Қоғам • 05 Ақпан, 2023

Таза судың тауқыметі

279 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сулы-нулы, омырауына таққан күміс алқа тәрізді айдын шалқарлары бар өңірде 180-ге жуық елді мекен таза ауызсуға зәру болып отыр. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, игілікті істі ұйымдастыруда кемшілік басым.

Таза судың тауқыметі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы жылы ауыл тұрғындарын таза сумен қамту үшін респуб­ли­калық бюджеттен 12 млрд, об­лыс­тық бюджеттен 3 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Жалғыз биыл ғана емес, кейінгі жылдары осы бағытта қаншама қаржы жұм­салып жатыр. Өкінішке қа­рай, бар қаржыны дұрыс жұм­сап, іске жарата алмай отырмыз. Пікірімізді нақты мысалмен шегелей кетелік.

Зеренді ауданының Алексеев­ка ауылындағы су құбы­ры же­лі­лерінің құрылысы бастал­ға­лы – үшінші жыл. Жаңа құбыр салынады деген жақсылық хабар құлақтарына тигенде ұзақ жыл бойы ауызсудың азабын тартып келген, етек-жеңі кең пішілген ауыл тұрғындары таң­дайы­мызға таза су тиетін болды деп бөріктерін аспанға атқан. Шы­нында да, ауызсуды тасып ішкен, тақсіретін әбден тартқан тұрғындар үшін ақ түйенің қарны жарылғандай қуаныш емес пе?! Су құбырларын тарту жұмыстары 2020 жылы басталып кетті. Бірақ үміт ақталмады, құбыр тарту мерзімі белгісіз себептермен ше­­­геріле берді. Бұрынғы желі­лер­­дің әбден тозығы жетуіне бай­­ланысты үлкенді-кішілі апаттар жиі орын алатын болды. Ал жаңа құбыр бітетін емес. Бұл жұ­мысқа республикалық бюд­жет­тен 360 млн теңге қаржы бө­лінген еді. Бар шаруа ұтым­ды жүргізілмегендіктен, жаңар­тыл­ған желілерді іске қосу мерзімі 2022 жыл деп белгіленді. Әйтсе де мердігерлер өздері айтқан уақытта да жұмыстарын аяқтай алмады. Ауыл тұрғындарының өкпе-назы өрши түсті. Талай биік табалдырықтарды тоздырып, мінбелерден мұң-зарын айтып жүрді. Жаңа жылға дейін небәрі жиырмаға жуық үй ғана әупірімдеп жаңа су желісіне қосылды.

– Су бірде бар, бірде жоқ. Біз­діңше қысымы жетпей тұр. Тамшылап қана ағады. Құтты ауыл­дас­тарымның үзіліп бара жатқан үміті сияқты. Кейде таң­ер­­тең, кейде кешке бар бол­ғаны екі сағат қана береді, – дейді ауыл тұрғыны Владимир Евсеенко.

Қыруар қаржыны уақытында игергенде ауыл тұрғындары дәл осындай сергелдеңге салынбас еді. Қазір көпшіліктің көп күні су беретін уақытты сарғайып тосумен өтіп жүр. Уақытында су ала алмағандар қолдарына ше­легін ұстап көрші-қолаңның есі­гін қағады.

– Су құбырын үш жыл бойы бітіре алмай келе жатыр. Сон­ша­лықты шырғалаңға түсетін қандай қиындық бар екенін түсіне алмаймыз. Биылғы 10 қаңтарға дейін мердігерлер кейбір қажетті жабдықтарды, генераторды, су есептегіштерді әкеліп береміз деп уәде берген. Тұрғындар су жүйесіне қосылғаннан кейін есептегіштер қойылуы керек қой. Басқасын айтпағанда, осындай қарапайым керек-жарақты да жеткізе алмай отыр. Әйтеуір ел үшін атқарылып жатқан шаруа болғаннан кейін кейбір керек бөлшектерді өзіміз әкеліп қойып жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Азамат Сатыбалдинов.

Бар іс мердігердің іскерлігіне бай­ланысты. Өзге себеп жоқ. Алексеев­ка ауылындағы су желі­сін салу жобасын ұтқан «Мо­но­лит» серіктестігі Бұланды ауда­нының Никольское, Арша­лы ауданының Жібек жолы, Жар­қайың ауданының Шойын­ды­көл, Есіл ауданының Зареч­ное ауылдарында осындай желі­лер­ді жаңарту жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Бір қадап айта кетерлігі, жоғарыда аталған елді мекен­дердегі су желісін тарту жұ­мыс­тары арада қаншама уақыт өтсе де әлі аяқталмаған. Кешігу­дің салдары белгілі. Жоба­ның қым­бат­тауына, бюджет қаржы­сы­ның ысырап болуына әкеліп со­ғады. Уақыт ұзаған сайын ел­дің де өкпе­сі қара қазандай бола­тынын ескеріп жатқан ешкім жоқ.

– Тапсырыс беруші – Зерен­ді ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі. Бөлім жоба­ның уақтылы жүзеге асырылуын­ қадағалауға тиісті емес пе? Дәл осын­дай қарқынмен мәселе бүгін-ертең шешіледі деп айту­дың өзі қиын, – дейді «Әділ­дік жолы» республикалық қоғамдық бір­лестігі облыстық филиалының ди­ректоры Алмат Есмағұлов.

Аудандық әкімдік жобаның жүзеге асуының мүмкін болмай тұрғаны мердігер ұйымға байланысты деп түсіндіреді.

– Су соратын станса құрыл­ғы­ларын жеткізу уақыты 18 аптадан 20 аптаға дейін ұзартылған. Мердігер келісімшартты 2023 жылға ұзартуды сұрады. Қазір біз мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арыз бердік. Жұ­мыс­ты аяқтауға және өсімпұл тө­леуге міндеттеу туралы талап қойы­лып жатыр, – дейді Зеренді ауда­нының сәулет және қала құ­рылысы бөлімінің басшысы Рүстем Жұмабеков,

Бүгінгі таңда аудан әкімдігі мен мердігер ұйым арасындағы келіс­пеушілік сотта қаралмақ. Жер­гілікті билік ауылдағы су құ­бы­рының бар жұмысын 1 мау­сымға дейін толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Әйтсе де аузы күйген ауыл тұрғындарының күмәні сейілмей тұр. Ең бастысы, тендерді ұтқанымен, жұмысын жеріне жеткізе аяқтай алмайтын мердігер облыстағы бірнеше нысанды қалай алды екен. Осы жері көңілге күмән тудырады.

Жоғарыда өңірдегі бірнеше елді мекендегі ауызсу мәселесін шешу үшін 15 млрд-қа жуық қара­жат бөлініп отырғанын айтқан едік. Алексеевка ауылындағы жағ­дай сабақ болуға тиісті. Ал­дағы үш жылда алпыстан аса ауылда орталықтандырылған су құбыры салынбақшы. Міне, сол кезде жоғарыда айтылғандай, қателіктерге жол берілмеуі керек. Қазір 34 жобаның құжаттары то­лығымен дайын, 31 ауылда жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған қоса 2025 жылға дейін 105 елді мекенде су тазарту кешенді блок модульдерінің құрылысы аяқтал­мақ.

– Өткен жылы 7 елді мекен сапалы ауызсумен қамтама­сыз етілді. Төрт ауылда орталық­тан­дырылған су құбыры салынды. Бұл іс биыл да жалғасын тап­пақ. Осы жылы дәл осындай 27 жоба қолға алынбақшы. Бұл мақ­сатқа республикалық бюд­жет­­тен 12,3 млрд теңге қара­жат қа­растырылып отыр, – дейді об­лыс­тық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы басқармасының бөлім басшысы Игорь Макаров.

Ауыл үшін ең өзекті мәселенің бірі ауызсу екені белгілі. Адамдар ғана емес, төрт түлік малды, үй жанындағы бақшасын суарудың өзі – бір мұң. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде адамы да, бағымдағы малы да су іздеп сенделіп жүргені. Айталық, Степногорск қаласының іргесін­дегі Бестөбе ауылында су тапшы. Елді мекеннің асты тегіс шахта болғандықтан ұңғыма қаз­ғанымен, су шықпайды. Су болмағандықтан, ауыл тұрғын­дары мал да баға алмайды, бақша да еге алмайды. Осы төңіректегі бірнеше ауыл ауызсудың азабын әбден тартып отыр. Зерлі Зеренді өңірінде де жаз бойы адамды қойып, мал суаратын суат таба алмай отырған ауылдар аз емес. Міне, осы мәселелерді біртіндеп шешуге «Ауыл – ел бесігі» жобасы көп септігін ти­гізіп жа­тыр. Жалпақ жұртқа жана­шыр бағ­дарламаның аясында, әсі­ре­се шал­ғайдағы шағын елді мекен­дер­дің инфрақұрылымы көп­кө­рім жақсара түсуде.

– Бағдарлама аясында 5 жоба қолға алынбақ. Бұланды, Есіл аудандарына қарасты үш елді мекенде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұланды ауданына қарасты Қараөзек, Бурабай ауданындағы Наурызбай батыр ауылдарында да бағдарлама аясындағы сапалы ауызсумен қамту жұмыстары жүргізіледі, – дейді облыстық эко­номика және бюджетті жос­парлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев.

Алаштың ақ бесігі ауылдың ажарын кіргізу үшін қыруар шаруа қолға алынып жатыр. Ең бастысы, жеткілікті қаражат бө­­лініп отыр. Сол қыруар қа­ра­жат­ты күні бұрын жоспар­лан­ғанындай тап-тұйнақтай игеріп, көзделген мақ­сатқа жұм­сасақ, айымыз оңынан қа­шан туар екен деп елегізіген елдің игілігі молая түсер еді.

 

Ақмола облысы