Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл қанатқақты жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталғаны мәлім. Енді Қарағандыда жалғасын таппақ. Өйткені Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бағдарламаны бүкіл Қазақстанда іске асыруды тапсырған еді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 52,4 млрд теңге көзделген. Ал Қарағанды облысына 2023-2025 жылдарға 4,6 млрд теңге бөлінеді деген жоспар бар.
Жоба арқылы ауылдағы бұқараға кәсібін ашуға, дамытуға жағдай жасалады. Дәл қазіргі уақытта ауылдағы тұрғындар – облыста 213 мың шамасында. Бұл – пайызға шаққанда облыс тұрғындарының 18,7 пайызы. Ал деректер ауылдық жерде бизнесмендердің саны 8,5 мыңға жуықтағанын көрсетеді.
Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың айтуынша, қазіргі уақытта облыстың барлық ауданында жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобына халыққа несие мен оның шарттарын түсіндіру жүктелген.
– Ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын анықтау үшін облыстың барлық ауылдық округіне скрининг жүргізілді. Сондай-ақ аудандарда ауыл шаруашылығы кооперативтеріне беру үшін жер учаскелерін резервтеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Болжамды кепілдерді, әлеуетті қарыз алушыларды талдау жұмыстары да назарда, – дейді басқарма басшысы Асқар Санаубаров.
Екі жылға бөлінетін 4,6 млрд теңгенің биылға 2,4 млрд теңгесі қарастырылған. Осы мақсатты қаржы арқылы биыл 500-ге жуық шағын несие беру – жоспарда. Бұл ретте стартаптардың үлесі барлық берілген несиенің кемінде 30%-ын құрауға тиіс екен.
Аймақтың өз ерекшелігін ескере отырып, дамыту бағыттары анықталған. Осы орайда ауыл тұрғындары мал, өсімдік және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үшін несие алуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар басқа да бағыттар да айқындалары даусыз. Басқарма басшысының айтуынша, ол жеке дара қарастырылады екен.
Бүгінгі таңда аймақта қанатқақты жобаға қатысатын ауылдық округтер әлі де нақтыланып, сараланып жатыр. Мұндағы басты шарт – салық органдарында тіркелу және кепілмен қамтамасыз ету. Несиені мерзімі оның саласына тікелей байланысты. Мәселен, мал шаруашылығындағы шағын несие уақыты – 7 жыл. Өзге бағыттарға 5 жыл белгіленген. Несие көлемі зәкірлі ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін 2 500 айлық есептік көрсеткіш, бұл биыл – 8 625 000 теңге және 8000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 27 600 000 теңгеге дейін екен.
Негізі борыш пен сыйақы өтеуде жеңілдік кезеңді атап өткен жөн. Бұл несие мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Қарағанды облысында несие беру мамыр айында басталады.