Сондықтан мегаполистегі «Алматы су» мекемесі «ақылды» су құбырын тартуға байланысты ауқымды жұмыс бастады. «Алматы су» МКК бас директоры Ілияс Қазиев мәлімдеп отырғандай, кәсіпорын тек Алматы қаласын ғана емес, мегаполиске іргелес елді мекендерді де сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етеді.
Шындап келгенде жоғарыдағы мәселелерге байланысты өткен жылы да сумен жабдықтау, кәріз жүйесін жаңғырту және дамыту шаралары толас тапқан жоқ деуге болады. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізіліп, ең алдымен, нысандарды, желілер мен жабдықтарды қысқы маусымға дайындау, сондай-ақ желілердегі апатты жағдайларды азайту, су ысырабын азайту сынды істер атқарылды.
«Жазғы жөндеу науқанында кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен жалпы көлемі 103 550 шаршы метр болатын 39 таза су резервуары жуылып, тазаланды, 1,5 мың құдық, 1,9 мың вентиль, 1 050 өрт сөндіру гидранттары ауыстырылып, жөнделді, 300 шақырым су құбыры мен 450 шақырым кәріз желілері тазартылды, ең апатты 25 шақырымға жуық желі ауыстырылды», дейді І.Қазиев.
Осы арада 2022 жылға арналған инвестициялық бағдарлама сумен жабдықтау бойынша 2,8 млрд теңгені, су тарту бойынша 947 млн теңгені құрағанын айта кету керек.
Бизнес-үдерістерді ішкі оңтайландыру жүргізіліп, өндірістік және технологиялық сызбаларды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «ақылды су құбыры» цифрлы су құбырын құрудың ауқымды жұмыстары басталды.
Алайда «Алматы су» кәсіпорнының бас директоры қаладағы негізгі мәселе тозығы жеткен су құбыры желілері екенін, бұл нақты тұтынушыға су жеткізуді қиындатып отырғанын жасырмайды. Жедел қызметтер күнделікті жоспарлы жұмыстардың орнына, қазу жұмыстарын жүргізуге, сумен жабдықтау желілеріндегі апаттар мен ақауларды жоюға, содан кейін асфальттау мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Кәріз желілеріндегі жағдай да күрделі.
Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша су құбыры желілерінің тозуы пайыздық көрсеткішпен – 54,2%, яғни 1 943 км су құбыры желілерін ауыстыру қажет. Кәріз желілерінің 56,6%-ы тозған, яғни 1 мың шақырымнан астамы қайта жаңартылуға тиіс. Атап айтқанда, Талғар су құбырларының барлық желісін, қала ішіндегі магистралдық су құбырларын кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Сол сияқты Загородный мен Боралдайдағы ірі кәріз коллекторларының тозығы жеткен.
Тозу қарқынын төмендету үшін жыл сайын кемінде 104 шақырым су құбыры желілері мен 73 шақырым су бұру желілерін реконструкциялау қажет, ал қолданыстағы инвестициялық бағдарлама жылына небәрі 20-25 шақырым құбырды қайта жаңартуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда инженерлік желілердің тозу көрсеткішін бір қалыпта ұстап тұру тек жаңа желілердің есебінен ғана сақталып отыр. Кәсіпорынның жөндеу қоры толығымен су және кәріз тарифтерінің деңгейіне байланысты. Біздің қаладағы олардың бағасы республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып қала береді.
Ал бұған дейін бекітілген «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді келешегі» аясында желілер мен жабдықтардың тозу деңгейін төмендетуді жеделдету мақсатында биыл сумен жабдықтауға қоса, су бұру саласындағы жаңа тарифтік саясатын құру жоспарланып отыр.
«Инвестициялардың орнын тарифтермен алмастыру» қағидаты да инженерлік желілерді күтіп ұстауға және жаңасына ауыстыруға молырақ қаражат жинақтауға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Тұрғындарға көрсетілген қызметтер үшін ақы алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында есепке алу жүйесін автоматтандыру, «Алматы – Март Сити» тұжырымдамасы аясында негізгі коммуналдық кәсіпорындардың барлық есепке алу құрылғыларына датчиктер орнату қарастырылады», дейді «Алматы су» кәсіпорнының бас директоры.
Сондай-ақ профилактикалық жөндеу, қашықтан диагностикалау мен энергия тиімділігін арттыру үшін заттар интернеті әдістемесі енгізіледі. Осы арада ерекше тоқтала кететін жайт – халыққа судың да сұрауы бар екенін қаперге салып отыру. Сондықтан биыл тұрғындарды суды үнемді пайдалануға ынталандыру су есептегіштерін орнатпаған тұтынушыларға жаңартылған су тұтыну нормаларын енгізу жоспарланып отырған жайы бар.
Орталықтандырылған су құбырына қолы жетпейтін тұрғындарды сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылдары Қарғалы, Ақсай, Ерменсай және Барлық өзендерінің су тарту құрылыстары іске қосылып, қосылған 10 елді мекенде 280 шақырым су құбыры желісі тартылады. Бұл 232 мың тұрғынды сумен қамтуға және қаланы орталықтандырылған сумен қамтуға 100 пайыз қол жеткізуге мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ