Несие • 05 Ақпан, 2023

Автонесие бағдарламасы жалғасады

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

6 ақпаннан бастап жылдық 4 пайызбен несие беретін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта жалғасады. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өтінімдер қабылдайтын қанатқақты платформаны іске қосқалы отыр. Ол www.autonesie.kz
деп аталады. Өтінім беру үшін электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) қол­да­ны­ла­ды. Өтінім беру барысында азамат автоөндірушілерді алдын ала таңдай алады.

Автонесие бағдарламасы жалғасады

Өтінім беруші әуелі телефон нөмірін енгізеді, содан кейін автоөндірушіні таң­дай­ды және ЭЦҚ арқылы қол қояды. Өті­нім­нің тіркелу фактісін «Жеке кабинет» арқылы қадағалай алады. Өтінім берген соң автоөндірушіні өзгерту мүмкін емес. Егер азамат осыған дейін жеңілдетілген бағдарлама аясында несие алған болса немесе платформада өзекті өтінімі болса, онда өтінім қабылданбайды.

«Жеңілдетілген автонесиелеу бағдар­ламасы бойынша өтінімдерді қабыл­дау платформасы өтінім берушілер мен авто­өн­дірушілерге, сондай-ақ бағдар­ла­маға қатысушы банктерге өтінімнің мәртебесін өтінім берілген сәттен бастап автомобиль берілгенге дейін онлайн нұсқада қа­да­ға­лауға, сондай-ақ бағдарламаны іске асы­­рудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүм­­кіндік береді», делінген «Өнеркәсіпті да­мыту қоры» АҚ-ның хабарламасында.

Өтініш қабылданғаннан кейін клиент автосалонға барып, сонда бар авто­мобильді таңдайды немесе алдағы 60 күнде келетін кө­лікті күтеді. Екі айдан ар­тық күтуге мүм­кін­дік жоқ, өйт­кені өтініш расталған сәт­тен бастап жеңіл­дік­пен көлік сатып алуға 60 күн ғана уақыт беріледі.

Тізімге ену – автонесие алдың деген сөз емес. Клиент дилерден машина таңдап, төлем шотын алғаннан кейін бағдарламаға қатысып жатқан банктердің біріне хабарласып, төлем қабілетін тек­сертеді. Банк несиені мақұлдаса сатып алушыға кепілхат береді, оны автосалонға апарған соң ғана жұмыс аяқтайды.

Жеңілдетілген автонесие бағдарлама­сы­ның шарттары бұрынғыдай қала береді: 1 автомобильдің құны 15 млн теңгеден аспайды; қаржыландыру сомасы 10 млн тең­геден артық емес; қаржыландыру мер­зі­мі 7 жылдан аспайды; бастапқы жарна 0 пайыздан бастап; кредит беру валютасы – теңге; сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 пайыз. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөл­шерлемесі түпкілікті қарыз алушының авто­көлікті сақтандыру және рәсімдеу (оның ішінде кепілге қою) бойынша шы­ғын­­дарын ескере отырып, жылдық 7,5 па­йыз­дан аспауға тиіс.

Түпкілікті қарыз алушылар сақтан­ды­ру және отандық өндірістің жеңіл авто­көлігін кепілге ресімдеу бойынша шығыс­тарды төлейді. Бағдарламаға «Сарыар­ка­Авто­Пром» ЖШС және «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС автоөндірушілері қа­ты­сады. Көліктерді Forte Bank, Eurasian Bank, Halyk Bank және «Банк Центр­Кре­дит» – екінші деңгейлі банктері арқылы рәсімдеуге болады.

Жеңілдетілген автонесие бағдар­ла­масы былтыр мамыр айында басталып, бұл мақсатта 100 млрд теңге бөлінді және оған 12,6 мыңнан аса автомобиль сатып алынды. Автонесиенің орташа мөлшері 7,8 млн теңге болды. Қазірге дейін өтелген несие көлемі – 7,6 млрд теңге. Осы деректерді еске­ре отырып, қанатқақты платформаның алғаш­қы іске қосылу барысында 761 өті­ніш берушіге дейін тіркеле алады. Өті­ніш берушілердің осы санына жеткен кезде платформада өтінімдерді қабылдау автоматты түрде тоқтатылады.

Атап өтейік, жеңілдетілген автонесие бағ­дарламасы аясындағы осыған де­йін жасалған кезек күшін жояды және 6 ақпан күні www.autonesie.kz. сайтында таңғы 10:00-ден бастап жаңа өтінім­дер қа­былданады. Одан әрі қарай автонесиеге бөлінген қайтарымды қаражат жинақ­тал­ған жағдайда өтінім қабылдау әр айдың бірінші жартысында жүргізіліп отырады.

Қатысушы банктердің өлшемшарт­та­ры­на сәйкес келетін, оң несиелік тарихы бар Қазақстанның кез келген азаматы бұл бағдарламаға қатыса алады. Ең бас­тысы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы, қолда бар және болашақ несиелер бойынша төлемдер сомасы өтініш берушінің ресми табысының жартысынан аспауы керек. Сондай-ақ табысын растау үшін кейінгі 6 айда үздіксіз аударымдардың болуы да маңызды.