Тарих • 06 Ақпан, 2023

Жалпыұлттық деңгейге көтерілген газет

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алаш зиялыларының табанды еңбегінің нәтижесінде патшалық жүйенің рұқсатын алған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шыққанына 110 жыл толып отыр. Осы орайда Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ» газеті және Алаш идеясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жалпыұлттық деңгейге көтерілген газет

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Конференция жұмысын ашқан университет ректоры Жанар Темірбекова баспасөз бен кітап басу индустриясының пайда болуы халықтың саяси ұлтқа айналуына әсер еткенін атап өтті. «Ортақ тарих, ортақ саяси сана, ортақ Отан ұғымдары «Қазақ» газетінің ықпалымен қалыптасты. Әрі қазақ деген саяси ұлттың қалыптасуына, саналық тұрғыдан өркендеуінде орасан рөл ойнады», деді ректор. Ал университеттің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев конференцияның мақсаты мен маңызды тұстарына тоқталды. «Қазақ» газетінің тарихы мен қиындықтары, ел мүддесі үшін атқарған еңбектері жайлы айтып өтті. Ғылыми-тәжірибе­лік конференцияға онлайн қатыс­қан филология ғылымдарының докторы, академик, «Қазақ га­зеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы «Қазақ» га­зетінің басынан өткерген сын са­ғаттары мен бүгінгі ұрпаққа қал­дырған мол мұрасын тіл­ге тиек етті. «Қазақ» газеті хал­қы­­­­мыз­дың рухани санасына ре­фор­ма жасап, жалпыұлттық дең­гей­ге көтерілгенін, ұлт­­тың мемлекеттілігі жоқ ке­зең­де елшілдік ойдың, пара­сат­тың, ұстанымның арқауын жал­ғағанын дәйектеді.

Өз зерттеулерімен бөліскен университет профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұр­сын Хазретәлінің пайымдауын­ша, «Қазақ» газетінде ғасыр бұ­рын айтылған мәселелер бүгін де өз күшін жойған жоқ. Тіл мен ұлт тақырыптарынан басқа, бүгінгі әйел теңсіздігі сияқты тақырыптарды Алаш зиялылары да қозғаған. «Қазақ» газеті­нің ақпарат таратудағы сауатты­лы­ғы, өзекті тақырыптары мен ұлт жа­на­шырлығына тоқталған ғалым газеттің шығу тарихы­на Түркістан қаласының қосқан үлесі туралы тарихи деректер келтірді. Бірінші санының қа­лай шыққанын, қаржы мәсе­лелерінің шешімі туралы ма­ңызды ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ конференция бары­сында профессор, филология ғылымдарының докторы Сей­дулла Садықов, М.Х.Дулати атын­дағы Тараз өңірлік универ­ситетінің профессоры, филоло­гия ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақов, С.Торайғыров атын­­дағы Павлодар мемлекет­тік университетінің доценті, фи­­ло­логия ғылымдарының кан­дида­ты Серік Елікпаев өз ойла­ры­мен бөлісті. Зерттеу кезең­дерімен бөліскен барлық спикерлер «Қазақ» газетінің қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегін атап көрсетті.

Конференция аясында «Қа­зақ» газеті мен Алаш зиялылары­на қатысты құнды еңбектер қо­йылған көрме арқылы студенттер­ге кітап, газет-журналдармен ке­ңі­нен танысуға мүмкіндік жасал­ды. Жиын соңында онлайн және оффлайн қатысушылар «Қа­зақ» газетінің маңыздылығын, қа­зақ баспасөзі төл тарихын дәріп­теп, жиын өткізген журналисти­ка кафедрасы мен университет ұжы­мына ризашылықтарын білдірді.

 

Түркістан