01 Маусым, 2010

Әкіммен әңгіме

693 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

БОЛАШАҚ МҰНАЙ-ГАЗ ИНЖЕНЕРЛЕРІ РЕСЕЙ ГРАНТЫМЕН ОҚЫМАҚ – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ

Орал өңірі сексенінші жылдарға дейін республикадағы аграрлық аймақтар қатарынан орын алып келді. Одан бергі кезеңде өңір өнеркәсібі шоғырында мұнай-газ секторының үлесі өсе бастады. Оны облыс аумағында Қарашығанақ кен орны ашылып, оның игеріле бастауымен байланыстыра қарауға әбден болады. Ал бүгінгі күні мұнай-газ өндірісінің аймақ өнеркәсібіндегі үлесі күрт өсіп, ол 89 пайызға бір-ақ ырғыды. Бұл бір сөзбен айтқанда шикі мұнай өндіру, та­биғи газ өндірісі мен осы салаға қатысты сан алуан қызметтер болып та­­бы­лады. Сондай-ақ осындай жалпыұлттық өндірісте Батыс Қазақстан об­лысының үлесі 13,5 пайызды кұрайды. Соның ішінде бір ғана көмірсутегінің он бестен астам кен орны Ақжайық аумағында орналасқаны бұл саладағы ай­мақтың болашағы бұдан да зор екенін айқын танытады. Бұл өз кезегінде жоғары білікті жергілікті мамандар әзірлеу қажеттігін алға қояды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.С.ІЗМҰХАМБЕТОВ пен тілшіміздің әңгімесі осы бағытта өрбіді. – Бақтықожа Салахатдинұлы, республи­каның батыс өңірінде мұнай-газ өндірісі ежелден дамыған дей тұрсақ та, бұл мәселеде Орал өңірін айталық, Атыраумен немесе, Маңғыстаумен бір өлшемде қарай алмайтын шығармыз. Бұл көршілес өңірлерде мұнай өндіріле бастағанына жүз жылдан асты. Осы уақыт аралығында онда инженер-техник кадрлардың тұтас бір буыны мен бірнеше ұрпағы өсіп қалыптасқаны анық. Ал Орал өңірінің жастары бұрын-соңды мұндай мамандықтармен беттесіп көрмегені де белгілі. Алайда, өңір Елбасы белгілеп берген индустриялық-инновациялық дамудың алдыңғы легіне бет бұрып отырған жағдайда соған сәйкес кадрлар әзірлеу қажеттігі туындайды. Сіз осы міндет пен парыз жүгін қалай түсінесіз? Қалай сезінесіз? – Жаңа өзіңіз айтқандай, бұрын-соңды Ақжайық өңірінің жастары мұнай-газ саласына қатысты мамандықтармен беттесіп көрмесе – оны беттестіруге ықпал жасау, қозғау салу, қажет болған жағдайда тікелей көмек көрсету – біздің айнымас пары­зымыз. Бүгінгі басты мақсат Қазақстанның мұнай-газ кен орындарында істеп жүрген шетелдік мамандарды ұлттық кадрлармен біртіндеп алмастыру. Қазіргі күні бірінші және екінші санат­тағы шетелдік кадрлардың орнына өз ма­ман­дарымызды қою үлген мәнге ие. Мұны оп-оңай іс деуге болмайды. Ол кейде маған әлі күнге дейін қозғалмай сіресіп жатқан сең секілді көрінеді. Осы сеңді шұғыл бұзып жарып, қозғауымыз қажет. Қайтып, қалай демексіз ғой. Әрине еш­кімді себепсізден себепсіз орнынан жұлып тастай алмайсың. Бұл халықаралық норма­ларға қайшы әрекет болып табылады. Бәрі де өркениет заңдылықтарына, тиісті келісім-шарттарға, алдын ала белгіленген іс-шараларға байланысты атқарылуы керек. Қысқасы мұның басты жолы – жоғары білікті ұлттық мамандар әзірлеу. Осы тұрғыда мен сізге, әрі газет оқыр­ман­дарына бір дерек бере кеткім келеді. Мы­салы 2010 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бой­ынша Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ өндірісі сипатындағы тоқсан ұйымда 16989 қызметкер жұмыс істесе, соның 15495 қазақстандықтар екен. Шетел­діктердің үлесі небәрі 1494 адам ғана. Осыдан нені ұғып, нені байқадыңыз? Былайша қарағанда әбден қанағаттануға, көңіл толтыруға, тіпті бәрекелді деуге әбден болатындай сандар секілді. Әйтсе де өз басым осыған қарап бөрікті аспанға атуға ерте деп ойлаймын. Неге дейсіз ғой. Оны да түсіндіре кетейін. Айталық шетелдік жұ­мысшыларды өзіміздің ұлттық кадрлармен алмастыру мәселесін шештік дейік. Осымен бүкіл істі біттіге санауға мүлдем болмайды. Оның әр жағында бүгінгі заманауи өндіріс талаптарына сай келетін жоғары білікті қазақстандық инженер кадрларға деген қажеттілік туындайды. Сөз жоқ туындайды. Оны тек бір жақты, қолданыстағы өнді­рістің тиімділігін көтеру, немесе, қосымша жұмыс орындарын ашу деп қана ұғынсақ оңбай қателесеміз. Меніңше мұнай-газ сек­то­рында ұлттық инженер кадрларды әзір­леудің мәні бұдан да тереңде. Айталық шет­елдік инженерлердің тарапынан қоршаған ортаға, туған жер табиғатына келген зиян жө­нінде жиі естіп жүрміз. Тиісті отандық ұйымдар мұндай экологиялық шығындардың орнын толтырып алып та жатады. Бұдан өндірістен таралған зиянды қалдық өзінен өзі жоғалып кетпейді ғой. Түптей келгенде ол қазақстандықтардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Ал өз елімізде туып-өскен қазақстандық жоғары білікті инженер бірінші кезекте қоршаған ортаны қорғауға, мұнай-газ өндірісінен та­биғатқа тиетін, ауаға таралатын зиянды ба­рын­ша азайтуға ұмтылатынына шек келтіре алмаймын. Өзіміз айтып жүрген қазақ­стандық патриотизм сезімінің, елге деген жанашырлықтың қажет жері, міне осында. Қысқасы елді жаңаша тұрғыдан индус­трия­ландыру ісінде жаңа технологиялар мен қондырғылар қандай қажет болса, оған жо­ғары білікті адами ресурстар да сондай қажет екенін “Нұр Отан” ХДП-ның XІІ съезінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қадап, шегелеп айтқаны да жадымызда сайрап тұр. – Сіз мәселені үлкен мемлекеттік ау­қым­да, алыстан тереңнен қозғадыңыз. Негізгі ма­ман­дығыңыз мұнайшы, әрі осы сала бойын­ша ғылым докторы болғаныңыз да мәселенің мән-жәйін жан-жақты пайымдауыңызға ықпалын тигізген шығар. Ендігі жерде облыс деңгейінде мұнай-газ мамандарын әзірлеу жө­нінде қолға алынған істерге тоқтала кетсеңіз. – Біз бұл проблемаға кешенді көзқарас тұрғысынан келуді қажет деп таптық. Ең алдымен өңірдегі мұнай-газ мамандарына деген сұранысты анықтауға ден қойдық. Талдаулар барысы мұнай химиясын дамыту, газ-кен орындарын пайдалану, газ-мұнай құбырлары мен қоймаларын жобалау, биотехнология, мұнай және газ геологиясы, кен орындарын бұрғылау, тағы басқа да мамандықтар бойынша инженер кадрлардың тапшылығын айқын көрсетті. Әрі өңірден Қазақстанның жоғары техникалық оқу орындарында оқып жүрген жастар мен студенттерді қоса есептегенде бұл сұраныс пен тапшылықты жоя алмайтынын да есептеп шығардық. Облысқа қажетті мұнай-газ инженерлері легін нендей жолдармен толықтыра аламыз деген сауал туындаған кезде маған Ресейдің Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетімен келісім жасау туралы ой келді. Бұл аталмыш сала бойынша ТМД көлемінде жоғары білікті кадрлер әзірлеу ісінде көш бастап келе жатқан, Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтымен терезесі тең тұрған жоғарғы оқу орны. Сөйтіп мен осындай оймен аталған оқу орнының ректоры, техника ғылымдарының докторы, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресейдің еңбек сі­ңірген ғылым қайраткері Айрат Шаммазовқа хабарластым. Содан кейін көп кешікпей Уфаға арнайы барып өзіне жолықтым. Оған мәселенің мәнісін түсіндірдім . Екі жақты өзара келісімдер оң нәтиже берді. Сөйтіп А.Шаммазов Уфа универси­титетінің он грантын батысқазақстандық та­лап­керлерге беруге келісті. Осы мақсатта атал­ған оқу орнының арнайы комиссиясы Оралға келіп қабылдау емтихандарын өткізді. Осылайша Уфа университетінде оқуға тілек білдірген алпыс сегіз талапкердің арасынан он мектеп бітіруші іріктеліп алынды. Ендігі жер­де осы оралдық болашақ мұнай-газ инже­нер­лері бес жыл бойы Ресей грантымен оқымақ. – Сөзіңіздің ыңғайына қарағанда сіз ресейлік оқу орнының ректорын бұрыннан жақсы білетін секілдісіз ғой. – Дұрыс аңғарғансыз. Біз Айрат Мин­газович екеуіміз Уфа мұнай институтының түлектеріміз. Бес жыл бойы бірге оқып, жатақханада бірге тұрып, қара нанды бөліп жегенбіз. Жәй курстас қана емес, жақсы жолдас, дос болдық. Осы қарым-қатына­сымыз осы күнге дейін үзілмей келеді. – Екі адамның арасындағы достықтың жеке мүддеге емес, ел мүддесіне, оның мұқтажы мен қажетіне қызмет жасауы өте кұптарлық жәйт. Сөз жоқ мұндай достықты өнеге етуге, әуезе етіп айта жүруге әбден болады. Осы сәтті пайдалана отырып сізге достықтарыңыз ұзағынан бола берсін демекпіз. Дегенмен мына бір сауалға да жауап алғымыз келеді. Грант бөлу жеп-жеңіл шаруа болмаса керек. Оның үстіне ол таяу шетелдің гранты болса. Оны әрине екі адамның дос болуы арқылы шеше салуға болмайды ғой. Осының мән-жәйін түсіндіре кетсеңіз. – Орынды сауал.Батысқазақстандық талапкерлер үшін бөлінген гранттар Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университе­тінде қабылданған ережелер мен нұсқауларға сәйкес бөлінген. Осы ереженің бір тарма­ғына сәйкес олар бюджеттік қаражат есе­бі­нен мемлекеттік органдарға, жеке тұлғаларға, көршілес елдерге мақсатты түрде тиісті грант­тар бөле алады екен. Университет рек­торы осы ережені басшылыққа алған. – Ресей грантына ие болған қазақ­стандық он талапкер қандай өлшемдер бойынша іріктелді. – Мен жаңа, әңгімеміздің басында мұ­най-газ саласы бойынша өңірге қажетті ма­мандықтардың тізбесін айтып кеттім ғой. Яғни талапкерлер таңдаған мамандықтар со­ған сәйкес келуі керек. Қабылдау емти­ханы кезінде жоғары балл жинағандар осы талап бойынша бәсекеге түсті. Айталық бақ­та­рын сынаған талапкерлердің арасында эко­­номист, бухгалтер мамандықтарын таң­да­­ғандар да аз кездескен жоқ. Оны өзі­міз­де­гі жоғарғы оқу орындары да әзірлеп жа­тыр емес пе? Іріктеу талаптарына сәйкес кел­­­мегендіктен олардың бір де бірі өтпей қалды. Екінші өлшем – талапкерлердің отбасы жағдайы. Мұнда толық емес, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасындағы қабілетті балаларды іріктеуге басымдықтар берілді. – Бақтықожа Салахатдинұлы, бүгінгі әңгімемізге тікелей қатысы бар тағы бір жәйт бар. Соны сіздің назарыңызға ұсына кеткім келеді. Бұған дейін сіздің алдыңызда облыс әкімі қызметін атқарған Нұрғали Әшімов мектеп бітірушілердің техникалық олимпиа­дасын өткізуге бастамашы болып, оның же­ңім­паздарын Алматыдағы Қазақ-британ техни­калық университетінде оқытуға ықпал жасаған еді. Әрине оған қажетті қаржылық ресурстар облыстың ішінен іздестірілді. Осы студенттер бүгінде ҚБТУ-ды аяқтап дипломға ие болып жатыр. Ендігі жерде олар да елге келіп жас буын кадрлар қатарын толықтыратын шығар. – Егер жауап беруді сұрағыңыздың соңғы сөйлемінен бастасам оған әлбетте деп жауап қайтаруға болады. Тұтастай алғанда Нұрғали Сәдуақасұлының бұл бастамасы тек оң ниеттен туғанын атап айтқан жөн. Кейіннен ҚБТУ-ға түсіп оқып жүрген оралдық студенттердің оқу ақысын төлеуде кейбір проблемалар туындаған кезде оның шешімі табылуына көмек бердік. Өмір бір орында тұрмайды. Ол үнемі өзі­нің өзгерістері мен түзетулерін алға тартады. Сөз жоқ Қазақ-британ техникалық универ­ситеті өз атауынан көрініп тұрға­нындай елге әртүрлі бағыттағы техникалық кадрлар әзір­леп беріп отырған жаңаша тұрпат­тағы іргелі оқу орны. Оның ішінде экономист және бух­галтер кадрлары да бар. Бұл тұрғыда тікелей өндіріске қажетті мұ­най-газ инженерлерін әзірлейтін Ресейдегі Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті секілді жоғарғы оқу орнының мойны әлдеқайда озық тұрғаны да талас туғызбайды. Елге қажетті болашақ мұнай-газ инженерлерін көршілес мемлекетте оқытуға бүйрегіміз бұрғаны да сондықтан. – Осындай келісім ресейліктермен тағы да жасала ма? Әлде, бұл тек бір жолғы келісім бе? – Бір жолғы келісім. Облыстан Уфа университетіне түскендер бес жыл бойы Ресей грантымен тегін оқып елге оралады. Осының өзі біз үшін аз олжа емес. – Бақтықожа Салахатдинұлы, Елбасы тарапынан облыс басшысына жүктелген міндет әрі ел-жұрт пен облыс тұрғындары сізге тапсырған аманат сан алуан деп білеміз. Соған қарамастан ел, ұрпақ болашағын ойлап бүгінде шетелдіктер басқаратын өндіріс орындары ертең түгелдей өз ұлтымыздың өкілдеріне толық көшуі үшін осы бастан қам жасап жүргеніңіз үлкен жүректіліктің, парасаттылықтың ісі деп білеміз. Ұрпақ қамы үшін жасап жатқан осындай істеріңізге қашан да сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.