер жоқтың қасы. Орман аумағындағы ауылдардың дені – шағын елді мекендер. Оларда тұрып жатқан отбасылар саны жыл сайын кеміп жатыр. Жастар үлкен шаһарларға толассыз кетіп жатыр. Ал ауылдық жерлерде жұмыс істеуге қабілетті адамдардың дені – зейнеткерлер. Қазірдің өзінде бізге көлік жүргізушілер, трактористер, мем­лекеттік инспекторлар қажет. Бұған қоса техникалық мүмкіндігіміз күшейтілсе деген тілегіміз де бар. Техника паркіміз жеткілікті (82 дана МТЗ тракторы, 28 дана өрт сөндіргіш машина және т.б. техникалар бар) болғанымен олардың көбінің қолданыстағы мерзімі 10 жылдан асып кеткен, – дейді А.Бектеміров.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқармасының дерегінше, өңірдегі ор­ман қорғау саласына сатып алынатын техни­калардың үлесі өте аз. Былтыр небәрі 8 техника мен 3 агрегат сатып алын­­са, ал биыл 14 арнайы техника мен 6 со­қаның құны бюджетте қарастырылып қойған. Бас­қарма басшысының орынбасары Сағын Төлеутаевтың айтуына қарағанда, бұл кө­лік құралдары облыстағы орман қорғау ме­ке­мелерінің материалдық-техникалық жаб­дықталу деңгейін 64 пайызға дейін арт­тыруға мүмкіндік береді екен. Ал облыс­та «Ертіс орманынан» бө­лек, 69 мың гектар жері бар «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» және жал­пы аумағы 127,5 мың гектар жерге ие орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелер (Павлодар, Үрлітүп, Максим Горь­кий) бар екенін айту қажет. Сондықтан бұл көрсеткіш техникалық жарақтану бағы­тындағы жұмыстардың мардымсыз жүріп жатқанын айғақтап тұр. Ал орман ша­руашылығы саласы – еңбекақы ең аз тө­­ленетін салалардың бірі. Өңірдегі мем­ле­кеттік орман күзетінің жа­лақысы өтіліне, білік­тілігіне және лауазымына байланысты 72 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін же­теді.

Былтыр күзде жүргізілген ағаш түген­деу жұмыстарының нәтижесіне зер сал­сақ, көктемде егілген жас талдардың 39 па­­йы­зы ғана өзінің өсімталдығын, жерсі­ну қабілетін сақтап қалған. Орманшы­лар бұған ең алдымен, кейінгі жылдары аймақта қалыптасқан қолайсыз ауа райы мен климаттық жағдайлар себепші дейді. Жазда жауын-шашынның ұзақ болмауы орманшылардың еңбегін еш етіп жатыр. Екінші тұрғыдан ағаш көшеттерінің дені өзге аймақтардан сатып алынатындықтан, жерсінуге қатысты мәселе қалыптасқан.

Павлодар орман және жануарлар әле­мін қорғау жөніндегі мекемесінің бұрынғы басшысы Аждар Жүсіповтің мәліметінше, былтыр бұл ұйымға қарасты жерлерде небәрі 120 гектарға тал отырғызылып­ты. Биыл – 665, келер жылы 700 гектарға жа­сыл желек егіледі деп жоспарланып жа­тыр екен. Көшеттер былтыр Абай облы­сының «Семей орманы» тәлімбағы­нан жет­кізілген. Себебі біздің өңірдегі «Гор­зе­ленстрой», «Дендра», «Ландшафт Дизайн» тәлімбақтары облыстағы орман ша­руашылықтарының сұранысын өтеуге мүлде қауқарсыз көрінеді.

– Өткен жылы көктемде егілген кө­шет­тер­дің жағдайын қарап, санап шықтық. Өкі­нішке қарай, олардың 40 пайызы ғана өмір­шеңдігін сақтап қалған. Негізі өзіміздің тәлім­бақтар біздің жердің то­пырағына тез бе­йім­делетін тал-теректі өсіріп, жеткілікті дең­гейде дайындаса деген тілегіміз бар. Оның үстіне бізде жаңа тракторлар мен пат­рульдеу машиналары жетіспейді. Бұл бағыт­қа қаражат бөлуді сұраймыз, – дейді ол.

Бұрынғы әріптесінің сөзін Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі аумақтық инспекциясы­ның жетекшісі Руслан Төлепбаев та растап отыр. Мекеме басшысының ресми жауабында 2021 жылы өңірде жалпы аумағы 6,25 гектар 3 тәлімбақ, ал былтыр 3 гектар аумақта небәрі 2 тәлімбақ жұмыс істеген делінеді. Биыл «Ертіс орманы» мен Баянауыл ұлттық табиғи паркінде жал­пы саны 22 млн 100,6 мың ағаш отырғы­зу жоспарланған. Оны қос мекеменің өзде­рі жабады. Бұған қоса облыс әкімдігіне қарасты орман мекемелерінде 7 млн 342,5 мың түп тал егу қарастырылған екен. Өкі­нішке қарай, уақытша тәлімбақтар бұл қажеттіліктің 1 млн 389,6 мың данасын  ­ғана беруге қауқарлы. Ал жетпегенін сырт­тан сатып алу үшін бюджеттен қыруар қара­жат бөлу қажет болады.

 

Заңсыз ағаш кесу тыйылар емес

Өкінішке қарай, «Ертіс орманы» аумағында заңсыз ағаш кесу оқиғалары әлі де тыйылмай тұр. Былтыр жыл соңында Павлодар облысының прокуратурасы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орман заңнамасының сақталуы және орман қорын қорғау, пайдалану саласында қабылданып жатқан шаралар мәселесі бойынша тексеру жүргізіп, біраз былықтың бетін ашқан еді. Тексеру көрсеткендей, Ертіс орманы 9 жыл бойы орман шаруашылы­ғын ұйымдастыру мен жүргізудің ескірген кешенді жоспарын пайдаланып келген, бұл орман қорын мемлекеттік басқарудың тиісінше жүргізілмеуіне әкеп соқтырыпты. Орманды аралау барысында прокурор­лар 331 текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесілгенін анықтаған. Одан мемлекетке 4,6 млн теңге шығын келтірілген.

«Жыл сайын орман дақылдарын отыр­ғызу бойынша шаруашылықтардағы ұла­сып өсудің жоспарлы көрсеткіші 70%-ға жетпейді. Іс жүзінде ол 30-46%-ды құ­райды. Осы мақсаттарға бөлінген 1,6 млрд теңге көлеміндегі бюджет қара­жа­ты тиімді пайдаланылмаған. Ор­ман ша­р­уашылықтарының қызметін мате­риал­дық-техникалық қамтамасыз етуде елеу­лі кемшіліктер бар. Техниканың тозуы 75%-ды құрайды. Бейінді мамандардың болмауы мәселесі өзекті болып отыр. 69 қызметкер (22%) біліктілік талаптарына сәйкес келмейді, оның ішінде жұмысқа орналасу кезінде жалған құжаттарды (дипломдарды) пайдалану фактілері анықталып, 2 қылмыстық іс қозғалды», делінген прокуратураның ақпаратында.

Бір қызығы, мемлекеттік инспектор лауазымына бұрын қылмыстық құқық бұзушылық жасағандар, оның ішінде ағаш ұрлау фактілері бойынша істі болған азаматтар тағайындалады екен. Мекеменің кредиторлар алдындағы берешегі 42 млн теңге бола тұра, жалпы сомасы 35,2 млн теңгенің сыйақылары негізсіз тө­лен­ген. Прокурорлар сондай-ақ резерват қызметкерлері орман және өртке қарсы заңнама талаптарын елемейтінін, ағаш қалдықтары өрт шығу қаупі бар кезеңде жойылатынын алға тартады. Мұндай әре­кеттер салдарынан орман қорына 30 млн теңгенің залалы келген.

Табиғи байлық тұрғысынан қараған­да жалқарағай ормандарының құндылығы­на баға жетпейді. Қылқанжапырақтылар­дың 100 гектар аумағы бір тәулік ішінде 8 тонна көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, 12 тонна оттегі бөледі екен. Осының өзі «табиғи сүзгінің» адамзат өмірі үшін аса маңызды екенін аңғартса керек. Жалқарағай ормандарына мемлекет тарапынан өзгеше жауапкершілік пен қамқорлық керек.

 

Павлодар облысы